• Қаржы
  • 23 Шілде, 2021

Ақшаны қалай тиімді жинау керек?

Бұдан 13-14 жыл бұрын еліміздегі екінші деңгейлі банктер жаппай несие берумен айналысқаны белгілі. Алайда 2008 жылдың күзінде АҚШ-та басталған дағдарыс дүниежүзіне аз уақыттың ішінде тарап үлгерді. Бұл келеңсіздік Қазақстанның басына да келмей қоймады. Себебі, АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттері Қазақстанды белгілі пайыздық мөлшермен қаржыландырып келген еді.

Сырттан келетін қаржы мөлшері мардымсыз болып қалғандықтан еліміздегі екінші деңгейлі банктер уақытша несие беруді тоқтатты. Осы кезде енді несиелі адам емес, салымы бар адамдар көбейе бастады. Әрине, салымның түр-түрі көп болып келетіні анық. Соның ішінде депозиттің жөні бөлек. Себебі, инвестиция құю, құнды қағаз сатып алу сияқты салымдардың пайыздық деңгейі көп болғанымен тәуекелдің деңгейі жоғары екенін ескерген жөн. Ал депозит болса, керісінше, яғни пайызы аз болғанына қарамастан тәуекелі жоқтың қасы. Өйткені Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің көбісі, әрі кетсе 10 миллион теңгеге дейін, кепілдік бере алады. Сондықтан банкте ақша салып сақтау тиімді де оңды іс саналады.

ДЕПОЗИТТІҢ АЗ БОЛУЫНЫҢ БАСТЫ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Алайда депозиті бар қазақ сау­сақпен санарлықтай ғана. Бір ғана мысал, кез келген банкке бара қал­саңыз, депозит жағында өзге ұлт өкіл­дерінің, ал несие жағында қаракөз қандастарымыздың тұратыны жасырын емес. Депозиттің түр-түрі көп болатыны белгілі. Мәселен, тұрғын-үй үшін қарызданып депозит ашқан жерлестеріміздің саны өте көп. Алайда үй алу мақсатында емес, таза екінші деңгейлі банкте салым ашқандардың қатарында қаракөздеріміз не себептен аз деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат.

Бірнеше жыл бойы журналистік зерттеу жүргізе келе,«депозиттің болуы не болмауы адамның жала­қысына байланысты емес, адам­ның мінез-құлқына, ақшаға деген көзқарасына және ең бастысы, қар­жы сауаттылығына байланысты» екенін байқадық. Расында барлық нәрсе адамның психологиясына байланысты болатынын көбіміз аңғармаймыз. Мәселен, егер қазақ пен орыс біп-бірдей жалақы алады дейік. Күнкөрістің ең төменгі айлықтарының бірі – 50 000 теңге табады делік. Сырт көзге қарағанда екеуі де бірдей және төменгі жалақымен күн көріп отыр. Алайда арада 10 жыл уақыт өткенде айырмашылық жер мен көктей болып шыға келеді. Қазақты несие шарпып алатын болса, ал өзге пысық ұлттың банкте жеке кітапшасы болатыны шындық. Сонда қалай болғаны? Әу баста, тіпті 10 жыл көлемінде екеуі де ең төменгі айлық алды емес пе? Әлеуметтік және психологиялық факторды ашып зерттеп қарайтын болсақ, бұған таңғалатын ешнәрсенің қажеті жоқ екендігін көруге болады. Қазақ – тойшыл, қонақшыл халық. Сондықтан қазекем өзінің төменгі айлығына місе тұтпай, банктен болсын не болмаса жеке адамдардан қарызға пайыздық мөлшермен несие алады. Ал өзге ұлт өкілдерінде қазақ сияқты шашылып дастарқан жаю мүлдем жоқ. Жасай қалғанның өзінде кішігірім үстелде ғана, әрі кетсе 5000 теңгеге қонақты қарсы алып, шығарып салады. Қазекемнің қонақты қалай қарсы алатыны бел­гілі. Ал мейрамхана, асхана сынды ошақтардың басшыларының көбісі өзге ұлттар екені шындық. Тіпті ол аз болғандай, баласының дүниеге келгенін, тәй-тәй басқанын, сүндет тойы сынды әдет-ғұрыптан тұратын жоралғыға да қатты шығындалады. Ал ислам дінін ұстанатын араб, түрік, ұйғыр халықтары бұл рә­міздерді шағын ғана, шығынсыз атқарып шыға келеді. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзі хадисінде ысырапшылдықтың қажеті жоқ екендігін ескертеді.

Депозитіміздің болмауына ең алдымен өзіміз кінәліміз. Кең-байтақ жерімізді игере алмай жатқанымыз бір бөлек, өз қаражатымызды басқарып үйренуге қабілетіміздің төмен екендігі, ащы болса да, шындық екені даусыз. Сонымен қазақта депозиттің аз болуының басты себептеріне тоқталайық. Біріншіден, ақшаның қадірін білмеушілік байқалады. Яғни «ақша – қолдың кірі» деген жаңсақ пікір санамызға әбден сіңіп қалған. Екіншіден, оңды-солды, қалай болса солай, есептемей шашатын мінезіміз бар. Бұның салдарынан несиелі болып, зор шығынға батып жүрген қазақ көп кездеседі. Үшіншіден, жалқаулық қасиетіміздің әсері деп атап өтсек болады. Жұмысқа уақытында барып келумен шектеліп, қосымша қаражат көзі ретінде басқа жұмыс істеуге ерінетініміз бар. Сөз жоқ, ақша еріншек адамдарды сүймейді. Төртіншіден, әр нәрсені бағалауға, стратегиялық жоспар құрып, терең ойлай алмаймыз. Көбіміз бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге дағдыланғанбыз. Алдағы өмірге жоспарлап, қаржы жинауды үйренбегенбіз. Осыдан-ақ қаржы жиналмайтыны бесенеден белгілі. Бесіншіден, әлеуметтік фактордың да ықпалы зор. Жалақысы аз, бейнет көп қара жұмыстарда қазекемнің қызмет етіп жүргені ақиқат. Ал өзге ұлт қаржысы көп, тиімді, жинақы жерде жұмыс істейді. Бұның себебі, қазақ жалқау, шабан, жүктеген міндетті уақытысында әрі көңілден шығып атқармайды деген пікір қалыптасқан. Сондықтан ақшасы мол жерге қазақты емес, өзге ұлтты тарту жиілеп бара жатқаны өкінішті. Алтыншыдан, психологиялық тәуекелділік факторы. Орыстілді болып кеткен қазақтардың өзі қаракөздерімізді қызметке алмайды. Осыған орай көптеген жас­тар жұмыссыз жүргендіктен депозит сынды «майлы жілік» қайдан болсын. Тіпті, ақиқатына келсек, саусақпен санарлықтай депозиті бар қазақтардың басым көпшілігі орыс тілінде тәрбие алған қалалықтар болып шығады.

АЗДЫ АЛМАҒАН – КӨПТЕН ҚҰР ҚАЛАДЫ

Депозит бойынша әр банк түрлі деңгейде пайыздық мөлшерлемені тағайындап отыр. Мәселен, биылғы жылдың мәліметі бойынша, RBK банкінің «Safe» атты депозиті 3 айға 9,5 пайызбен, 24 және 36 айға 11,4%, ал 1 жылға 13,5% мөлшерлемені бекіткен екен. «Нұрбанк» осындай пайыздық мөлшерлемемен салымшыларын қуантыпты. Бір жыл, яғни 12 айға депозит ашқандарға пайыздық үлес көп болатынын  аңғаруға болады. 12 ай бойынша тиімді пайызды ұсынып отырған банктердің қатарында осылайша «Altyn Bank» (13,2%), «Банк Хоум Кредит» (13,1%), «Halyk Bank»(13,0%), «Еуразия Банкі» (12,5%), «ЦентрКредит Банкі» (12,4%), «Jusan Bank» (11,9%), «ВТБ Банкі» (11,6%), «Фридом Финанс Банкі» (10,5%), «Сбербанк» (10,8%) кіреді екен. Көп адам «Kaspi Bank»-те кез келген операция жасаған ыңғайлы деген пікірге келген. Иә, расында да бұл банк аптасына демалыссыз 7 күн жұмыс істейді әрі клиенттеріне қолайлы қызметтің бәрін қарастырып жасаған. Сондықтан бұл банкте де салым ашқандардың қарасы көп. Алайда «Kaspi Bank» қазір бір жылға 9 пайыздық (8,65%) мөлшерлемемен сыйақы тағайындап жүр. Бір қуантатыны, кейбір халықтың сауаттылығы бар екенін аңғаруға болады. Өйткені жоғарыда аталған банктердің тиімді мөлшерлемесі көп болғанымен кез келген уақытта аталмыш банктердің жабылып қалуы мүмкін. Жыл сайын лицензиясынан айрылған банктердің қатары көбейіп келе жатқанын да естіп жатамыз. Ал клиенттері көп «Kaspi Bank»-тің жақын арада шығынға ұшырайды дегенге келісуге болмас. Тіпті бұл банк 2015 жылы теңге құнсызданып, доллардың бағасы 187 теңгеден 310 теңгеге дейін күрт өсіп кеткен кезде қарап қалған жоқ. Бұған мысал, 2016 жылдың басында пайыздық мөлшерлемені 15 пайызға дейін көтерген болатын.

Жасыратыны жоқ, көп адамның қаржы сауаты жетіспейді. Осының салдарынан ақшасын біреуге қалай ұстатып беріп жүргенін білмей, жем болып жүрген азамат аз емес. Екінші деңгейлі банктердегі депозитке келгенде түсетін ақшасы тым аз деп қырын қарап, шетелдік түрлі инвестициялық компанияларға сенім артқандардың саны жылдан-жылға өспесе, азаймай тұр. Оңай жолмен баюды мақсат тұтқандар шетелдік пирамидалардың тиімділік пайызы жоғары дегенге қатты иланатын болыпты. Мәселен, 2016 жылы «Квестра Ворлд» деген компаниясы салымшыларға салған ақшаның пайызын депозиттікіндей айына бір рет емес, апта сайын 5-тен бастап 15 пайызға дейін өсіреді деген желеумен көп адам қарызданып жүріп сол қаржысын салды емес пе?! Неғұрлым көбірек салсаң, соғұрлым пайызы көп болады, деген ақпараттың тез тарауымен елдің қызығушылығы артты. Банктегі жылдық көрсеткіші орташа есеппен алғанда 11,4%, ал айына 1 пайызға жетпейтінін, бұдан бөлек «Квестра Ворлдта» апталап, айына орташа есеппен салған ақшаның 28 пайызын алуға болатынын естіген халық шетел компаниясына толығымен сеніп қалды. Тіпті 2017 жылдары журналист қауымының біразы да осы компа­нияға кіргенінен хабардар болдық. Көп ұзамай 2017 жылдың көктемінде бұл компания жабылып тынды. Қар­жы сауаттылығының жоқтығынан біресе испандық, біресе украиндық деп танылған жалған компанияға қарызданып кірген азаматтарымыз бармағын тістеп қалды. Ақырында пайда табамын деп шығынға ұшырап, бұрынғы несиесі аздай, қарызы одан әрі ұлғайғандардың саны қаншама? Тіпті жалған компанияға сенемін деп үйінен, көлігінен айрылғандар да аз емес.

Бұл жерде қазақтың «азға қанағат тұтпаған көптен құр қалады» деген мақалы еске түседі. Рас, екінші деңгейлі банктердің депозиттегі пайызы тым аз. Бірақ банк шетелдік валюта   бойынша 5 миллион теңгеге дейін, ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 миллион теңгеге дейін, ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша 15 миллион теңгеге дейін кепілдік бере алады. Өйт­кені, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Ұлттық банкінен депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге лицензия алған әрбір банк міндетті түрде депозиттерге кепілдік беру жүйесінің мүшесі болады, демек, мұндай банкте орналастырылған депозит ҚДКҚ-мен қорғалады. Банк пайыздық мөлшерлемені уақытында төлеуменен ерекшеленеді. Тіпті лицензиязынан айрылған банктердің өзі салымы бар адамдарға жарты жылдың ішінде қаржысын толық қайтарады.

Депозит ашқан адамдарға да қаржы сауаттылығы қажет-ақ. Алдымен қай банкке салатынын әбден жоспарлап алыңыз. Сол банктің болашағы барма, жоқ па, соны зерттеп алғаныңыз жөн. Көп ұзамай лицензиясынан айрылып қалса, Сізге салған ақшаңызды қайтарып берер, бірақ пайызын қосып қайтарып бермейтіні белгілі. Сондықтан бұл жағынан келгенде уақыт жағынан ұтылмағаныңыз жөн. Екіншіден, тым көп қаржы салмаңыз. Мәселен, 3 бөлмелі үйді 25 миллионға сатып уақытша депозитке орналастырамын десеңіз, барлық қаржыны бір банкке салмай, оның орнына 3 банкке бөліп салуға болады. Үшіншіден, пайызы жоғары деп ашылғанына көп болмаған банкке қатты сенім білдірмеңіз. Пайызы азырақ болса да, сенімді банк болса, соған жүгініңіз. Төртіншіден, салатын банкте кепілдігі бар ма, жоқ па, соны мұқият зерттеп алыңыз. Бесіншіден, басқа ойға кетіп қалудан аулық бо­лыңыз. Мәселен, банкте пайыздың көрсеткіші аз деп шетелдік инвестиция немесе пирамидаларға сеніп қалудан аулақ болыңыз. Алтыншыдан, тапқан қар­жыңыздың кем дегенде оннан бір бөлігін, яғни 10-15 пайызын әр ай сайын депозитке арнап қойыңыз. Міне, осындай қарапайым ғана сауаттылықтың өзі ақшаңыздың жоғалмауына кепілдік бермек.

Нұрлан ҚҰМАР

 

1080 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы