• Қаржы
  • 23 Шілде, 2021

Біздегі тұтыну себеті үлкен сынға ұшырап келеді

Жасұлан Кушебаев, 
қаржыгер

Ең төменгі күнкөріс деңгейі бұл белгілі бір өмір сүру деңгейін ұстап тұруға қажет ақша мөлшері, оған тамақ пен қызмет көрсету секілді негізгі шығындар кіреді. Алайда бұл ұғым экономикалық анықтамада адамның тамақ көлемін физиологиялық нормаларға сай мөлшерде алуға, сондай-ақ оның киімге, аяқ киімге, тұрғын үйге, санитарлық-гигиеналық заттарға, көлік қызметтеріне қажетін минималды деңгейде қанағаттандыру үшін қажет ақша мөлшері ретінде сипатталады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі мынандай себептер бойынша қолданылады:

• әлеуметтік саясатты және әлеуметтік бағдар­лама­ларды әзірлеу мен жүзеге асырудағы Қазақстан хал­қының өмір сүру деңгейін бағалау;

• республикалық деңгейде белгіленген ең төменгі жалақы мен ең төменгі зейнетақы мөлшерін негіздеу, сондай-ақ шәкіртақы, жәрдемақы және басқа да әлеу­меттік төлемдер мөлшерін анықтау;

• аз қамтылған азаматтарға қажетті мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын әділ әрі шынайы бағалауда ең төменгі күнкөріс мөлшерін дұрыс анықтаудың маңызы өте жоғары. Өйткені Қазақстандағы барлық әлеуметтік төлемдер, мысалы, зейнетақы, жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейімен анықталады. «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес бүгіні республикада ең төменгі күнкөріс деңгейі – айына 34 302 теңге. Дегенмен аймақтар бойынша бұл көрсеткіш бірдей емес. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері Шығыс Қазақстан облысында (30,6 мың теңге), ал төменгі мөшері Жамбыл облысында (25,5 мың теңге).

Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырады. Оның мөлшері жан басына шаққанда яғни еңбекке қабілетті халыққа, зейнеткерлерге және балаларға жеке-жеке белгіленеді. Ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу тұтыну себетін есептеумен тікелей байланысты. Бір адамның бір айда өмір сүруіне қажетті азық-түлік тізімі тұтыну себетінде көрсетіледі. Қазақстанның тұтыну себетінде 43 түрлі азық-түлік өнімі тіркелген. Бұл азық-түлік өнімдерінің бағасы – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55 %-ы, ал қалған 45 %-ын азық-түлік емес өнімдер мен қызметтер алады. Жалпы, еліміздің тұтыну себеті мамандар тарапынан үлкен сынға ұшырап келеді. Өйткені, онда көрсетілген азық-түлік өнімінің мөлшері бір адамның бір айлық өміріне жетпейтіні талай мәрте айтылған болатын. Дамыған мемлекеттердің тұтыну себеттерін талдайтын болсақ, ол елдердің себетінде көрсетілген өнімдер саны 300-ден асып кетеді. Мысалы, Ұлыбританияның тұтыну себетінде 350 өнім болса, АҚШ-та ол көрсеткіш 300 өнім. Бұл факті еліміздің тұтыну себеті Батыс елдердің себеттерінен әлдеқайда жұтаң екенін көрсетеді. Сонымен бірге еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің есептеу әдісінің нарыққа үлгермей келе жатқанын да аңғаруға болады.  Оған дәлел 2015 жылдың 1-қаңтарында ең төменгі күнкөріс деңгейі елде 21 364 теңге болса, сол жылы 1 доллар 185 теңге еді. Нарық заңына сәйкес, доллар өссе, елге импортталатын  азық-түліктің де бағасы пропорционалды өседі. Қазіргі күні 1 доллар - 420 теңге. Яғни 2015 жылдан 2021 жылға дейін 1 доллар 227 пайызға өссе, ең төменгі өмір сүру деңгейі 160 пайызға өскен. Бұл елге ең төменгі күнкөріс деңгейін нарыққа сай есептейтін экономикалық реформалар қажет екенін білдіреді.

Жоғарыда атап өткеніміздей,  2021 жылдың 1-қаң­тарында республикада ең төменгі күнкөріс деңгейі – айына 34 302 теңге. Демек, үкімет адам өмірін қамтамасыз етуге қажет азық-түлік өнімдерін сатып алуға 18 866 теңге, ал өнеркәсіптік тауарларды сатып алуға және қызметтерге ақы төлеуге 15 436 теңге бөлді. Қазақ­станның кез келген аймағында жұмыс істейтін адам бір ай бойы осындай мөлшерде өмір сүре ала ма? Әрине, жоқ. Егер біз ең төменгі күнкөріс сомасының барлығын тамақтануға жұмсасақ, онда күніне 1 143 теңгеден тиеді, бұл жұмыс істейтін адамға, әлбетте, жеткіліксіз. Сонымен бірге жұмыс істейтін адамға киім, ең болмағанда тұрмыстық заттардың ең аз жиынтығы (дәретхана қағазы, кір жуу ұнтағы және т.б.), сондай ақ ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар қажет. Бастысы, тұрақты өсіп келе жатқан коммуналды төлемдерді төлеуге де қаражат керек болады. Ал біздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі бұл қажетті мүлдем өтей алмайды.

Сондықтан, еліміздегі өмір сүру деңгейін жақсарту үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің әдістемесін қайта қарауы тиіс. Тұтыну себетін есептеудің қолданыстағы әдісі ең төменгі қажеттіліктің күнкөріс деңгейіне негізделгендігін түсінуге мүмкіндік бермейді. Ең алдымен тұтыну себетін құрамы мен есептеу әдістемесін жетілдіру керек. Экономикалық жоспарлау және статистикалық есепке алу үшін осы көрсеткіштің аналогтары әлемнің барлық дерлік елдерінде қолданылып, әр түрлі есептеледі. Көп елдерде ең төменгі күнкөріс деңгейі минималды жалақымен тең. Халықаралық тәжірибеге сәйкес тұтыну себетін 5 жыл сайын қайта қарау керек. Бірақ Қазақстанда азық-түлік себеті соңғы рет 2006 жылы өзгертілген. Осыған байланысты тамақтану институты мамандарын тарта отырып, таяу уақытта азық-түлік себетінің құрамын өзгерткен дұрыс қадам болып саналады.

1374 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы