• Өндіріс тынысы
  • 23 Шілде, 2021

Құрыштар шыныққан жер

Тау-кен металлургия өндірісі отандық экономика флагмандарының бірі, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін сала болып қала береді.

Металлургия өнеркәсібіне өңдеу өнеркәсібі көлемінің жартысы тиесілі. Соңғы 10 жылда саладағы өндіріс көлемі 3,5 есе өсті (2010 жылы – 1,6 трлн теңге, 2020 жылы – 5,6 трлн). Еңбек өнімділігі 3 есе артты (2010 жылы 10,4 млн теңге/адам, 2020 жылы 31,8 млн теңге/адам). Бүгінде өндірістік кәсіпорындарда 83 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнеркәсіп өндірісіндегі жұмысшы мамандықтарының көптігі өмірге бүкілхалықтық салалық мерекелердің пайда болуына әсер етті. Соның бірі – ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің кеннен немесе басқа да материалдардан металл алу процестерін, сондай-ақ металл қорытпаларға олардың химиялық құрамы мен құрылымын өзгерту арқылы қажетті қасиеттер беру процестерін қамтитын сала – металлургия үшін де атаулы күн бекітілген.

Елімізде металлург күні ҚР Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығы бойынша шілденің үшінші жексенбісінде аталып өтіледі.

Металлург күніне орай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сала кәсіпорындары өкілдерімен кездесу өткізді. Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, бейресми форматта ұйымдастырылған кездесуде металлургтерді толғандырып жүрген саладағы өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары талқыланды. Мамандар даярлау, жалақы, еңбек жағдайларын жақсарту сияқты тақырыптар қозғалды. ИИДМ басшысы кездесуге қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ конверторы-болат балқытушысы Василий Пастухқа, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ электродтар өндіру цехының анод-монтаждау учаскесінің 6-разрядты анод құюшысы Нұролла Матаевқа, «Қазхром «ТҰК» АҚ ферроқорытпалар балқытушысы Бейсембай Күлшәріповке, «Қазмырыш» ЖШС инженер-металлургы Жамбыл Естаевқа және «Феррум» ЖШС металлургі Әбдірашит Омаровқа саланың дамуына қосқан үлесі мен ерен еңбегі үшін алғыс хаттар табыс­тады.

Бұл сектордың бірегей, қуатты өкілі – елдегі негізгі мыс өндіруші Қазақмыс компаниялар тобы болып табылады. Қазіргі кезде мыс алыбының бөлімшелерінде 37000-ға жуық жұмысшылар арасында 5000-нан астам металлург жұмыс істейді. Кәсіпке биік жауапкершілікпен қарайтын от пен металды бағын­дырушы майталмандардың еңбегі корпорацияда айрықша аталды. Заманауи жабдықтар енгізіліп, технологиялық процестер жетілдіріліп жатқан, жаһандық процестің ажырамас бөлігіне айналған кәсіпорында алға қойылған міндеттер табысты атқарылып, еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігі арта түсуде. Дәстүр бойынша кәсіби мереке құрметіне жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізген металлургтердің үздіктері марапаттармен – құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен, салалық төсбелгілермен және «Құрметті металлург» жоғары атақтарымен марапатталды.

Айта кету керек, биыл Жезқазған мыс балқыту зауыты да өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтуде. Осы маңызды датаның құрметіне компания басшылығы үздік қызметкерлерді 14 автокөлікпен сыйлай отырып, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Осы мерекелерде қазақстандық металлургияның қалыптасуы мен дамуының бастауларында болған, ұзақ жылдар бойы кәсіпорынның берік негізін қалаған, дәстүрлерін құрған және өндірістің дамуына үлес қосқан барлық адамдардың еңбегі паш етіледі. Олар – кәсіби шеберліктің барлық сатыларынан өтіп, өз тағдырларын от элементімен және ыстық металдың жарқыраған жылтырымен байланыстырған азаматтар. Металлург мамандығы – батыл, төзімді және ерік-жігері мол адамдардың таңдауы. Бұл зейіннің жоғары шоғырлануын қажет ететін ауыр дене еңбегімен байланысты мамандық. Және қиын да қилы жұмыс жағдайларына қарамастан, әлі де үлкен сұранысқа ие.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы