• Қаржы
  • 23 Шілде, 2021

Экономикамыз індетке төтеп бере ала ма?

«Ауру айтып келмейді» деген бұрынғының даналығы қазіргі індеттің салдарынан бастан кешіп отырған халық жағдайын айнытпай көз алдымызға әкеледі. Оның үстіне коронавирустың жаңа штамы (дельта) биліктің еліміздегі карантинді одан әрі қатайта түсуіне мәжбүрлеп отыр. Ал бұл экономикамыздың нендей күй кешуіне алып келіп соғар екен? Шолуы­мызда жекелеген сарапшылар пікірін де келтіре кетпекпіз.

AERC (Қолданбалы экономика зерттеулері орталығы) консалтинг­тік қызметтер департаментінің жетекшісі Әсем Хусаинова жаңа штамдардың пайда болуы іскерлік белсенділікті әлсірету қаупін туындатады деп атап көрсетті. Бұл бизнес үшін жаңа шектеу шараларын енгізу мәселелерімен байланысты қиыншылықтар ала келеді. Бұдан басқа, осындай ішкі қиыншылықтардан өзге, сыртқы сұраныстардың нашарлап кету тәуекелдерін туындатуы әбден мүмкін. Өйткені, штамдар басқа елдерде де кеңінен тарап жатыр.

«Осының бәрі жинақтала келе, еліміз дамуының өсімі қарқынына жайсыз әсерін тигізуі мүмкін. Осыдан сәл бұрынырақ республика премьер-министрі Асқар Мамин ағымдағы жылдың I жартыжылдығында еліміз­дің ЖІӨ-нің өсімі 2,2% құрады деп мәлімдеген болатын. Үкімет басшы­сының пайымдауынша, жыл қоры­тындысы бойынша экономикамыз 3,7 – 4%-ға өседі. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде (2021 жылдың 10-шілдесі – «Tenge Monitor») II жартыжылдықта өсім қарқынын арттыру қажеттігін айтқан болатын. Бұл ретте ол «коронавирус өмірімізге ендеп кірді, енді соған бейімделуіміз және сондай жағдайда өмір сүруге үйренуіміз қажет» деп атап көрсетті, сондықтан да бизнеске қатысты шектеу шараларын қолданғанда жағдайға бейімді­рек басқаша тәсілдер қолдануымыз керек. Осындай талаптарды салыс­тырмалы түрде қарастырар болсақ, президенттің іскерлік белсенділікті арттыру үшін бизнес жұмысына қатаң тыйымдарды алып тастау қажеттігін меңзеп отырғанын аңғаруға болады. Алайда, содан бір-екі күн өтісімен карантиннің қатайтылғаны туралы жаңалықтарға қайтадан куә болдық. Үкіметке шын мәнінде бизнеске қатысты шектеу шараларын қайта қарастыру керек деп есептейміз», – деді ол.

Дегенмен, Ұлттық статистика бю­росының мәліметтеріне сәйкес, 2016-2019 жылдар аралы­ғында іс жүргізу­дегі ШОБ субъектілері санының орташа жиынтық өсу қарқыны 4%-ды құрапты. 2020 жыл­дың қо­рытындысы бойынша олардың саны 1,33 млн-нан 1,35 млн-ға дейін, яғни, 2%-ға артқан.

«2021 жылдың мамыр айындағы соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде жұмыс істеп жатқан 1,37 млн ШОБ субъектісі бар екен. 2020 жылмен са­лыстырғанда бұл көрсеткіш 1,1%-ға артқан, ал егер өсімнің жылдық қарқынын қарастырар болсақ, ол тиісінше, 2,9% құраған. ШОБ саны өсуінің қарқыны баяулағаны айқын аңғарылғанымен, жайлы серпін сақ­талғаны қуантады. Сондықтан да биыл ШОБ саны азаяды деп анық айта алмаймыз», – деп түсініктеме береді Хусаинова.

Бұл ретте сарапшы шектеулер деңгейі бизнестің өз іс-қимылымен байланысты екенін де растап отыр. Оның пікірінше, Ashyq жүйесі – тиімді шара, алайда оның іске асырылуына көңіл толмайды.

«Бұл жерде біздің адамда­рымыз­дың жауапкершілігі жағынан жалпы деңгейінің төмендігі байқалып қала­ды, олар бұл құралды жоқа шығарады, кейде тіпті агрессия танытып та жатады. Өзімнің жеке тәжірибемнен, Ashyq жүйесіне қатысушылардың бәрі бірдей өз ғимараттарына кіру­шілерді түгелдей тексеріп жатқан жоқ деп айта аламын. Сайып келгенде, бұл жәй әшейін, оларға кіргізуге рұқсат берілген билет сияқты бол­ғаны ғой. Мұндай механизмнің, тек белгі соғу үшін қажеттілік болып қалмай, нақты қолданылуы үшін Ashyq қол­данушыларына бақылау қатаң­датылуы тиіс», деп кеңес береді сарапшы Ә.Хусаинова.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­­дастығының (ҚҚҚ) жетекші сарапшысы Рамазан Досов болса, COVID-19 індеті жаңа штамдарының елімізде және әлемде пайда болуы мен таралуы біздің ел экономикасына екі негізгі арна арқылы жайсыз әсерін тигізбек.

Біріншісі – карантиндік шектеу­лердің қайтып оралуы салдарынан әлемдік экономика өсуінің қалпына келуі баяулайды, соның әсерінен, бұл Қазақстанның шикізаттық экспортына сұраныстың төмендеуіне әкеліп соғады.

Екіншіден, бұл елімізде ковидке қарсы қатаң шаралар енгізі­луіне мәжбүрлейді де, іскерлік белсен­ділік­тің, бірінші кезекте  қызмет көр­сету секторы жұмысының баяулауына әкеп ұрын­дырады.

«Бұл ретте, жоғары дең­гейдегі тұрлау­сыздық салдарынан, COVID-19 індеті жаңа түрлерінің бол­жамды ауқымдары мен таралуы қауіп-қатерлерін бағамдау айтар­лықтай қиын. Коронавирустың, сарап­шы­лардың ағымдағы кезеңдегі баға­лауларынша, ортамерзімді кезеңде (екі-үш жылдай) бізден ажырай қоймайтынын түсінуіміз аса маңызды. Біз басқадай да, нақ осындай күйдегі жағдайдың өзінде, қалпына келу болжамы өсуінің қарқынында айтарлықтай өзгерістер күтіп отырған жоқпыз. Мәселен, ҚҚҚ-ның шілдедегі кәсіби мамандар арасындағы сұрау салу қорытындылары бойынша, олар өздерінің 12 айдан кейінгі ІЖӨ өсуінің қалпына келуін бағалауларын 3,9%-ға (маусымда бұл 3,5% болған еді) жоғарылатқан, – дейді Досов.

Нақ осы сұрау салулар барысында респонденттер – қысқа мерзімді келешекте (тамыз айының басына) де, сондай-ақ алдағы 12 айлық кезең көкжиегінде де – теңге ба­ғамының айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды деп күтпейтіндерін атап көрсетті.

«Мәселен, USD/KZT жұбы бойынша бағам бір айдан кейін 1 АҚШ долларына 428,1 теңге, ал бір жылдан кейін – $436 болады деп болжанған. Белгіленген болжамдар, бәлкім, түйінді сыртқы факторлар – мұнай бағасы мен рубльдің бағамы бойынша жағымды болжамдарға негізделсе керек. Өз кезегінде, Brent бағасы бір барреліне 74,6 АҚШ долларын құраса, USD/RUB жұбы бойынша бағам – 1 долларға 74,2 рубль деп болжанған. Ал, инфляция бойынша орташа болжамдар бір жылдан кейін 7,1%-дан 7,4%-ға дейін ойысқан», – деп қорытады Р. Досов.

Еске салар болсақ, Алматы қала­сының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, оңтүстік астанамызда індетті жұқ­тыруда дельта-штамм «еншісіне» 78% бұйырыпты.

Ведомствоаралық комис­сияның 16 шілдедегі мәліметіне сәйкес елімізде 5,3 мыңнан астам адам коронавирусқа шалдыққан. Мейлінше өсім Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыда тіркелген.

Исатай ҚАМБАРОВ

1023 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы