• Агроинновация
  • 23 Шілде, 2021

Түбегейлі реформа қажет

Ғылым мен техниканың дамуы адамзаттың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасағанымен, экологияға кері әсерін тигізуде. Әсіресе, соңғы онжылдықтарда өнеркәсіптің көмірсутекті шикізатты шамадан тыс пайдалануы климаттың жылдам өзгеріп, ауа райының күрт жылынуына себепкер болды, деп атап өтеді ғалымдар. Бұл нәубеттен әлем елдерінің барлығы да зардап шегіп отыр. Орталық Еуропадағы нөсер жауын, су тасқыны осыған айғақ. Ал, еліміздің барлық өңірлерін биыл қуаңшылық жайлауы, Арқада алапат өрт тұтануы билік тұтқасында отырған атқамінерлерден ең алдымен ауыл мен аграрлық шаруашылықтың ахуалына баса назар аударуды, саланы басқаруды жетілдіріп, соңғы кездері жиі туындап әрі келешекте болжанып отырған төтенше жағдайларға икемдеуді талап етеді. 

Жуырда Президент Қ.Тоқаев агрокешен басшылығының самарқаулығы салдарынан еліміз экономикасы шеккен зиянға талдау жасай келіп, олқылықтардың орнын толтыруды талап етті, кінәлілерді жауапқа тартты. Іле-шала үн қосқан көзіқарақты қауым бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ортаға ой тастап, тығырықтан шығу жолдарын алға тартып жатыр. Көпшілік талқысына тасталған ұсыныстардың басым бөлігі қыстан қысылмай шығып, жазда жауынға жалтақтамау үшін жеткілікті жем-шөп қорын жасауға қатысты. Дәйекке жү­гінсек, маркетингтік зерт­теу­лердің нәтижелері бойынша соңғы үш жылда Қазақ­станда мал мен жем өндірісі орташа қарқынмен өсіп келген. Талдау көрсеткендей, мал азықтық дақылдарға бөлінген алқаптардың қысқарғанына қарамастан, республикада ауыл шаруашылық түлігіне арналған дайын жем-шөп көлемі ұлғайып отыр. Ауыл шаруашылық жерлері, соның ішінде жайылымдар жеткілікті. Мал басын жем-шөппен қамтамасыз етудің негізгі көздері табиғи және екпелі шабындықтар, мал азықтық дақылдарды өсіруге арналған егістік болып табылады. 2019 жылы елдегі егіс алқаптарының жалпы ауданы 22,135,8 мың га болды, оның шамамен 15 пайызы азықтық дақылдар үлесіне тиесілі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде қарас­тырылған жалпы шығындар 2774,6 млрд теңгеге шықты, оның ішінде 2017 жылға 372,7 млрд теңге; 2018 жылға 454,4 млрд теңге; 2019 жылға 507,6 млрд теңге; 2020 жылға 660,2 млрд теңге бөлінген. Ал, биылғы 2021 жылға 779,5 миллиард теңге қарастырылыпты. Сомалар тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік бюджетке сәйкес инвестициялық бағдарламалар, агроөнеркәсіптік кешенге қа­тысты кіші бағдарламалар және өңірлердегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламалары негізінде түзілген (қараңыз: https://marketingcenter.kz/20/rynok-selskoe-khoziaistvo-kazakhstan.html).

 

 

Бағамдап отырсаңыз, бөлінген қаражат көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын байқайсыз. Ендігі әңгіме осы қаржының қалай пайдаланылып жатқаны хақында. Ұстағанның қолына, тістегеннің аузына түсірмей, мақсатқа орай жұмсаған жағдайда бұл сомалар мал төлдету мен қыстауға құлату, егін егу, күзгі жиын-терін мен шөп шабу сынды шаруақор жұртты байыз таптырмайтын науқандарды ойдағыдай өткізуге де, оның сыртында ауылдық аумақтарды дамытуға да жетіп артылар еді. Ал, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты міндет болып табылғандықтан Үстірт пен Аралда қырылған малға қоғам белсендісі Құрмет Талапқазы бастап, бүкіл ел болып қаржы жинамастан бұрын шығын стратегиялық қордан жабылуы қажет еді. Тілге тиек етіліп отырған қуаңшылық, зілзала, топан су, өрт сияқты табиғи апаттар жалға­сып жатқан жағдайда халықты аман алып қалу үшін әдетте стратегиялық қор, материалдық-техникалық резерв жасақталады. Жоғарыда атап өткеніміздей, ауыл шаруашылығы министрлігінің ел басына күн түскенде апталап үнсіз қалып, еш әрекетке бар­мауы, төтенше жағдайлар қызметінің, мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің   зиянға батқан аудандарға, зардап шеккен малшыларға, шөпші-механизаторларға қол ұшын бермеуі стратегиялық қордың талан-таражға түсіп, бөлінген қаржының желге ұшып кеткенін көрсетсе керек.

Жалпы, аграрлық кешенді өркендету жөнінде қолға алынып жатқан «Ауыл жылы» сынды мемлекеттік бағдарламалар, заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер жеткілікті. Со­лар­дың бірі – «Агроөнеркәсіптік ке­шенді және ауылдық аумақтар­­ды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заң. Онда мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету басты міндет ретінде көрсетіл­ген. Құжатқа сәйкес азық-түлік тәуелсіздігі – азық-түлік тауарларын басқа мемлекеттерден жеткізу тоқтатылған жағдайда мемлекет отандық өндіріс есебі­нен оларға нақты қол жеткізуді қамтамасыз етуге қабілетті болатын экономиканың жай-күйі. Заңда сондай-ақ ішкі азық-түлік ресурстары түсінігіне «белгілі бір уақыт кезеңінде республика аумағында өндірілетін азық-түлік тауарларының болуы» деген анықтама берілген. Ал, қазіргі орын алып отырған жағдайда осы ресурстарды жасақтай алу, импортқа жүгінбеу мәселесі күмән тудырып отыр. Заңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өлшемдері мен негізгі бағыттары ретінде азық-түлік тауарларына нақты қолжетімділік көрсетіліп, негізгі бағыттары ретінде ішкі аграрлық азық-түлік нарығын жетілдіру, оның ішінде отандық ауыл шаруашылығы өнімі мен оның тереңдете қайта өңделген өнімдерін өндірушілерді қолдау арқылы молықтыру үшін қажетті жағдайлар жасау, орталық атқарушы органдар мен жергілікті өкілдер және атқарушы органдардың агроөнеркәсіп­тік кешен субъектілерімен өзара іс қимылы аталған. Бірақ, көріп отырғанымыздай, заң талаптарының басым бөлігі орындалмаған, сондықтан да лауазымды тұлғаларды белгілен­ген жауаптылыққа тартып қана қоймай, сонымен қатар саланы түбегейлі реформалау қажет.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

688 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы