• Ақпарат
  • 22 Шілде, 2021

Вакцина – індетті тоқтатудың бірден бір жолы

Бүгінгі күні елімізде вирусқа шалдыққандар қатары көбейіп, Қазақстан өңірінің түгелге жуығы қызыл аймаққа кірді. Ақпараттық мәліметтерге сүйенсек, бірінші орында Нұр-Сұлтан қаласы, кейінгісі оңтүстік астанамыздың еншісінде екен. Айтып айтпай не керек, қазіргі таңда әлемді жайлаған індеттің таралу қарқынының бәсеңдеуі былай тұрсын, тіпті сағат сайын жеделдеуі қорқыныш ұялатады. Бұдан екі жыл бұрын пайда болған аты жаман вирусты тоқтатуға қарсы тіпті экономикасы мен медицинасы дамыған алпауыт елдердің де шамасы жетпей келеді.

Елімізде вирустың алдын алу мақсатында дүниежүзінде алғашқы тіркеуден өткен ресейлік «Спутник V», артынша вакциналау процесіне отандық өндіріс – QazCovid-In препараты клиникалық сынақтардан өтіп, қолданысқа енді. Коронавирусқа қарсы екпені үстіміздегі жылдың 1 ақпанында қауіптілік санатына жататын медицина қыз­меткерлеріне, бірінші кезекте инфекциялық ауру­ханалардың, жедел медициналық көмектің, ре­анимация және ин­тенсивті терапия бөлімшелерінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақ­тау ұйымдарының, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының персоналдарына, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлеріне жүр­гізілгені белгілі. Одан кейінгісі кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Кезінде вакцина жасау ерікті түрде тек вакцина жасалатын адамның келісіміне сәйкес атқарылады деп айтылса, қазіргі күні сани­тарлық-эпидемиологиялық ахуалдың тө­мендеуіне байланысты елімізде халыққа қалай да болса жаппай екпе салдыртып, індетті төмендету қа­жеттігін мамандар құлақтандырып келеді. Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері 111 елде анық­талған үндінің «Дельта» штамы індеттің өршуіне себеп­ші екендігін, таяу арада ол коро­на­вирустың негізгі түріне айнала­тындығын, сол үшін індет­тен құтылудың бір жолы – екпе салдыру керектігін мәлім­дейді.

Өткен аптада еліміздің Ден­саулық сақтау министрлігі ресей­лік «Спутник Лайт» екпесін тіркеді. Бұл екпенің басқаларға қарағанда айырмашы­лы­ғы қандай деген сауалымызға: «Жаңа екпенің құрамы – Мәскеудің Н.Ф. Гамалей атындағы ғылыми-зерттеу орталығынан дайындалған Спутник V вакцинасының компоненті. Вакцина қазақстандықтардың таңдау мүмкіндігін арттыру үшін ұсынылып отыр. Бұған дейін сол вакцинаны алғандар «Спутник Лайтты» қайта қолдана алады. «Спутник Лайт» – SARS-CoV-2 вирусы тудыратын коронавирус инфекциясын алдын алудағы 0,5 мл/дозадағы векторлық вакцина. Жалпы вакцина салу коронавирус инфекциясының көбеюін тоқтатуға және эпидемиология­лық жағдайды қалыптастыруға көмектеседі. Сол үшін азаматтар вакциналаудан қаш­пай, өзі үшін де жақындары үшін де салдыр­ғаны дұрыс» – деп жауап берді С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Эпидемиология» кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев.

Бүгінгі таңда «Спутник Лайт» – Қазақстанда қолдануға рұқсат берілген бесінші вакцина. Бұған дейін елімізде «QazVac», «Спутник V», «Hayat-Vax» және «Коронавак» вак­­циналары пайдаланып келген еді.

Аталған вакциналардың еш-қайсысы да 18 жасқа дейінгі ба­ла­лар­ға егілмеген. Бірақ, соңғы уа­қыт­та балалар арасында үнді штамы таралып, вирусты жұқ­тыруына байланысты мемлекет Pfizer вакцинасын 12 жастан асқан балаларға салуды қарастыруда. Бүгінгі күні оңтүстік астанада індеттің таралуы бойынша 629 симптомдық, 81 симптомсыз 710 жаңа жағдай тіркелген. Қаладағы инфекциялық стационарларда (5 200 төсек-орын) 3 055 адам (оның ішінде 212 балалар) емделіп жатыр. Hiqh flow-да 81 аппарат үздіксіз жұмыс істейді. Алматыда бір тәулік ішінде 2 800 адам екпе салдырған. Биылғы жылдың 1 ақпан – 20 шіл­де айлары аралығында екпенің 1-компонентін 661 369 адам алған. Оның ішінде 94 058 адам 60 жастан асқандар. Медициналық ме­кемелер, мектептер, мәдениет және спорт нысандарында, базарлар мен қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында 212 екпе пункттері қамтамасыз етіліп, 308 вакциналау бригадасында 1 260 медицина қызметкерлері жұмылдырылғандығын мәлім­деді Алматы қаласы Қоғам­дық денсаулық басқармасының бас­пасөз қызметі.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

14226 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы