• Аймақ тынысы
  • 29 Шілде, 2021

Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Ақтөбеде болды

Премьер-министр Асқар Мамин Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныс­ты.

Үкімет басшысы алдымен «Ақтөбе» индустриялық айма­ғында орналасқан «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытын аралады. Кәсіпорын жылына 5 млн шаршы метр керамогранит пен керамикалық плитка шығарады екен. Ал, жобаға салынған инвестиция көлемі – 9,2 млрд теңге. Кәсіпорында 200-ден астам жұмыс орны құрылған.

Асқар Мамин өндірістік қуаты жылына 122 рентген аппараты мен кешен болатын «Ақтөберентген» АҚ зауытының жұмысымен таныс­ты. Өнімнің бір бөлігі Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға экспортталады.

Өңірде шағын және орта биз­нестің қарқынды дамуына айтар­лықтай көңіл бөлінеді. Биыл мем­­лекеттік қолдауға облыстың 3,3 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны ие болады. Үкімет басшысы «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС тігін фабрикасының жұмысымен де танысты. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 1,2 миллионға дейін арнайы киімдер мен қорғаныш құралдарын шығарады.

Премьер-министр өңірдің энергетикалық әлеуетінің даму­ын тексерді. Асқар Мамин «Ақтөбе ЖЭО» АҚ барды, онда қазіргі уақытта кәдеге жаратушы қазандығы бар, қуаты 57 МВт газ турбиналық қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Жобаны іске асыру станцияның қуатын 175 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді екен. Жұмыстарды 2021 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Бұдан кейін Қарғалы ауданы­ның Бадамша ауылында Асқар Мамин «Arm Wind» ЖШС жел электр станциясының жұмысымен таныс­ты. Қазіргі уақытта жел электр стан­циясының екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Станция жыл сайын сағатына 100 МВт электр энергиясын өндіреді. Инвестиция көлемі 85 млн долларды құрайды, аяқтау мерзімі – биылғы жылдың қыркүйек айы.

Облыста жол құрылысы мә­селесі, басқа да өңірлердегідей, аса өткір екендігін, оны мемлекет басшысының өзі сынға алғаны да аян. Осы ретте бұл маңызды мәселені назардан тыс қалдыр­май, үкімет басшысы «Ақтөбе – Атырау – Астрахан»  республика­лық автожолын реконструкциялау барысын тексерді. Биыл Ақтөбе – Қандыағаш учаскесінде жол қозғалысы ашылады, Қандыағаш – Мақат автожолының учаскесі осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Премьер-министр тасжолды қайта жаңарту жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Премьер-министр Ақтөбе қала­сындағы Батыс-2 шағын ауданының салыну барысымен танысты, оның құрылысы 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Шағын ауданның жалпы аумағы – 535 гектар. Биыл өңірде 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру көз­деліп отыр.

Мәртөк ауданында Асқар Мамин «Мilker» ЖШС жемшөп түйіршіктерін өндіру зауытын аралады. Инвестициялық жоба­ның құны – 700 млн теңге. Кәсіп­орынның өндірістік қуаты – жылына жоңышқа пішенінен 12 мың тонна түйіршіктелген құрама жем. Дайын өнім Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де, атап айтқанда, Қытайда, Ресейде, Иранда және Біріккен Араб Әмір­лік­терінде зор сұранысқа ие.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында премьер-министрге об­лыстың балық саласын дамы­тудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы таныстырылды. 10 жыл ішінде салаға 37 млрд теңге жеке инвестиция тарту, 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, шаруашылықтар санын 72 субъектіге дейін арттыру жоспарланған.

«Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешенін аралау кезінде үкімет басшысына жылыжай өнімдерін өндіру бойынша қазіргі жағдай және осы саланы одан әрі дамыту перспективасы таныстырылды. Соңғы үш жылда облыс­та 8 жылыжай іске қосылыпты.

2025 жылға дейін жалпы мөл­шері 17 млрд теңге болатын тағы екі ірі жобаны іске асыру көз­делген. Бұл жылыжай өнімдерін 40%-ға арттырады.

Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша облыс­та өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 8,2%-ға (997,2 млрд теңге) өскен.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 116,9 млрд теңгені (+2,6%), құрылыс жұмыстарының көлемі 76,9 млрд теңгені (+5,4%) құрады, 366,5 мың шаршы метр тұрғын үй (+4,1%) пайдалануға берілді.

Негізгі капиталға салынған ин­вес­­тициялар өсімі – 11,9%, яғни 292,8 млрд теңге тартылды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін 125,7 млрд теңгеге 31 ин­вестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Иса ҚАМБАР

575 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы