• Кәсіпкерлік
  • 29 Шілде, 2021

Ірі жобалар қатары толығуда

Президент халыққа Жолдауында балық шаруашылығын дамыту қажеттігін алға тартып, ел тұрғындарының балық өнімін тұтыну мөлшерін арттыру бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Осы ретте Үкімет қабылдаған балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасында алдағы онжылдықта 9 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін балық өсіру көзделген.

Қапшағай қаласында қуаттылығы жылына 10000 тонна баррамунди балығын өсіретін балық өнеркәсібі кешенінің құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 67 млрд теңге инвестиция салу және 300 жұмыс орнын құру жоспарланған. Іргетасы жаңадан қаланған индустриялық балық өсіру шаруашылығы санатына кіретін «Оспанова девелопмент» кешені өңірдегі «Арна» индустриалды аймағына орналасқан. Бұл жалпы аумағы 1300, оның ішінде өндірістік аумағы 810 гектарды қамтитын ірі индустриалдық аймақ. Онда 2021-2025 жылдар аралығында құны 200 млрд теңгені құрайтын 7 үлкен инвестициялық жоба жүзеге асып, 4500 жұмыс орны құрылады деп күтіледі.

– Бүгінде балық аулау саласын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтіліп, балық өсіруде сабақтас бағыттарды дамыту үшін жағдайлар жасалды. Балық өсіру көлемін ұлғайту жарамды су айдындарын пайдалану және жаңа өндірістік балық шаруашылықтарын салу есебінен жоспарланып отыр, – деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев өз сөзінде.

Сала басшысы индустриялық балық шаруашылықтары бағдарламада жоспарланған көлемге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Өйткені, олардың жобалық қуаттылығы айтарлықтай үлкен әрі таби­ғи-климаттық жағдайларға қарамастан кез-келген аймақта өндіріс құруға болады. Оның үстіне мұндай өндірістік шар­уашылықтарда су үнемдеуші технологиялар қолданылады. Жобаны іске асыру экзотикалық балық түрлерінің импортын ауыстыруға және сонымен бірге экспорт көлемін ұлғайтуға көмектеседі. Жалпы алғанда, жоба балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасының міндеттерін шешуге ықпал етпек.

Еліміз балық ресурстарына бай. Бүгінде Қазақстанда 290 балық аулау фермасы бар. Жыл сайын шамамен 60 миллион долларға 36 алыс-жақын елге 30 мың тонна балық өнімдері экспортталады. Дұрыс пайдалана білсек, балық шаруашылығының экономикалық даму үдерісінде атқарар рөлі ерекше. Осы ретте жаңа балық өнеркәсібі нысаны толық қуаты­на енгенде балық өнімдерінің импорты азайып, экспорттық әлеует арта түседі деп күтілуде. Ал жаңадан құрылыс жұмысы басталған «Оспанова девелопмент» балық өнеркәсібі кешені ірі инвестициялық жобалардың қатарын толықтырады.

Экология министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төр­ағасы Нариман Жүнісов биыл жүзеге аса бастаған жоба екі кезеңге бөлінетінін айтты. Бірінші кезеңде балық өсіру көлемі 1000 тоннаға дейін жететін болса, екінші кезең австралиялық теңіз бассейні немесе баррамундиясының көлемін жылына 10 мың тоннаға дейін арттырады. Бірінші кезеңді 2021-2022 жылдары, ал екіншісін 2022-2024 жылдары жүзеге асыру көзделген. «Жердің, оның ішінде Қазақстан халқының саны өсуде. Жануарларға қосымша ақуыз қажет, оны жасанды өсіру арқылы толықтыруға болады. Табиғи ресурстар өте шектеулі. Осы ретте жасанды өсірудің ар­қасында бұл ресурстарға деген қысымнан арыламыз», – деді ол.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

541 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы