• Ауыл шаруашылығы
  • 29 Шілде, 2021

Ауыл шаруашылығы хабында – жаңа нысан

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған маңызды жобалардың бірі Ақмола өңірінде жүзеге асты. Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникасын сату мен қызмет көрсету бойынша ТМД-дағы ең ірі сервистік орталық ашылды.

Солтүстік өңірдегі John Deer маркалы ауыл шаруашылығы тех­никасының толық желісіне қызмет көрсететін жалғыз сервистік орталықта ауыл шаруашылығы саласының қазіргі заманғы талаптары мен үрдістеріне сай келетін озық жабдықтар орнатылған. Заманауи техникалық құралдар көмегімен ел аумағы бойынша қосалқы бөлшектер үздіксіз жеткізіледі, күрделі жөндеу жүргізіліп, бұзылған техника қалпына келтіріледі.

 

 

Осылайша, техниканың соңғы үрдісімен қамтылған жаңа нысан ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі сұраныстарына жауап беретін болады. Сондай-ақ фермерлер мен жас мамандар аграрлық сектордағы жаңа технологияларды игеру үшін арнайы оқуға мүмкіндік алады.

Орталықты Қазақстандағы John Deere ұлттық дилері – Eurasia Group AG швейцариялық компаниясының өкілі –  Eurasia Group Kazakhstan ком­паниясы ашып отыр. Салтанатты шараға Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер мен ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров қатысты. Қонақтарды облыс әкімі Ермек Маржықпаев қарсы алды.

– Индустриалды-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында шетелдік инвестордың қатысуымен іске қо­сылған айрықша агрокешен ошағы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ашылған өңірлік маңызы зор жоба. Мұндай бірегей орталық салу үшін біздің өңірдің таңдалуы бекер емес. Логистика тұрғысынан алғанда Көкшетау қаласы елдің солтүстік өңіріндегі ірі қалалардан алыс, сондай-ақ елордаға жақын орналасқан. Жаңа нысан бүкіл экономикаға мульти­пликативті әсері бар аграр­лық сектор­дың дамуына серпін береді, – деп мәлімдеді аймақ басшысы.

Өңірдің ертеден ауыл шаруа­шылығы саласының хабына айнал­ғаны әмбеге аян. Яғни, саланың білікті мамандары, John Deer маркалы техникалардың ең көбі осы облыста. John Deer комбайндары мен тракторлары әлемде жоғары сұранысқа ие, өнімді де сенімді техника саналады. Аймақта мұндай 450-ден астам трактор, 700-ге жуық комбайн мен 400-дей егін себу кешені бар. Ал 13 мың шаршы метр аумақты алып жатқан сервистік және дилерлік орталықта келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Компания басшылығы мәлім еткендей, мұнда келген фермерлерге барынша жылдам әрі сапалы қызмет көрсетіліп, оларға ең соңғы үлгідегі техника мен қосалқы бөлшектер ұсынылады. Eurasia Group Kazakhstan ком­паниясының бас директоры Сергей Глоккенің айтуынша, қазір техниканың 90 проценті автотрек жүйесімен жабдық­талған. Бұл егін алқабы біткенде өзі бұрылатын техника. Одан бөлек, жүріп өткен жолының бәрін цифрлы құжатқа түсіріп отырады.

Сервистік орталық аума­ғында оқу сыныбы бар ауыл шаруашылығы техникасын күрделі жөндеу орталығы және агрегаттық шеберхана, ауыл шар­уашылығындағы процестерді цифрландыру және автоматтандыру бойынша оқыту орталығы, нөлдік технологиялар, ирригация және көкөніс шаруашылығы, техникаға арналған жабық және ашық көрме алаңдары, машиналарды тест-драйв алаңы, техникаға арналған аумақ, бұрын қолданыста болған және ашық кеден қоймасы орналасқан. Құны 2,6 млрд теңгені құрайтын жобаның шеңберінде қазір 130 жұмыс орны ашылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

644 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы