• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 29 Шілде, 2021

Өңіраралық қатынастар қарқынды

Биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда динамикасы белсенді түрде қалпына келтірілуде.

Премьер-министр Асқар Мамин Ресей Федерациясы Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин бастаған делегациямен кездесті. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, транзиттік-көлік, туристік, мәдени-гуманитарлық салалардағы шекара маңы ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады. Өзара сауда қарқынын арттыру үшін шекара маңы саудасы орталығын құру перспективалары талқыланды. Биылғы қаңтар-мамырда тауар айналымы 26,2%-ға өсіп, $8,6 млрд құрады. Қазақстанның Ресейге экспорты 40%-дан астамға ұлғайды. Бірінші кезектегі міндет – тауар айналымының көрсеткіштерін 2019 жылғы деңгейге қарағанда $20 млрд дейін жеткізу. Шекара маңындағы сауданың Қазақстанның Ресеймен өзара саудасында үлесі зор, осыған байланысты тараптар оны одан әрі дамыту үшін шаралар белгіледі. Астрахан облысының кеме жасау кәсіпорындарының тәжірибесін ескере отырып, А. Мамин өнеркәсіптік кооперация жобаларын дамыту перспективасымен кеме жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін атап өтті. Шекара маңы байланыстарын дамытудағы перспективалы бағыт туризм саласындағы ынтымақтастық болып отыр. Ақтау және Астрахан қалалары арасында Каспий теңізі бойынша теңіз круизін іске қосу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл шекара маңындағы өңірлердің сауда-экономикалық әлеуетін дамытуға да ықпал ететін болады.

Индустрия және инфра­құрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен РФ Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің кездесуі барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және өзара қызығушылық бар салаларда әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен РФ Астрахан облысымен шекаралық ынтымақтастығы өнеркәсіп, сауда, туризм, медицина және білім беру сияқты көптеген бағыттарда қалыптасқан. Екі жақты қарым-қатынаста логистика мен көлік, кеме жасау және кеме жөндеу маңызды бағыттар саналады. 

Кездесуде Қ.Өскенбаев атап өткендей, бұл бағыттар Еуропа мен Азияны байланыстыратын транзиттік дәліз ретінде екі елдің дамуында ерекше маңызды және өзекті. Ресеймен және Белоруссиямен әріптестіктің арқасында Қытайдан Еуропаға контейнерлер 12-15 күнде жеткізіледі. Контейнерлік тасымалдар көлемі соңғы бес жылда бес есеге артты. Қазақстан мен Астрахан облысы арасындағы тасымалдар көліктің барлық түрімен ұлғайды. Бұл ретте экспорттық-импорттық, сон­дай-ақ транзиттік қатынастар­да қолданылады. Кеме жасау және кеме жөндеу саласындағы байланыстардың дамуында оң серпін бар. Қазақстандық компаниялар Астрахан облысының кеме жасау және кеме жөндеу қуаттарын белсенді пайдаланады. Әріптестікті кеңейтуге Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі тиімді мүмкіндіктер ықпал етуде. Қазір тараптар Маңғыстау облысында кеме жөндеу қуатын ұлғайту және Атырау облысында кеме қатынасын дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр. Тиімді және жылдам нәтижеге қол жеткізу үшін екі жақ жалпы жобаларға қатысты мәселелерді шешумен айналысатын ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.

Астрахан облысының губернаторы ИИДМ-нің белсенді ұстанымы үшін алғысын білдіріп, екі жақты ынтымақтастық кеңейіп, қарқын ала түсетініне сенім білдірді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы