• Бизнес & Қоғам
  • 29 Шілде, 2021

ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛЫ НЕГЕ СОНША ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР?

Жүгенсіз кеткен бағаны 15%-ға дейін түсіруге болады, дейді мамандар

Құрылыс маусымының басталуымен елімізде арматура, цемент, кірпіш,  газобетон бағасы қатты өсті. Мәселен, биылдың тек маусым айындағы құрылыс материалдарының бағасы бір айдың ішінде 3,4%-ға, ал бір жылдың ішінде 25%-ға өскенін көрсетті, бұл – ресми 6-7% инфляция деңгейінде қазірдің өзінде өте жоғары көрсеткіш.

 

 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаев жекелеген материалдардың құны жылдық мәнде екі есе, тіпті одан да көп есе өскенін айтады. Ал Energyprom.kz зерттеуінде «бағаның өсуі күн сайын дерлік байқалады» делінген.

Бағаның бұлай шарықтауына не себеп? Себеп көп. Мысалы, цемент зауыттары бағаның өсуін электр энергиясы құнының 30%-ға, темір жол тарифтерінің 17%-ға, вагондарды жалдаудың 13%-ға артуынан деп отыр. Тіпті цемент қағаз қаптамасының өзі 16%-ға қымбаттаған. Сонымен бірге бұл секторда тапшылық та, логистикалық проблема да бар дейді, бұлардың бәрі бағаның өсуіне себеп болған екен-мыс.

Шынында кейбір позицияның қымбаттауына ақыл жетпейді. Мә­селен, «өндірушілер бағаны қиыр­шық тасқа 3,5 есе, әктасқа 2,4 есе, алюминий есіктерге, қара металдан жасалған құрылыс құрылымына, ерітінділер мен құрғақ құрылыс қоспаларына бір жарым және одан да көп есе өсірді» деп нақтылайды сарапшылар.

Саз, ұсақталған тас, бетон конс­трук­циялары, лактар мен бояулар, болат профильдері, мұнай битумдары және т.б. бағасы үштен бір немесе одан да көп өсті, болат прокаты, екі қабатты пластикалық терезелер, қа­бырға блоктары 20% немесе одан да көп пайызға қымбаттады.

Осының салдарынан 2021 жыл­дың маусым айының қорытындысы бойынша жаңа үйлердегі пәтердің құны бір жылда 11,8%-ға, екінші сатылымдағы пәтердің құны бірден 24,2%-ға өсті.

Әрине, бұл сегментке тұрғын үй нарығына құйылған биылғы зей­нетақы жинақтары да әсер етті, бірақ бұл секірісті жылдың басында бай­қауға болады, мысалы, жаңа тұрғын үйдің бағасы бір айда – 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың қаң­тарына дейін бірден 3,8%-ға өсті.

Бірақ биыл тұрғын үй сатып алу үшін жаңа қаражат тарту тарабында ештеңе өзгерген жоқ, дегенмен жаңа үйдегі пәтердің  бағасы бір айда 2,6%-ға артты, дейді сарапшылар. Мысалға олар мынандай деректі келтіреді:

2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін құрылыс материалдарының баға­сы екі есе өскен:

• арматура (1 кубы) 153 723 тең­геден бастап 425 000 теңгеге дейін (270 мыңға),

• газоблок (1 кубы) 14 200 теңгеден бастап 27 500 теңгеге дейін (13 мыңға),

• минералды плита (1 кубы) 10 455 теңгеден бастап 23 000 теңгеге дейін (12 мың теңге),

• Д-20 цементі (1 тоннасы) 16 000 теңгеден бастап 28 000 теңгеге дейін (12 мыңға)

• М350 маркалы бетон (1 кубы) 12 230 теңгеден бастап 21 120 теңгеге дейін (8 мыңға) қымбаттаған.

 

 

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов арматураның қым­бат­тауының басты себебі мем­лекеттің импортқа тәуелділігі дейді. Құрылыс материалдары бағасының өсуін ол әлемдік сұраныс пен пандемиядан кейінгі шикізат­тың қымбаттауымен түсіндіреді. «Шикізатқа, металл сынықтарына бүкіл әлемде бағаның жалпы өсуі байқалады. Арматураның бір тон­насының бағасы 330 000 теңгеден 400 000 теңгеге дейін өсті» дейді.

Дегенмен, зауыттар (өндіру­шілер) жазғытұрым өзара келісіп материал бағасын күрт өсірді, деген сөз белең алып тұр.

– Біздің агенттік құрылыс материалдарын өндірушілер тарапынан болған алыпсатарлықты жоққа шығармайды, – дейді бәсе­келестікті қорғау және дамыту агенттігі төр­ағасының орынбасары Болат Самбетов.

Ал индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскен­баевтың айтуынша, темірдің тап­шылығына байланысты біздің зауыттар ішкі нарықты 60%-ға ғана қамтамасыз ете алады. Салынып жатқан үш жаңа зауыт құ­­рылысы аяқталса, арматурамен 100% қамтамасыз ету жоспарда тұр, дейді ол.

Қазір кірпіш өндірісінде өз зауыттарымыздың ішкі нарықты қамтамасыз етуі 62% шамасында екен. Жыл басынан бері кірпіш импортының ұлғаюы байқалады (керамика кірпіш 13,4 млн данадан 43 млн данаға дейін; силикат кірпіш 3,2 млн данадан 6 млн данаға дейін), бұл – ішкі нарықта тұтыну көлемінің күрт өсуіне байланысты. «Отандық өндіріс үлесін арттыру үшін 2022 жылдың соңына дейін қуаттылығы жылына 440 млн дана болатын 14 зауыт салу жоспарланып отыр» дейді бірінші вице-министр. Осы  жоба іске қосылса, ішкі нарықтың қажеті 100% жабылады екен.

Сонымен бірге осы министрлік өнім құнының негізсіз көтерілуін болдырмау мақсатында отандық құрылыс материалдарының онлайн саудасын жүргізетін «Маркет­плейс» ақпарат алаңын құруды жоспарлап отыр. 

– Мемлекеттің қолдауымен онлайн алаң құрылыс материалдарын белгіленген бағамен сатуға жағдай жасайды. Бұл материалдардың құ­нын 15%-ға дейін төмендетуге және құрылыс мате­риалдары нарығының ашық­ты­­ғын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді, – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Министрліктің дерегіне қа­расақ, қазір отандық құрылыс мате­риалдарымен қамтамасыз етілу шамамен 65%-ға шыққан,  кейбір құрылыс материалдары бойынша импорт үлесі 60% бен 100% арасында тұр.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

 

1492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы