• Қаржы
  • 06 Тамыз, 2021

Инфляцияның өсуі жалғасып отыр

Жетпісбай  БЕКБОЛАТҰЛЫ,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail:  Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Инфляция өсуінің әлемдік үрдісі Қазақстанды айналып өткен жоқ.  Үстіміздегі  маусымның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,9 пайыз болып, оның құрамдас бөліктерінің барлығының өсуі байқалды.

Мәселен, азық-түлік инфляциясы 10,6 пайызға дейін үдеді. Мұндай ахуал көкөністің, атап айтқанда, картоп, сәбіз бен қызылшаның күрт қымбаттауына байланысты туындады. Мұншама рекордтық өсу тек біздің елімізде ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілерде де орын алды. Жалпы алғанда, азық-түлік бағасының көтерілуі бүкіл әлемде көрініс тауып отыр. БҰҰ Азық-түлік ұйымы баға индексі мау­сым айында жылдық мәнде 33,9 пайызға ұлғайғанын көрсетті. Ал, инфляцияның азық-түлікке жатпайтын бөлігі 6,9 пайызға дейін артты. Өндірушілер бағасының жоғарылауы, сондай-ақ сұраныстың қалпына келуі жағдайында бензин бағасының жылдық өсу қарқыны жалғасты.

Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияның өсуі ішкі және сыртқы жағымсыз факторлардың әсерінен туындағанын атап өтуде. Осы жағдайда Ұлттық банк инфляциялық қысымды төмендету үшін базалық мөлшерлемені жылдық 9,25 пайыз деңгейіне көтерді. Мұндай шешімді Ресейдің Орталық банкі де қабылдап, түйінді мөлшерлемені жылдық 6,5 пайыз деңгейіне жеткізді.  Бұл ретте Ресей банктік терминологиясында біздегі базалық мөлшерлемеге «түйінді мөлшерлеме» деп ат қойылып, айдар тағылғанын айта кетелік. Украинада осы көрсеткіш 7,5 пайыз болса, Германияда оның жоғары шегі 4,75 пайызға барып отыр. Қазақстанда ақша-кредит саясатын ойластырылған түрде осылайша күшейту алдағы жылғы инфляцияны 4-6 пайыз нысаналы дәлізге қайтару қажеттігінен туындады. Бұл ретте іскерлік белсенділіктің қалпына келуіне әлемдегі және Қазақстандағы тұрақсыз эпидемиологиялық ахуалдың әсері ескерілді. Мөлшерлеменің өсуі теңгелік активтерді тартымды етіп, валюта мен ақша нарықтарында баға белгілеу тиімділігін арттыруда. Сонымен бірге жалпы әлемдік деңгейде тамақ бағасы көтеріліп жатқан қазіргі шақта азық-түлік тауарларының жекелеген топтарына бағаның өсуі, жеткізу тізбегіндегі іркілістер, шикізат пен материалдар бағасының ұлғаюы, өндірушілер бағасының өсуі байқалуда. Сұраныстың қалпына келуі жағдайында бензин бағасының жылдық өсу қарқыны үдеуін жалғастырып отыр. Тұтынушылық сұраныс киім-кешектің, аяқ киімнің, автомобильдердің, тұрмыстық техника мен жиһаздың қымбаттауына ықпал етті. Сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуі және шикізат пен аралық материалдарға әлемдік бағаның өсуі жағдайында импорттық жеткізілімдер бағасының өсуі азық-түлікке жатпайтын тауарларға қосымша проинфляциялық қысым көрсетуде. Халыққа ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсуі маусымда 5,6 пайыз болды, бұл реттелетін, сол сияқты реттелмейтін қызметтердің қымбаттауына байланысты туындады. Әуе көлігі, туризм, жеке күтім және тұрғын үй жөндеу қызметтерінде бағаның жылдық өсуі сезілуде. Міне, осындай жағдайда халықтың инфляциялық күтулері тұрақсыз болып қалып отыр. Маусымда былтырғы сандық бағалау ұлғайып, 7,3 пайыз болды.

Экономиканың нақты секторындағы ахуал жақсарып келеді. Бірінші жартыжылдықта нақты ішкі жалпы өнім өсуі жылдық мәнде 2,2 пайыз болды. Экономика шикізат нарықтарындағы әлемдік бағалардың өсуі және карантиндік шектеулердің жеңілдетілуі аясында қалпына келуде. Қаңтар-маусымда өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат пен байланыс және ауыл шаруашылығы салалары тұрақты өсуді көрсетті. Кәсіпорындарға жүргізілген пікіртерім нәтижесі нақты сектордағы жай-күйдің жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 2021 жылғы маусымда іскерлік белсенділік индексі 0,5 тармаққа ұлғайып, 51,6 болды. Инвестициялық белсенділіктің төмендеу қарқыны баяулады. Алғашқы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестициялардың құлдырауы бірінші тоқсанда 9,6 пайызға төмендеп, 1,8 пайызды құрады. Ал, халықтың тұтыну белсенділігінің айтарлықтай қалпына келуі инфляцияға қарсы қысым көрсетуде. Бөлшек тауар айналымы 7,6 пайызға артты. Тауар айналымы құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар айналымы жедел қарқынмен өсуде. Халық табысы көтерілуінің оң қарқыны, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттарға кредит берудің айтарлықтай өсуі үй шаруашылықтарының тұтынуын көбейтті. Фискальды ынталандыру аясында ішкі сұраныстың қалпына келуі тұтыну импортының айтарлықтай ұлғаюына әсер етуде. Биылғы 5 айда тұтыну тауарларының импорты 4,7 млрд АҚШ долларына дейін өсті, бұл эпидемия алдындағы 2019 жылғы деңгейден 30,4 пайызға жоғары. Әлемдік экономиканың қалпына келуі жалғасуда, алайда тауар­лар мен қызметтерге сұраныстың артуына және жеткізудегі үзілістерге әсер еткен эпидемиология­лық ахуал әлемдегі инфляцияның ұзаққа созылатын  тәуекелін тудырады. Халықаралық  валюта қорының болжамы бойынша биыл әлемдік экономиканың өсу қарқыны 6 пайызға жетіп, келесі жылы 4,4 пайызға дейін баяулайды. Осы ретте біздің еліміз үшін маңызды болып табылатын әлемдік мұнай нарығында COVID-19 дельта штамының таралуына байланысты  айтарлықтай құбылмалылық орын алып отырғанын айта кету керек. Маусым бойы Brent сұрыпты мұнайдың орташа айлық бағасы өсіп, бір баррель үшін 70,3-76,2 АҚШ доллары ауқымында құбылды. Алайда, шілдеде 68,6-77,2 АҚШ долларына дейін кеңейді. Мұнайға сұраныстың артуына және оның қорларының азаюына қарамастан, коронавирустың дельта штамының одан әрі таралуы әлемдік экономиканың қалпына келуін баяулатуы және тиісінше мұнайға сұранысты төмендетуі мүмкін. Бұл Қазақстанға тікелей қатысты.

 

890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы