• Қаржы
  • 06 Тамыз, 2021

Ұлттық экономика жаһандық сын алдында

Жаңа дәуірдің соңғы екі жылы адамзаттың даму жолы даңғайыр даңғылға емес, «соқтықпалы, соқпақсыз», бұралаңы мол бағытқа бет алғанын айқын көрсетті. «Жеті ағайынды жұт» зардабы қай елдің болмасын әлеуметтік тірлігін тығырыққа тіреп, экономика салаларын титықтата бастады.

Ақшаның жүзіне қарамайтын атымтай-жомарттардың өздері қалтадағы пұлын базар безбеніне тартса, қаймана жұрт тиыннан теңге үнемдеуге көшкен. Әдетте, қоғам алдынан биылғыдай тосын сын шыққан жағдайда өзін-өзі сақтау тетігі іске қо­сылып, жамиғат жұдырықтай жұмылатын-ды.

Жуырда ел президенті Қ.Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасындағы 2030 жыл­ға дейінгі мемлекеттік басқа­руды дамыту тұжырымдамасы туралы» Жарлықтың да көз­дегені осы-тын. Құжаттың әлқиссасында мемлекеттік басқару жүйесін дамыту кезеңдері көрсетілген. Атап айтқанда, ең алдымен «Қазақстан – 2030» стратегия­сы және 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспар, содан соң әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруіне бағытталған «Қазақстан – 2050» стратегиясы және 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары тілге тиек етілген. Бұлардан кейін іле-шала ин­дустриялық-инновация­лық даму, елді кешенді цифрландыру және көлік, тұрғын үй, энергетика бойынша жаңа инфрақұрылым түзу бағ­дар­ламалары, мемлекеттік бас­қарудың жаңа архитектурасын айқындаушы бес инс­титуционалдық реформа сөз болған. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі тағы бір маңызды мекеме – Экономика министрлігімен, басқа да құзырлы орындармен тізе қоса отырып әзір­леген осынау құжатта мем­лекеттік бағдарламалар саны қысқартылды, делінген.

 

 

Аталмыш қысқартуға дейін қабылданып кеткен, орындалуы жөнінде ел алдында да, депутаттар алдында да есеп берілмеген оншақты осындай бағдарлама бар, енді соларға тоқталайық.

  Аса ауқымды мемлекет қаржысы бөлінген бұл бағдарламалардың басым бөлігі үшбу Ұлттық экономика министрлігіне қатысты. Көрнекілік үшін 2015-2019 жыл­дар­дағы жобаларды қарастырып отырмыз. Бұлардың алғашқысы – инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы. Оның шығындары Ұлттық қор есебінен өтелген. Атап айтқанда, бұл сома 2015 жылы 770,1 млрд теңге, ал 2016 жылы 839,9 млрд теңге болса, 2017 жылы оларға қоса 2 млрд АҚШ доллары салынған. Сөйтіп, халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен ортақ қаржыландырудың индикативтік көлемі шамамен 8,1 млрд АҚШ долларын құраған. Ұлттық компаниялар мен даму институттарының меншікті қаражаты есебінен қаржыландыру 254,2 млрд теңге, соның ішінде 2015 жылы 25,6 млрд теңге, 2016 жылы 71,8 млрд теңге, 2017 жылы – 87,4 млрд теңге, 2018 жылы – 49,1 млрд теңге, 2019 жылы – 20,3 млрд теңге болған.

Екінші құжат – «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы. Бұған  республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 2015 жылы 60 531 976 мың теңге, 2016 жылы 60 250 273 мың теңге, 2017 жылы 41 342 611 мың теңге, 2018 жылы 41 342 611 мың теңге, 2019 жылы 41 342 611 мың теңге шамасында болды. 2015 жылы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналымдық қаражатын толықтыруға бағыттал­ған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан бөлінетін қаражат 7 200 000 мың теңге, 2015 жылы жетпей тұрған инфрақұрылымды тарту 9 781 530 мың теңге, 2016 жылы 15 000 000 мың теңге болған.

Үшіншісі – Қазақстан Респуб­ликасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инно­вациялық даму жөніндегі мем­лекеттік бағдарламасы. Бұл бағ­дарламаны жүзеге асыруға рес­публикалық бюджетте көзделген жалпы шығыстар 878,3 млрд теңгені құраған, соның ішінде 2015 жылы 134,98 млрд теңге, 2016 жылы 177,42 млрд теңге, 2017 жылы 359,31 млрд теңге, 2018 жылы 178,73 млрд теңге, 2019 жылы 27,86 млрд теңге бөлінген. Енді қолға есепшот алып, осы қаржының толық есебін тасқаяқтай қағыстырып көріңіз, саусағыңызды бүгіп, түтіні будақтаған жаңа кәсіп­орындары мен ашылған жұмыс орындарын санаңыз.

Ұлттық экономика ми­нис­тр­лігінің 2015-2019 жылдары орын­далуға тиісті тағы бір құнды құжаты – 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы. Ол мұның алдында қабылданып, орындаушы басшы-қосшы мекемелер мол қар­жыға кенелген «Өңірлерді дамыту», «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту», «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялау», 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ», «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламалары негізінде түзілген.

  Бұл жердегі бір таңғаларлығы – кезінде қаржыландырылған жобаларға қайыра қаражат бөлінуі. Бағдарламаның қаржыландыру көздері мен көлемі 2015 жылы 409 881 млн теңге, 2016 жылы 648 798 млн теңге, 2017 жылы 263 780 млн теңге, 2018 жылы 241 611 млн теңге, 2019 жылы 632 734 млн теңге деп көрсетілген. Кезінде республиканың Есеп комитеті жоғарыда аталған моноқалаларды дамыту бағдарламасының орындалу барысын қатаң сынға алып, Жаңатас, Кентау, Степногорск және басқа кенттердің мүшкіл халін сөз еткен-ді. Ал, 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 80 пайызын орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтуды мақсат тұтқан «Ақбұлақ» бағдарламасын май шелпекке айналдырған түрлі деңгейдегі келеңсіз әрекеттер сөз етілген  бұ­қаралық ақпарат құралдарының сын материалдары әлі есімізде.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, ұлттық эко­номикаға жауапты мекеме жуырда «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» тағы да қабылдады. Сарапшылар бұл жоспардың да болашағы бұлыңғыр екенін алға тартады. Осы орайда «Мемлекеттік басқару реформасында» атап көрсетілген халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту қажеттігі туралы тұжырымы еріксіз ойға оралады.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

1355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы