• Қаржы
  • 06 Тамыз, 2021

ЗАҢДЫ ТАКСИДІҢ ТАРИФІН ҚАЛАЙ БЕЛГІЛЕЙДІ?

Биылдың соңына дейін такси саласында өзін-өзі реттейтін ұйым құрылмақ

Сарапшылардың пікірінше, таксишілер бірігіп қана өз комиссиясы мен тарифін дербес белгілейтін шетелдік Yandex Go және DiDi сияқты такси агрегаторларымен күресе алады.

Республикалық такси қызметі қауымдастығының басшысы Медет Құрмановтың айтуынша, қазақстандық такси нарығы­ның жылдық сыйымдылығы – 120 млрд теңге, ал мұның 70%-ы үш мегаполиске: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентке тиесілі.

Бұл салада 60 мың такси жүргі­зушісі жұмыс істейді екен. Ал Didi такси агрегатор-компания­сында нарықта 150 мың такси жүргі­зушісі жұмыс істейді деген мәлімет бар.

Міне, осы көрші елдердің Yandex Go, DiDi секілді алпауыттарын ауыз­дықтау үшін Қазақстанда такси саласындағы бірыңғай өзін-өзі рет­тейтін ұйымды биылдың соңына дейін құру жоспарланып отыр. Заңды түрде жұмыс істегісі келмейтіндермен кейін мемлекеттік органдар сөйлеседі деген ұйғарым бар.

Мемлекет қазір жолаушылар тасы­малы саласындағы өзінің функция­сын жеке тасымалдаушы­лардың қолына беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Тиісті бақы­лаудың болмауы – тасымалдау сала­сында көп проблема қордалануы себебінің бірі: заңсыз таксишілердің көптігі, қызмет көрсету сапасының төмендігі, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіптің де болуы, т.с.с.

Қазақстанда рұқсат етілген такси азайып, заңсыз таксишілердің саны артып келеді деген қауесет бар. Өйткені былтырғы жаппай карантин кезінде сұраныс төмендеді, тәжіри­белі автожүргізушілер жұмыстан кетіп қалды, автомобильді несиеге алған компаниялар қарызды қалай төлеу керектігін білмейді. Таксиді коронавирустан ең көп зардап шек­кен саланың тізіміне қосу жағдайды біршама жеңілдетер еді. Нәтижесінде жұмысқа тәжірибесі жоқ жаңа, жас жүргізушілердің келуі және заңсыз сектордың өсуі байқалады. Ал көлік комитеті бұл нарықты реттей алмайды.

Заңды таксишілер санының азаюы мен нарықтың өсуі арасындағы алшақтық таксопарктің жұмысы­ның қарқын алып, автокөлікті жалға алған таксишілердің нормадан көп жұмыс істеуіне алып келеді. Осының салдарынан автожүргізушілердің шаршауы, автомобильдердің тозуы байқалып жатады, демек, жолаушылар үшін тәуекел де ұлғаяды.

Жол жүру үшін таксидің бағасы қоғамдық көлікте жүру құнынан аз болуы мүмкін, бірақ агрегатор комиссиясының пайызы 40-тан да асып жығылады. Нарықтағы заңсыз таксидің үлесі қазірдің өзінде 80%-ға дейін жетуі мүмкін деп санайды, өйткені заң бұзудың түрлі жолы бар.

«Қазір баға таксистен толығымен алынып тасталды. Агрегатор сапар­дың құнын талап етеді және олар бір-бірімен күресте бағаны өзіндік құнынан төмен қояды» дейді сарап­шылар.

Рұқсат автомобильге беріледі. Рұқсаты бар машина бірден өз құнының 30%-ын жоғалтады, ал көліктің такси ретінде жүргенін көрсетпеу жеңілірек болмақ. Сөйтіп, адам тағы да заңсыз жұмыс істегісі келіп тұрады.

 

 

Таксиді реттеу туралы заңның қабылдануы жағдайды тұтастай өзгертуге көмектесер еді. Бірақ агрегатор мәртебесі дәл анықталуы керек және олар мен такси жүргізушілерінің арасында жауапкершілік бөлінуі қажет, дейді сарапшылар.

Осы уақытта кәсіби қоғамдық бірлестіктер нарықты басқарудың өзіндік нұсқасын ұсынады.

– Функциялардың бір бөлігін мемлекеттен бірыңғай салалық ұйымға беру нарықты реттеуге көмектеседі, – деп санайды республикалық такси қызметі қауымдастығының басшысы Медет Құрманов.

«Бүгінде нарықты ұйым­дастыру, ережелерді сақтау және бақылау функциялары мемлекеттің құзырында. Аталған функциялардың ешқайсысы орындалмайды. Нарық ұйымдас­тырылмаған» дейді ол.

Ал өзін-өзі реттейтін ұйымның мүше­леріне «бонус» беріледі.  Мысалы, олар автобус жолымен жүре алады, клиентті арнаулы тұрақта күте алады, әкім­дік тапсырыстарын орындай алады.

– Артықшылығы мынада: корпо­ративтік клиенттерге қызмет көрсету бар, автомобильді, отынды, қосалқы бөлшекті төмен бағамен сатып ала алады, консультация, бизнес-процесті ретке келтіру, жүргізушілерге рекрутинг жасау, такси мүддесін қорғау бар, – дейді Құрманов.

Такси жүргізушілерін біріктіру тәжірибесі елордада сынақтан өткен, онда 2018 жылы бірнеше компания біріккен ерікті ұйым құрылды. Ұйымға қатысушылар заңды тасымалдау жұмысының стандарты мен ережесін қабыл­даған. Атап айтқанда, қазір Astana Taxi брендімен жұмыс істейтін барлық таксомоторлық компания үшін таксидің бірыңғай эскизі жасалған.

– Көшеде ресми тасымалдаушы кім, заңсыз кім, бірден белгілі болды, – дейді Құрманов.

Сонымен бірге ұйым мүшелері Астана әкімдігінің қызметкерлерін тасымалдауға ұзақ мерзімді шарт жасай алды. Бұл – компанияларға кірістерін жоспарлауға және жаңа көліктер сатып алуға мүмкіндік берді.

– Сонымен қатар жеңілдетілген несие беру ашылды, Astana Taxi-дің барлық машинасы үшін арнайы тұрақ және бұқаралық ақпарат құралдарында медиа қолдау ұйымдастырылды, – дейді Құрманов.

Сондай-ақ ұйым Нұр-Сұлтан әкімдігімен автобус жолақтарымен жүру құқығын беру туралы уағда­ласты. Заңсыз тасымалдаумен айна­лысатын таксишілер, яғни жеке кәсіпкерлер Astana Taxi-дің автобус жолымен жүріп жатқанын көреді. Қаласаңыз, сіз де жүйеге қосылыңыз, автосақтандыруды рәсімдеңіз, сонда көлік инфрақұрылымына қол жеткізесіз. «Astana Taxi» ЖШС басшысы Олег Фатюхиннің айтуынша, такси қызметі ұйымының мүшелері машиналарын жөндеп, май мен өзге де шығын материалын төмен бағамен сатып ала алады. Ұйымның жаңа мүшелері үшін басқа агрегатордың мүмкіндігін жойып, Astana Taxi мобильді қосымшасын ұсынады.

Құрманов астаналық такси нары­ғында алты мың көлік бар деп санайды, олардың тек 1500-і (18 ЖШС және ЖК) ғана ұйымға кіріп жұмыс істейді. Бірақ осылай біртіндеп көбейіп келе жатыр. Автобус жолымен жүру мүмкіндігі сияқты артықшылықтар заңсыз таксишілерді өзіне тартады, сондықтан заңды тасымалдаушылардың үлесі біртіндеп арта бермек.

Республикалық такси қызметі қауымдастығының тағы бір ұсынысы – интернетпен жұмыс істейтін агрегаторларды Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеуге міндеттеу және елі­міз­дің заңы бойынша жұмыс істету.

Тәуекел БАҚАШ

 

1355 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы