• Бизнес & Қоғам
  • 12 Тамыз, 2021

Коронавирус қайтадан күш алды

Коронавирус індетіне байланысты  қарбалас Батыс Қазақстан өңірінде тағы күшейіп отыр. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жедел штаб отырысында коронавирустың таралу көрсеткіші өткен жылғыдан 2,5 есе жоғары екенін мәлімдеді. Облыс «қызыл» аймаққа енді, енді карантиндік  тәртіп қатаңдатыла түспек.

 

Бибігүл АЙТБАЕВА, облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-инфекционисі:

– Екпе ғана адамзатты аса қауіпті инфекциялардан қорғайды. Кезінде тап осындай вакцина обаға қарсы егілді. Вакцина оба, туляремия, дифтерия, сіреспе, қызылша секілді аса қауіпті аурулармен күресу үшін дайындалады. Бұл індеттер әлем бойынша тез таралып, көп адамға жұғып, өлімге де соқтырады. Сондықтан коронавирус инфекциясын да тек вакцина тоқтата алады. Егер халықтың кем дегенде 62-80%-ы екпе алатын болса, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Міне, сонда ғана біз қатерлі індеттен сақтанып, қалыпты өмірге ораламыз.

Тұрғындардың екпеден қорықпауларын сұраймын. Ең бастысы, екпе алмастан бұрын ауырмау керек. Ауру жұғуы ықтимал қоғамдық жерлерге бармау қажет. Егер екпе алар алдында қоғамдық орындарда, көпшілік көп жиналатын жерде жүрген болса, 14 күн бойы ауру белгісі білінбейді. Алайда осы күндері адам ағзасында вирус орнығып қалған болуы мүмкін. Ал сондай кезде екпе алса, ауырып қалуы ғажап емес.

Жалпы, екпе алған адамның ағзасында алғашқы 2-3 күнде қызу көтеріліп, әлсіздік білінуі мүмкін. Бірақ ол тез өтіп кетеді. Тұрғындар арасында екпеге қарсы түрлі пікірлер айтылуда. Алайда індетке қарсы күрестің бірден-бір жолы – екпе алу. Екпе ерікті түрде әрі тегін жүргізіледі. Вакцина салардың алдында медициналық тексерістен өткізеді. Аллергиялық реакция немесе созылмалы ауруы болған жағдайда арнайы құжат (медотвод) беріледі. Мен инфекционист маман ретінде мамыр айында індетке шалдыққан 100 науқыстың құжатын қарап, жұмыстанып көрдім. Олардың арасында екпе алғаннан кейін ауырған 8 науқас болған екен. Бұл науқастардың төртеуі екпенің екі компонентін де алған болса, қалғаны тек бірінші компонентін ектірген. Алайда олардың бойындағы індет орташа дәрежеде өтті. Яғни ауру асқынбады, жансақтау бөліміне түскен жоқ. Мен олардың қатты ауырмауына екпе себеп болды деп ойлаймын. Сондықтан тұрғындарды екпеден бас тартпауға шақырамын.

– Өткен шілде айының басынан бері коронавирустың таралуына байланысты 2156 жағдай тіркелді. Соның ішінде 1594 науқаста ЖРВИ белгісі бар. Бір аптада аурушаңдық 17,4 пайызға өсті. Маусым мен шілде айларының 12 күндік есебін салыстыра қарағанда, аудандарда эпидахуал күрт нашарлады. Мысалы, коронавирус штамдары анықталған адам саны Жәнібекте 14-тен 40-қа (өсу көрсеткіші – 65%), Шыңғырлауда 24-тен 62-ге (62%), Казталовта 47-ден 96-ға (51%) артты, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков шілдеде вакцина алу қарқын алғанын (маусымда – 945, шілдеде – 3190) хабарлады. Бұған дейін мұндай белсенділік сәуір айында байқалған. Жалпы ресейлік «Спутник V» екпесінің 247 050 дозасы (І компонент – 151 500, ІІ компонент – 95 550), отандық «QazVaс» екпесінің 7 000 дозасы (І – 3 500 доз, ІІ – 3 500), арабтың «Hayat-Vax» екпесінің 50 000 дозасы (І – 25 000, ІІ – 25 000), қытайда жасалған «CoronaVac»-тың 16 000 дозасы (І – 8 000, ІІ – 8 000) егіліпті. Қазіргі кезде науқас қабылдайтын реанимациялық бөлімдердің 61,2%-ы, инфекциялық стационарлардың 50,7%-ы толған.

Орал қаласының әкімі Абат Шы­ныбековтың айтуынша, мониторинг топтары тексерген нысандардан 214 заңбұзушылық анықталды. Той-томалақ және ас беру рәсімін өткізген мейрамханалар мен банкет залдарының иелері айыппұл төлеуде. Әкімшілік жауапкершілікке бірнеше мәрте тартылғанына қарамастан, кейбір нысан иелері карантин талабын бұзудан тартынбай отыр. Кейбір кәсіп­кер өздерінің тойханаларын жеке тұлғаларға келісімшарт арқылы жалға беріп, жауапкершіліктен құтылудың жолын тапқан. Сонда келісім­шарт бойынша жауапкершілікті мойнына алған екінші тарап тұтылып, қулығын асырған кәсіпкерлер заңды тұлға ретінде көлемді айыппұлдан «құтылып» кетуде.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл жағдайда мемлекеттік кірістер де­партаментінің көмегіне жүгініп, тәртіпті босаңсытпай, кінәлі тарапты нақты анықтау керек деп ескертті. Шаһар басшысына қоғамдық кө­ліктерде санитарлық талаптардың сақталмай жатқанын фотоайғақ арқы­лы көрсетіп, жолаушыларды сақтан­дыру іс-шараларына еріктілерді тартуды тапсырды.   

Абат Шыныбеков санитарлық нор­маның сақталуын жүйелі қадағала­майтын аутобус паркі иелеріне айып­пұл салу немесе оларға төленетін субси­дия қаржысын шегеру бойынша шешімдер қабылданып отырғанын тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 610-нан астам нысан «Ashyq» қосымшасына тіркелді. Осы қосымша арқылы 54 (28-і – «қызыл», 26-сы – «сары» дәрежесі) адамның карантин талабын сақтамай, көше кезіп жүр­гені анықталған. Әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы кодекске сай бес хаттама толтырылып, жауапсыз тұрғындарға 218 775 теңге айыппұл салынды. Облыстың бас санитары М.Арыс­паевтың мәлеметіне сүйенсек, індеттің үнді және британдық штамы өңірде тез таралып жатыр. Өңірде 17 шілдеден бастап карантиндік талаптарды күшейту туралы бас санитардың қаулысы шықты. Жаңа қаулыда сау­да үйлерінің, спорт кешендері­нің жұмыс кестесін қысқарту, «Ashyq» қо­сымшасына тіркелмеген нысандар қызметіне тыйым салу, демалыс күндері қоғамдық көлік пен ашық базарлар жұмысын уақытша тоқтату қарастырылған.

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ,

Батыс Қазақстан облысы

1007 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы