• Қаржы
  • 12 Тамыз, 2021

Күн тәртібінде — жұмыс нәтижесі, қаржы қайтарымы

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Ақпарат кеңістігінде қазіргі жағдайда кәнігі көрермен мен тыңдарманды таң қалдыра қою қиын. Бірақ, күні кеше көзіміз түскен, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио Олимпиадасынан сабақ алу керектігін айтты» деген қысқа да нұсқа хабар елді елең еткізіп, талай оқырманға ой салғанын жазуға мәжбүрміз.

Twitter желісіндегі Президент жазбасын жеткізген ЕлордаИнфо басылымының хабарында былай делінген: «Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын! Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі».

Иә, еңбек еленуі керек. Дегенмен, әдетте дипло­матиялық дәстүрді ұстанатын Президент бұл жолы «алайда, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-ші орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді» деп ашық айтып, кесіп-пішті. Мемлекет басшысының пікірінше, «ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажеттігін» айғақтаған.

Ойға ой қозғау салады, сөз сөзге сәулесін түсіреді деп ұстазымыз айтқандай, реформа жөнінде бұрын-соңды айтылып жүрген пікірлер таяудағы тарих тереңіне жетелейтіні рас. Тетелес ұлттармен терезені теңеп, мемлекеттің экономикалық дамуы мен жамиғаттың әлеуметтік өркендеуін қамтамасыз ету үшін үкімет тарапынан қолға алынған алымды-шалымды шаралардың аз еместігін білеміз. Ниетіміз – ізгі, мақсатымыз – көтеріңкі. Сөзден іске көшу, өнер-білім бар жұрттар қатарынан көріну жөнінде ұран тасталып, қаймана халық тарапынан қызу қолдау тапқанынан хабардармыз. Ауылды гүлдендіру, қаланы көркейту, ғылым мен техниканы жаңа биіктерге көтеріп, Азия барысы атану үшін егемен ел ретінде түтін түтеткелі, шаңырақ көтергелі бері билік тарапынан талай-талай бағдарлама, жоба-жоспар, стратегия қабылданғаны рас. Махамбет жырау айтқандай, «Еділдің бойы ен тоғайға ел қондырып, жағалай қонған сол елге мал толтыру үшін» миллиардтаған доллар қаражат жұмсалды. Енді, міне, еңбектің зейнетін көретін кез де келді. Бар мен жоқты саусақ бүгіп санамалаған көпшіліктің көңілі көншімегенін байқап жүрміз. Күлбілтелемей, тоқсан ауыз сөзден тобықтай түйінін тастай ғып түйетін дуалы ауыздар қыруар қаржы көзден бұлбұл ұшқанын айтып, құмға сіңген суға да сұрау сала бастады.

Орталықтағы және жергілікті жердегі басшы-қосшылар, қоғам белсенділері мен қошаметшіл қаламгерлер қызу құптаған, шет елдерде кеңінен жарнамаланып, азуын айға білеген Еуропа баспасөзінің өзі бас шұлғыған «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050», «Үдемелі индустриялық даму», «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформа» сияқты болашақты баянды қылып, бүгінгіні үлде мен бүлдеге орауға бағытталған іс-қимыл мен қарекеттің қазіргі күні өңі оңып, боя­уы тоза бастағандай. Әңгіме әрекеттің берекетінде ғой. Кезінде осы бағдарламаларды қызу қолдап, үн қосқандардың бірі едім. Абай Құнанбайұлы Екінші қарасөзінде жазғандай, «ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп», қуанатын едім. Енді, міне, балапан санар күз таянғанда данышпан атамыз сияқты «бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» деп, пұшайман болып отырған жайым бар. 

Қазір «қарағай басын шортан шалған» қилы заманда тұрмыз. Президентіміз айтқандай, кемшілік пен келеңсіздікті сын тезіне салып, сүрінген тұстарымыздан «сабақ алуымыз» керек. Келешекке көз тастау үшін өткенге үңілген жөн-ақ. Жоғарыда аталған, ел мен ердің ақиқат ахуалын таразыға тартып, қалтадағы пұлды әлем базарындағы нарық бәсіне безбендеуден гөрі биік кабинеттердегі арманшыл ағайындардың ұшқыр қиялынан туындаған құрғақ уәделер мен мәнсіз міндеттемелерге аудит жасап, тексеру арқылы қисапсыз қаржының қайда кеткені түбінде анықтала жатар. Бұл жөнінде мемлекет басшысы «сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс» деп, атқамінерлерге нақты тапсырма бергені жадымызда.

Президент «Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысып, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тірегенін» атап өтті. Халқының саны Қазақстанның қатардағы облысының тұрғындарымен шамалас Багам аралының елі 15 адам жіберіп, 2 алтын, Косовоның 11 адамы 2 алтын, Бермуд аралының 2 адамы 1 алтын, Фиджидің 16 адамы 1 алтын алғанын жарыса жазып жатырмыз. Біз бұдан бәйегеде бақ емес, бап шабатынын, қай істі де адамның саны емес, сапасы шешетінін байқаймыз. Сондықтан да Мемлекет басшысының былтырғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», деп атап көрсеткені дәтке қуат, көңілге медет.

1410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы