• Бизнес & Қоғам
  • 12 Тамыз, 2021

Зардап шеккендер мәселесі оңды шешілуде

Қуаңшылық салдарынан аса қатты зиян шеккен Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жағдай қалпына келді және оларға бүкіл еліміз болып көмекке келу оң нәтиже бере бастағанын біздің басылымымыз да тұрақты назарда ұстап келеді. Бүгінгі шолуымызда осы өңірлердегі қазіргі жағдайға кеңірек тоқталмақпыз.

Қызылорда облысына іс-сапары барысында ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев ең алдымен құр­ғақшылықтан зардап шеккен Арал ауданының ауылдарын аралап, жергілікті халықпен кездесті. Шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысқан ол ауыл ақсақалдарының өтініш-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер жайлы айтып, жұттың зияны тиген жұрттың сұрағына жауап берді.

Ал сонан соң ол Жал­ағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын ара­лады. Алдымен Жалағаш ауданындағы «Байтабын» шар­уашылығының шөп жинау дайындығымен танысса, одан кейін Сырдария ауданындағы жоңышқа егетін «Мағжан және К» серіктестігінің жұ­мысын бағамдады. Шиелі ауданына жеткен Ербол Қа­рашөкеев Арал ауданына көмек ретінде шөп жөнелтіп жатқан «Бидайкөл» шаруа қожалығының басшысымен кездесіп, құрғақшылықтан зардап шеккен ауданға көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, ми­нистрдің міндетін атқарушы ат басын бұрған шаруашы­лық басшыларының бәріне биылғы құрғақшылықтан сабақ алу керектігін және мал азығы қорын жинау күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін тағы еске салды. «Өзде­ріңіз білесіздер, Арал ауда­нының шаруалары биыл құр­ғақ­­шылықтан қатты зардап шекті.

Біздің қолға тиген дерек бойынша, 559 бас мал шығын болған. Осыдан кейін аудан әкімдігінің төтенше жағдай жариялауына тура келді. Қазір мәселе ретімен шешіліп келеді. Облыстың бес ауданынан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан мал азығы жеткізілетін болды. Ол үшін келісім жасалды. Мен жергілікті билікке осы мүмкіндікті пайдаланып, тез арада мал азығы қорын жинап алуды тапсырдым. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы әкімдігінің резервінен 250 млн теңге бөлінді, оның 49,5 млн теңгесі шөп таситын көлік шығынын көтеруге жұмсалады. Жалпы, бұл жағдай министрліктің тұрақты бақылауында болады», – деп түйді шаруашылық басшыларымен кездескен Е.Қарашөкеев.

Жалпы ауданда мал суаратын құдықтар салу және су бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Айтпақшы, су мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілмек.

«Өткен аптада Қазақстан мен Тәжікстан премьер-министрлері Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша бірлескен іс-қимыл туралы уағдаласқанын хабарлады. Қазақстан Тәжікстан су қоймасынан қосымша су жіберу жөнінде келісті», – деп хабарлады Ербол Қарашөкеев.

Тағы бір маңызды мәселе – мал азығына сұраныс артқан сайын оның бағасының да күрт көтерілуі. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өсті. Бағаның өсуіне тасымал шығыны да әсер етті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша Үкімет деңгейінде проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін шаралар қабылданатын болады. Е.Қарашөкеевтің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқа өңірлерден жем-шөп тасымалдауға арнайы жеңілдік беретін болды.

«Бүгінгі күні облыста 347 мың тонна мал азығы дайындалды, бұл қажеттіліктің 45%-ын құрайды. Өңірде жұмысты үйлестіретін облыстық және аудандық штаб құрылды. Мал азығын дайындау және қамтамасыз ету жөнінде облыстық жоспар бекітілді. Соған сәйкес, арнайы шөп дайындау бригадалары, еріктілер, «Жасыл Ел» студенттік отрядынан жастар да көмекке келіп жатыр. Мыңға жуық адамның қатысуымен 114 бригада құрылып, 170 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды», – деді ведомство басшысы.

Осы тұста айта кету керек, Арал ауданына бизнес өкілдері де қолұшын созып жатыр. Мәселен, белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың Қоры бөлген қаржы аудандағы мыңнан астам аз қамтылған отбасының малына жем сатып алуға жұмсалды. Осы сияқты көмектер әлі де жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Е.Қарашөкеев Қызылорда облысына жасаған сапарының соңында Жаңақорған ауданындағы алма бағын баптап отырған «Жан-Арай» серіктестігімен құс шаруашылығымен айналысатын «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы құрылысының барысымен және мал шаруашылығымен айналысатындарға жем-шөп дайындайтын «Нұрбол И» шаруашылығының жұмысымен танысты.

МАҢҒЫСТАУДА  ШӨП БАҒАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ

Маңғыстау облысында бір түк шөп 900-1000 теңгеден сатылып жатыр. Бұл нарықтағы бағадан 500 теңгеге төмен. Өзге өңірлерден тасымалданып жатқан шөп бағасын арзандату облыс әкімдігінің қолға алған арнайы шарасы аясында жүзеге асуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Кәсіпкерлермен келісім нәти­жесінде 1 200-1 400 теңге ара­лы­ғында тұратын бір түк шөп 900-1 000 теңгеден сатылуда. Үстіндегі шығын облыс әкімдігі жанынан құрылған қор есебінен өтеледі. Қазірдің өзінде өңірдегі бірнеше кәсіпкермен осындай келісім жасалған.

Бүгін қолжетімді бағадағы шөп Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылы мен Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында сатылды. Ақшұқыр ауылына өткен аптада Ақтөбе облысынан 800 түк шөп жеткізілді. Бағасы 900 теңге. «Осы күнге дейін Түпқараған ауданына 3 мың тонна шөп жеткізіліп, төмен бағада сатылды. Ақшұқыр ауылында 20 шаруа қожалығы мен 290 жеке малы бар тұрғын бар. Арзан шөпті алушылар көп. Халық риза болып жатыр. Мал азығын қолжетімді ету жұмысы әрі қарай да жалғасатын болады», – деді Ақшұқыр ауылы әкімінің орынбасары Жандос Өтелгенов.

Төмен бағада шөп сату жұмыстары Мұнайлы ауданында 23 шілдеден басталған. «Жалпы ауданға өзге өңірлерден тасымалданып жатқан шөп 1 400-1 500 теңгеден сатылып жатыр. Облыс әкімдігінің қолдауымен баға 400-500 теңгеге түсіріліп, қазір екі кәсіпкер шөптің бір түгін 1 000 теңгеден сатуда. Жақында ғана тағы осы бағада Ақтөбеден 2 800 түк жеткізілді. Әр тұрғынға 20 түктен бе­рі­ліп жатыр. Алдағы күндері аудан­ның Батыр және Баянды ауылдарында да арзан шөпті сату жұмысын ұйымдастыратын боламыз. Шаруа қожалықтары мен мал бағып отырған тұрғындардың шөпке сұранысына орай аталған жұмыс жалғасын табады», – дейді Мұнайлы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсат Созақбаев.

Иса ҚАМБАР

 

1287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы