• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 12 Тамыз, 2021

Дамуға дәйек болар шаралар

Ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, еліміздің қаңтар-шілде аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ оқу жылының басталуына дайындық барысы Үкіметтің кезекті отырысында қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин аталған бағыттарда жоспарланған межелерге қол жеткізу қажеттігін ескертті.

Қазіргі санитарлық-эпиде­миологиялық жағдай мен ха­лықты вакциналау барысы туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, кәсіпкерлік субъектілерін Ashyq жүйесімен қамту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов баяндады. Мәлімделгендей, Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай баяу өсу үрдісіне ие және біртіндеп тұрақталуда. Вирустың репродуктивтік индексі – 1,01 құрайды, инфекциялық төсек-орындар 54%, реанимациялық төсектер 45% толды. Бүгінгі таңда 5,9 млн жуық адам бірінші компонентті, шамамен 4,5 млн адам екінші компонентті алды.

Үкімет басшысы биыл тамыз айында вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз ете отырып, әсіресе Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыс­тарында вакциналау қарқынын күшейту қажеттігін атап өтті. Премьер-министр Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қарағанды облысына ерекше назар аудара отырып, барлық өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар халықтың шектеу шараларын, ең алдымен маска тағу режимін сақтауын қамтамасыз ету қажет екені атап өтілді. Ол үшін карантин талаптарын бұзушылар­ды жауапкершілікке тарта отырып, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру тапсырылды. «Ashyq жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келеді. Олардың саны 5 есеге – 21 мыңнан 101 мыңға дейін өсті. Бұл бизнеске өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Ashyq қосымшасының қолданылу аясын одан әрі кеңейту қажет», – деді А. Мамин.

Бұдан соң жиында еліміз­дің биылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық да­муының және республикалық бюджеттің атқарылуының қоры­тындылары қаралды. Эконо­миканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдай туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторын дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев және энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағ­дай туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндады.

Үкімет басшысы Қазақстан экономикасында төрт ай қатарынан сенімді өсім байқалатынын атап өтті. Жеті айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 2,7% құрады. Экономиканың нақты секторы өсімнің негізгі драйвері болып қала береді. Серпін өнеркәсіпте­гі (+2,5%), құрылыстағы (+11,1%) өн­дірістің өсуімен, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсу қарқынымен (+2,4%) қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптегі өсім өңдеу секторындағы өндірістің 5,9%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Өндіріс қарқынының артуына фармацевтика өндірісінің (+38,9%), машина жасаудың (+22,7%), оның ішінде автомобиль жасаудың (+34,7%) және локомотивтер мен вагондар өндірісінің (+37,7%), мұнай өңдеудің (+8%), жеңіл өнеркәсіптің (+5,4%), азық-түлік өнімдері өндірісінің (+3,9%) және химия өнеркәсібінің (+1,9%) өсуі ықпал етті. Құрылыс секторында 11,1%-ға және тұрғын үйді пайдалануға беруде 10,3%-ға немесе 7,7 млн м² жоғары өсу қарқыны байқалады. Сақталып отырған шектеу шараларына қарамастан, саудадағы (+9,1%) және байланыстағы (+12,5%) жоғары динамика есе­бінен көрсетілетін қызметтер секторында өсу қарқыны (+2%) артуда. Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығындағы тұрақты өсу қарқыны (+3,4%) есебінен 2,4% деңгейінде тұрақты өсу қарқыны байқалады. Негізгі капиталға са­лынған инвестициялардың өсуі (НКСИ) тау-кен өндірісін есептемегенде 18,3%-ды құрады. НКСИ жоғары көрсеткіштері құрылыста (+129,6%), өңдеу өнеркәсібінде (+82,9%), ақпарат және байланыс саласында (+48%), ауыл шаруашылығында (+45,5%), саудада (+40%) байқалады. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Қа­рағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бойынша әлеумет­тік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан облысы ең төменгі көрсеткіштер­ге ие.

Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру шараларын күшейтуді және ерекше бақылауға алуды, Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы тамыз айының соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралардың жаңа топтамасын қабылдап, іске асыра бастауды тапсырды. «Барлық өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – деді А.Мамин.

Оқу жылының басталуына дайындық барысы бойынша бі­лім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. 2021-2022 оқу жылында Қа­зақстанның 7475 мектебінде 3,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала оқитын болады. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтердің 93,1%-ы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4%-ы вакцина алды.

Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажеттігін атап көрсетті. Білім және ғылым, денсау­лық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс. Премьер-министр осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтер мен техперсоналды вакциналаумен 100% қамтамасыз етуді, осы жылғы 20 тамызға дейін мектептерді сани­тариялық талаптарға сәйкес (кварцтеу, дезинфекция, маска режимі, күнделікті термометрия және т.б.) қабылдауды аяқтауды тапсырды. Барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін Ashyq жүйесі енгізіледі. Үкімет басшысы 25 тамызға дейін ең алдымен, кестеден кешігіп отырған Павлодар және Түркістан облыстарында оқулықтарды мектептерге кестеге сәйкес толығымен жеткізуді тапсырды. Сонымен бірге кестеден артта қалған мектептерде жөн­деу жұмыстарын аяқтау қажеттігі ны­ғыздалды. Жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің ең көп саны – Алматы (9), Қостанай (6) және Батыс Қазақстан (5) облыстарында. Премьер-министр ағымдағы жылғы 25 тамызға қарай барлық білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға 100% дайын болуын қамтамасыз етуді, балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша барлық мәселелердің шешімін табуды тапсырды. 

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы