• Бизнес & Қоғам
  • 12 Тамыз, 2021

АЛАТАУДЫҢ АЛМАСЫ НЕГЕ АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР?

Тау бөктеріндегі жабайы алма ағаштары жойылуға жақын тұр

Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екені белгілі. Оның ішінде биологиялық ресурстар: өсімдіктер, жануарлар мен микроорганизмдер – халықты сапалы және қауіпсіз тағаммен қамтамасыз етудің негізгі көзі. Алайда климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы және басқа себептер жасыл әлемге орасан зор зиянын тигізіп отыр.  

Ғалымдардың деректері бойынша планетамызда күн сайын өсімдіктердің 25 түрі мүлде жойылады. Бұл үрдіс мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы үшін өте қауіпті. Тамыз айының алғашқы күндері Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми- зерттеу институты ұйымдастырған  «Алманың  атамекеніне саяхат» атты ғылыми экспедиция осы мәселеге назар аудару мақсатында өткізілді. Сиверс алмасын сақтау жөніндегі жоба аясында «Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде» өткен экспедицияға биологтар, ботаниктер, шетелдік ғалымдар, экологтар қатысты.

Экспедиция алдында өткен брифингте «Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы Серік Садықов іс-шараның мақсат-міндеті жөнінде айта келіп, қазіргі мәдени өсімдіктердің түрлі сұрыптарын өсіруде олардың жабайы түрлерін сақтаудың маңыз­ды екеніне тоқталды. Азық-түлік және тұрмыстық қажеттілік үшін қолданатын мәдени өсімдіктердің барлығының дерлік жабайы түрлері бар. Жабайы өсімдіктер – ауыл шар­уашылығы өсімдіктерінің ата-тегі. Бұл өсімдіктер табиғи жолмен және өзінің байырғы мекенінде өсетіндіктен бактериялық ауруларға, қуаңшылық пен аяз және басқа катаклизмдерге төзімді. Олардың осы қасиеттері ауыл шаруашылығы ғылымында мәдени өсімдіктердің жаңа сұрыптарын алу және олардың сапасын арттыру үшін тұрақты түрде қолданылады. Сондықтан мәдени өсімдіктердің жабайы түрлерін сақтау және қорғау аса қажет.

Қазақстан – Сиверс алмасының отаны екені дүниежүзі ғалымдары тарапынан мойындалған. Тарбағатай, Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы бөк­терлерінде жабайы алма бақтары мыңдаған жылдардан бері өсетіні дәлелденген. Бұған неміс ғалымы Иоганн Сиверстің қосқан үлесі зор. Тарбағатай тауларынан алғаш осы ғажайып жемісті тауып, оны әлемге таныстырған ғалымның құрметіне ол Сиверс алмасы – Malus Sieversii деп аталды. Атақты Алматы апорты осы жабайы алманы селекциялау жолымен алынған мәдени сұрыптың бірі. Қазіргі күні біздің тауларымызда 1000-1700 метр биікте өсетін жабайы алма тұқымдарын пайдалану негізінде әлемде мыңдаған сұрып алынады.

Сиверс алмасы «Қызыл кітапқа» енгізілген. Бірақ соңғы жылдары табиғатты есепсіз пайдалану, эко­логияның нашарлауы, бактериялық аурулар, өсімдік зиянкестері және басқа себептерден Сиверс алмасы ормандарының көлемі күрт азайды. Іле Алатауының Алматы қаласы орналасқан маңайында жабайы алма өсетін белдеу түгелге дерлік жойылып, урбанизация құрбанына айналды. Кезінде атақты Алматының апортына негіз болған жабайы алмалар өскен тау бөктерінде бүгінде зәулім үйлер мен сәулетті саяжайлар тұр.

Ғылыми экспедицияға қатысу­шы­лар брифингтен кейін Алматы об­лы­сының аумағында орналасқан Жоңғар Алатауы ұлттық паркіне жол тартты. 2010 жылы құрылған қорық  Алматы облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының жерін қамтиды. Өсімдік және жануарлар әлемі өте бай, мұнда сирек кездесетін қар барысы, сілеусін, сабаншы, қоңыр аю, арқар, таутеке мен марал бар. Ерекше қорғалатын бұл өңірде жабайы Сиверс алмасы мен өрік ағаштары, саналуан жеміс-жидек өседі. Қорық аумағына өткен соң экспедиция мүшелері Каспий университетінің  «Ғылыми-зерттеу орталығына»  тоқтады. Мұнда аталмыш университеттің, жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтының ғалымдары зерттеулер жүргізеді. Қонақтар ғалымдармен бірге таудағы жабайы алма мен өрік (Prunus armeniaca L) өсетін белдеуді көзімен көріп, жұмыс барысымен танысты. Жоңғар Алатауы қорығында Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының бірнеше тұқымдық учаскесі бар, мұнда ғалымдар тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. 

Ғылыми экспедицияның екінші күні қатысушылар ұлттық парктің «Тополевка» инспекторлық бөлімінің «Осиново» кордоны  аумағында орналасқан академик Аймақ Жанға­лиевтің тұқымдық учаскесіне барды. Бүкіл ғұмырын жеміс-орман ағаштарының селекциясы мен генетикасын зерттеуге арнаған, отандық ботаника ғылымының бастауында тұрған Аймақ Жанғалиұлы – Қазақ жеміс-жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы, тұңғыш директоры. Ғалым дәл осы биік таудағы алма бақтарын жаяу аралап, институттың тұқымдық учаскелерін құрған. Осы аумақтан алынған ең сапалы тұқымдарды іріктеп алып, соның негізінде 27 клон-сұрып шығарған. Атақты Н.Вавиловтан кейін қазақ жеріндегі жабайы алманың дүниежүзіне танылуына А.Жанғалиевтің қосқан үлесі зор. Бүгінде академик жұмыс істеген учаскелерде институт ғалымдары «Сиверс жабайы   алмасының тіршілік ету ортасында табиғи жаңаруы» жобасы аясында зерттеулер жүргізіп жатыр. «Таулы өңірдегі биологиялық алуантүрлілікке басқа ешбір аймақ жетпейді. Кеңістік пен биіктік, мұздықтардан аққан өзендер мұнда өсетін өсімдіктерге ерекше қасиет береді. Таудағы әрбір ағаш, әрбір бұта, әрбір шөп өзінше бір әлем, олардың бойындағы белгілер ешбір мәдени өсімдікте кездеспейді. Сондықтан біз биоалуантүрлілікті таза күйінде сақтауға тиіспіз», – дейді Қазақ жеміс-көкөніс ҒЗИ биотехнологиялар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты С.Долгих.

Тау беткейіндегі Сиверс алмасы негізінен тамырынан өсіп шыққан жас өскіндер арқылы көбейеді және 70-120 жыл өмір сүреді. Ғалымдар мәдени сұрыптар өсіруге арналған үлгілерді осы ағаштардан алады. Биология ғылымдарының докторы, профессор, Сиверс алмасын сақтау жөніндегі халықаралық қор құрылтайшыларының бірі Наталья Огарьдің айтуынша, еліміздегі ерекше алма бағының гендік қорын сақтау стратегиялық маңызды мәселе. Біраз уақыт бұрын Қазақстан генетикалық биоматериалдар саудасы туралы халықаралық конвенцияны мақұлдады. Яғни отандық биогенетикалық қор мемлекет қорғауына алынған, оны шетелге шығаруға, сатуға тыйым салынған. Алайда Сиверс алмасы мемлекет қорғауына алынғанмен де, жабайы алма бақтарын сақтап қалу қиынға соғып отыр. Ғалымның айтуынша, қазіргі басты мәселе – алма бағы белдеуінің азаюы, жеміс ағаштарының қартаюы, бактериялық аурулар және зиянкестер.

Күніне ондаған өсімдік түрлері жойылып жатқан қазіргі кезеңде оларды мыңдаған жылдарға сақтап қалудың бір тәсілі – генетикалық банк құру. Мұндай қоймада шаруашылық үшін қажет өсімдіктердің тұқымдары мен көшеттері криогенді мұздатқыш камерада және шыны түтікте сақталады. «Қазіргі күні генетикалық банк қалыптастыруда Қытай, АҚШ, Ресей, Үндістан алда келеді. Алдағы уақытта тұщы су мен өсімдіктер қорына ие елдің ғана болашағы бар. Генбанк құру – азық-түлік қауіпсіздігі мен импортқа тәуелділікті жоюдың кепілі», – дейді С.Долгих.   

Қазақстан – бидай, тары, алма, өрік және басқа дәнді дақыл, жеміс-жидек­тердің атамекені. Сол себепті елімізде генетикалық банк құру өте өзекті мәселе. Генетикалық банк өсімдік түрлерін табиғи өсу аумағынан тыс жерде сақтау мақсатында құрылады. Бұл үшін жеміс-көкөністердің табиғи өсетін аймағындағы ең үздік түрлері іріктеп алынады. А.Жанғалиевтің Жоңғар Алатауы бөктерлерінде тұқымдық учаскелер құруының себебі де сол. «Солдат сайындағы» тұқымдық бөлімшелерде Мағжан Исин секілді шәкірттерімен айлап жатып зерттеулер жүргізген ғалым осы аумақтағы алма ағаштарын аналық ретінде пайдаланып, олардың тұқымдарын морфологиялық, помологиялық тұрғыдан зерттеген, жаңа сұрыптар шығарған. Тау бөктеріндегі алма бағының ең жоғары белдеуі теңіз деңгейінен 1731 метр биікте. Олардың тұқымдарын бұл биіктікке аю, қабан секілді жабайы аңдар жеткізеді  екен. «Осиново» кордонындағы тұқымдық учаскенің теңіз деңгейінен биіктігі – 1250 метр. Мұндағы жабайы алманың көлемі, түр-түсі, дәмі әртүрлі және әзірге табиғи қалпында сақталған. Жабайы алма ағаштарының генетикалық тұрақтылығын сақтау болашақта алынатын мәдени сұрыптардың сапасы үшін өте маңызды. «Жалпы жабайы алма мен өрік ағаштарына құлмақ, шырмауық секілді зиянды өсімдіктерден гөрі адамның тигізетін зардабы орасан, – дейді Светлана Долгих. – Сәл ғана ағат іс-әрекет табиғат тепе-теңдігін бұзуға жеткілікті. Реинтродукция, яғни бұзылысқа ұшыраған популяцияларды қайта қалпына келтіру үшін ғалымдар генетикалық материал іріктеуге мұқият қарауы керек».

Жалпы отандық биолог және ботаник ғалымдар Сиверс алмасын сақтау бағытында жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ қаржыландырудың жетіспеушілігі және басқа себептерге байланысты бұл жұмыстардың ауқымы мен нәтижесі шектеулі. Іле Алатауы бөктерлерінде жабайы алма ағаштары өсетін табиғи ареал жойылуға жақын, ендігі міндет – Жоңғар Алатауы аумағындағы Сиверс алмасы белдеуін қазіргі қалпында сақтау, биоресурстарды ұтымды пайдалану. Және де Қазақстанда өсетін бүкіл өсімдіктердің біртұтас генетикалық банкі мен электронды мәліметтер базасын құру қажет. Бұл ауқымды әрі  күрделі іс-шара ғалымдар мен құзыретті мекемелердің бірлескен жүйелі іс-шаралар жүргізуін талап етеді. Жабайы өсімдіктер әлемін сақтау және генетикалық банк құру азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен еліміздің келешегі үшін маңызды.

Дина ИМАМБАЕВА

 

1780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы