• Бизнес & Қоғам
  • 19 Тамыз, 2021

Зауыт зор көмек көрсетіп отыр

Пневмония және COVID-19 дертіне шалдыққан науқастар санының көбеюіне байланысты Ақтөбеде қайтадан күрделі жағдай орнады. Осыған байланысты өңірдегі ферроқорытпа зауытының оттегі учаскесінде тәулігіне 800 баллон толтырылуда.

Өткен жылы ауруханаларға шұғыл түрде өмірлік маңызды оттегі қажет болған кезде Қазхром компаниясының филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты дәрігерлер­дің өтінішіне құлақ асқан еді. ERG баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл да осы жағдай қайталанып, сырқатқа шалдыққандар саны көбейген. «Пандемия басталғалы Қазхром компаниясы өзінің міндеті мен құндылықтарына сүйене отырып, қалалық ауруханалар мен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Коронавирус күшейген шақта кәсіпорынның оттегі учаскесі тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейді. Оттегі баллондары коронавирустен емдеп жатқан үш аймақтық ауруханаға арналған. Олар – облыстық фтизиопульмонология орталығы, теміржол ауруханасы және облыстық кли­никалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Қажеттілігіне қарай оттегіні жеткізудеміз», – деді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов.

Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, жағдай тұрақты және зауыт беріп жатқан оттегінің көлемі барлық науқастарға жеткілікті. «Былтырдан бері зауытпен етене жұмыс істеп келеміз. Оттегі баллондарын жеткізу бір сәт те кешіккен емес. Қазір біздің орталық тәулігіне 200 баллоннан қабылдап жатыр. Сол үшін зауытқа алғысымыз шексіз. Себебі, ол талай адамның өмірін аман сақтап қалып жатыр», – деді Е.Тәтімов.

Қазіргі сәтте ауруханаларға бал­лондарды жеткізуге зауыттағы Жастар кеңесінің еріктілері де көмектесуде, олардың көбі қалалық еріктілер бірлестіктерінің мүшесі. Қожды қайта өңдеу цехының конвейер машинисі Алексей Васин түнгі кезекшіліктен кейін әріптестерімен бірге сауапты іске қалай септескенін баяндап берді. «Өткен жылы тасымалдауға 3-4 волонтер болып шықтық. Баллондарды тиеп, түсіріп жатқан бейнебаяным жарияланған соң, басқа да еріктілер қолдау көрсете бастады. Бүгінде біздің топта жұмыстан тыс уақытта көмектесуге дайын 20-ға жуық ерікті бар», – дейді ол.

Учаскеде 99,9% – тазалығы жоғары оттегі өндіріледі, ол серти­фикаттарға сай медициналық мақсаттарға жарамды. Зауыт қызметкерлері оның құрамы мен тазалығын күн сайын қатаң бақы­лайды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабековтің айтуынша, ERG басшылығы да, кәсіпорын қызметкерлері де COVID-19 дер­тінің таралмауына баса мән беруде. Зауытта қызметкерлердің 50 пайыздан астамы – 2246 адам екпе қабылдаған.

Пандемия басталғалы бері металлургтер қала ауруханаларына 15 мыңға жуық баллон жеткізді. Компания бұл игі іспен де шектеліп қалмады. Өткен жылы ERG Ақтөбе облысында коронавирус инфекция­сымен күреске 200 млн теңгеден астам қаражат аударды. Осы жыл­дың шілде айында дәрі-дәрмек сатып алу үшін өңірге қосымша 219,4 млн теңге бағытталды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

1161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы