• Өндіріс өрісі
  • 19 Тамыз, 2021

KPI: Кемел кластер құру жолында

Еліміздегі полипропилен өндіретін алғашқы зауыттың құрылысы 90%-ға аяқталды. Оны іске қосу – ішкі және сыртқы нарықтарда өткізілетін қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін шығару жөніндегі ауқымды міндет, өнеркәсіптің аралас салаларын дамытудағы серпінді қадам болып табылады.

ҚазМұнайГаз басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Атырауға жұмыс сапары аясында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-нің жаңа кәсіпорны қабырғасында атқарылып жатқан істерге ден қойды.

Біріктірілген газ-химиялық ке­шеннің бірінші кезеңінің құры­лыс алаңында болған ҚМГ басшысы пропанды ағызудың теміржол эстакадасын, пропанды сақтау паркін, бас электр қосалқы стансасын, пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғыларын, сондай-ақ дайын өнімді жинақтау мен жөнелту нысандарын аралады. «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімовтің атап өтуінше, қазір жалпы құрылыс жұмыста­ры аяқталып қалды, цехаралық инженерлік желілер монтаждалып, сынақтан өткізілді, металл құрылымдарының шамамен 28 мың тоннасы және технологиялық құбырлардың 435 мың дюймы монтаждалды, бетон құю жұмыстары толығымен тәмамдалды. Сондай-ақ негізгі құрал-жабдықтар жеткізілді. Әлемнің әр елінен барлығы 8 836 бірлік болатын қосалқы жабдықтар әкелінуде. Бұдан бөлек, инженерлік инфрақұрылым нысандарын дайындау аясында бас қосалқы стан­саның құрылысы аяқталып, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің газ-турбиналық электр стансасынан электр қуаты тартылды. Айналмалы сумен қамту блогында резервуарлардың гидросынақтары өтіп, сорғы бөлмесі мен градирняны монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобаны іске асыруға барлығы 3 500 адам және 100-ге жуық техника бірлігі жұмылдырылған. Құрылыс алаңын аралау кезінде зауытты іске қосу мен реттеу жұмыстары және қызметкерлердің дайындығы мәселелері талқыланды. ҚМГ басшысы құрылыс жұмыстарының кестесін одан әрі сақтаудың маңыз­дылығына тоқталды.

– Бұл еліміздегі теңдессіз жоба. Кәсіпорында озық технологиялар мен жабдықтар пайдаланылады. Зауыт қуаты шығарылатын өнім – полипропиленге деген қазақстандық сұранысты өтеп қана қоймай, экс­портқа шығаруға да мүмкіндік береді. Жалпы мұнда өндірілетін өнім келешекте құрылыс материалдары өндірісі, автомобиль өнеркәсібі сияқты аралас салалардың дамуына және жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға септігін тигізеді, – деді А.Айдарбаев.

Зауыт жылына 500 мың тоннаға дейін полипропилен шығаруға қабілетті. Бастапқы кезеңде полипропиленнің 11 маркасы шығарылады деп жоспарланса, болашақта өнім түрі 65 маркаға дейін ұлғайтылады. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 586 жаңа жұмыс орны ашылады.

Полипропилен машина құрастыру, медицина, электро­техника саласында, қаптама материалдарын, қораптар, талшықтар, тұрбалар, кеңсе тауарларын, тұр­мыстық техникаларды және басқа да заттарды өндіруде кеңінен қолданылады. Мысалы, поли­пропиленнің 500 мың тоннасынан 254 миллиард медициналық бетперде немесе 3145 шақырым полипропилен құбырын (D=25 mm, S=2,3 mm) шығаруға болады. Жобаның бас ЕРС-мердігері – (инжиниринг, қамту және құ­рылыс жұмыстары) China National Chemical Enginnering Co компаниясы. Өндіріске қажетті шикізат Теңіз кен орнынан жеткізіледі. KPI Теңіз кенішінен жеткізілетін пропанды өңдей отырып, түйіршіктел­ген полипропилен шығарады. Мұнай өңдеу мен мұнай-химия өндірістерінде технологиялық қондырғылар үлестірмелі басқару жүйесінің көмегімен басқарылады. Өнім Еуропа Одағы, Таяу Шығыс елдерінде, Қытайда, Ресейде және басқа да өңірлерде сұранысқа ие. Полипропилен түйіршіктерін өңдеу салыстырмалы түрде қарапайым, сол себепті соңғы өнім құны жоғары басқа полимерлермен бәсекелесе алады.

Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. интеграциялан­ған газ-химия кешені Қазақстан­дағы алғашқы цифрландырыл­ған кәсіпорын болмақ. Жоғары технологиялық өндіріс басында жүретін мамандарға деген талап та жоғары болатыны түсінікті, сондықтан оларды даярлау өндірісті іске қосу мерзімінен жыл жарым уақыт бұрын басталып кетті. Бұл үшін KPI-да компьютерлік оқу-жаттығу кешендерінде оқыту енгізілді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

813 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы