• Қаржы
  • 19 Тамыз, 2021

Әлеуметтік саланы сүйемелдеу шектеле ме?

Ұлттық қордың 2021 жылғы бүкілге жуық инвестициялық табысы жаратылып қойды. Бұдан әрі не болмақ? Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы еліміздің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы шоғырландырылған бюджетіне талдауын ұсынды. Енді соған зер салсақ.

Өткен жылмен салыстырған­да салық түсімдері қарқынының жақсарғанына қарамастан, жағдай сарапшылар тарапынан көңілге соншалықты нық сенім ұялатып отырған жоқ. Елдің экономикалық дамуын қолдау және әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша шаралардағы басты атқарымдардың бірі ретінде Ұлттық қор рөлі одан әрі арта түсуде.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығы (ҚҚҚ) маманда­рының мәлімдеуінше, коронавирус індетінің бюджет балансына жайсыз әсері сақталып отыр. Мәселен, бірінші жартыжылдықта шоғырландырылған бюджеттің табыстары 6,3 триллион теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16,7 пайызға немесе 1,3 трлн теңгеге төмен. «Осыншама айтарлықтай төмендеу Ұлттық қорды басқаруда табыстардағы айырмашылықтармен айқын­далады: 2020 жылдың бірінші тоқсанында инвести­циялық табыс 2,6 трлн теңге құраған (ұлттық валюта бағамының әлсіреуі салдарынан Ұлттық қор­дағы валюталық активтердің оңды қайта бағалануы есебінен), 2021 жылдың бірінші тоқсанында 0,2 трлн теңге құраған болатын», – деп атап көрсетілген ҚҚҚ шолуында.

Сонымен қатар 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында салық түсімдері 2020 жылдың осындай кезеңінің нәтижелерінен айтарлықтай асып түскен: биыл 5,8 трлн теңге салық жиналған, ал бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 20,3%-ға немесе 977 млрд теңгеге артық.

Жергілікті және республика­лық бюджетке салық түсімдері­нің артуы еліміздегі мейлінше жұмсақ шектеулер мен іскерлік белсенділіктің жандана түсуі, энергия қорларына бағалардың жоғары болуы (мұнай ЭСА – электрондық сауда алаңдарында), салыққа өзгерістер (ШОБ-тардан КТС – корпоративтік табыс салығы – жергілікті бюджеттерге аударылады) аясында орын алды (1-инфографика).

Сонымен бірге бюджет шы­ғындары 9,3 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл өткен жылғы деңгейден 11,4%-ға немесе 954 млрд теңге артық. Неғұрлым айтарлықтай ауқымды шығындар білім беру саласына (279 млрд теңге өсім), әлеуметтік көмек (159 млрд тең­геге), денсаулық сақтауға (104 млрд теңгеге) және мемлекеттік қарызды өтеуге (187 млрд теңгеге) артқан. Шығындардың жиынтық өсімінің 76%-ы нақ осы төрт бағыттың еншісіне тиесілі екен (2-инфографика).

Түсімдердің құлдырауы аясында шығындардың артуымен қатар шоғырландырылған бюджет тапшылығының 2,2 трлн теңгеге дейін (6,3 есе өсім) айтарлықтай шиеленіскені байқалады. Бұл ретте бюджет тапшылығын қаржыландыруға жылдық жоспарда 3,9 трлн теңге аударылуы тиіс болса, іс жүзінде 2,3 трлн теңге қарыздар тартылған.

Сонымен қатар Ұлттық қордан республикалық бюджетке биылғы жылға жоспарланған 4,6 трлн теңгенің трансферттер көлемі 2,1 трлн теңгені құраған. Бұл ұлттық валютаға әжептәуір қолдау болды (Ұлттық қор арқылы сатылған валюта 4,3 млрд долларды немесе 1,8 трлн теңге құраған).  «Ішкі және сыртқы макроэкономикалық жағдайлардың былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсаруына қарамастан, үкіметтің бюджеттік саясаты ынталандыру сипатын сақтап отыр. Жақын мерзімді болашақта бұл тұтынудың жиынтық деңгейін, әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға мүмкіндік береді, сондай-ақ елдің экономикасын қалпына келтіруді де жеделдетеді. Бірақ та ұзақ мерзімді кезеңде табыс бөлігінен айтарлықтай асып түсетін және еңбек өнімділігінің тиісті өсімін қамтамасыз ете алмайтын бюджет шығындары инфляцияның өсуіне жағдай жасайды және сыртқы қарыздың артуына әкеп ұрындырады да, сөйтіп, елдің халықаралық тұғырнамасын нашарлатып, экономикалық өсуінің тұрақты қарқында өрбуін қиын­датады», – деп атап көрсетеді ҚҚҚ сарапшылары.

Бұл ретте Ұлттық банк зерт­теулері республикалық бюджет шығындарының 10%-ға өсуі инфляцияның 12 ай мерзімде айтарлықтай – 0,41%-ға жеделдейтінін көрсетіп отыр. Осыған орай, Ұлттық қордың активтері азайтылмайтын қал­дыққа (ІЖӨ-нің 30%-ынан кем емес) таяп қалды. Тиісінше, бюджеттік шығындардың орта  және ұзақмерзімді тұрақтылық мәселесі ашық күйінде қалып отыр. «Жоспарланып отырған 2023-ші жылдан бастап бюджеттік заңдылыққа контркезеңдік қазыналық ережелер енгізу нақты қазыналық қағидаттарды ендіру жолымен бюджеттің созылмалы тапшылығын теңдес­тіруге мүмкіндік бермек. Бюд­жеттік тәртіпті жақсартудан өзге бюджеттің кірістері мен шығыстарындағы айтарлықтай үйлеспеушілікті – салық процесін басқаруды жақсарту, көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық салынатын базаның өсімін ынталандыру, үшжылдық тұспалмен және бұрын қабылданған міндеттемелердің ескерілуімен ортамерзімді бюджеттік болжамдарды – оңтайлы реттеуге айтарлықтай мүмкіндік береді», – деп есептейді ҚҚҚ ресми өкілдері.

Осы ретте еліміздегі экономика саласының белгілі тұлғаларының пікірлеріне де көңіл бөле кетсек. Мәселен, экономист Расул Рысмәмбетов бюджет тапшылығы объективті себептер салдарынан ғана туындаған жоқ, бұл «үкімет пен мемлекеттік сыңайлы сектор іс-қимылдарының дұрыс жоспарланбауынан да», дейді. Үкімет, оның пікірінше, Ұлттық қордың қаржысына жоқ  дегенде жақын келешекте де үміт артатын болады. «Теория жүзінде болса, біз Ұлттық қордағы азайтылмайтын қалдыққа жеткен кезде, одан барлық трансферттерді тыюға мәжбүр боламыз. Бұл – бізді 10-15-пайыздық бюджет тапшылығына ұрын­дыратын қатер. Алайда, бюджетке қайта-қайта түрлі қажеттілікпен шығындар жүктеп отырған үкімет оптимизмін есепке алар болсақ, тоқтап қалмасымыз анық, Ұлттық қордан ақша алуды одан әрі жалғастыру үшін қандай да бір басқа айналма жол табамыз. Бұның дұрыс шешім болуы әбден мүмкін, өйткені, егерде біз бір сәтте одан ақша алуымызды доғарар болсақ, онда шет елдердің қарызына жүгінеміз. Салықтар жиналуының қазіргі деңгейі тек әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысына ғана жетеді екен. Сондықтан күзде парламенттің Ұлттық қордан трансферттердің ұлғайтылуын қолдау күмән туғыз­байды, ал бұл – біз Ұлттық қордың азайтылмайтын қалдығын қайта қараудың алдында тұрмыз деген сөз», – деп түсініктеме берді сарапшы.

Экономист Арман Бейсембаев Ұлттық қордың қаржыларын осыншама белсенді ысырап қылу тым таяу кезеңде еліміздің күрделі мәселелермен бетпе-бет келу қаупіне душар етуі мүмкін, деп атап көрсетті. Ол үкімет тарапынан әлеуметтік салаларға шығындардың қысқартылуы мүмкін екенін де жоққа шы­ғармайды.  «Жалпы жағдайды есепке алар болсақ, бюджеттің 2,2 трлн теңгеге тапшылығы – айтарлықтай қомақты қаржы. Іс жүзінде бұл – еліміз ІЖӨ-нің 3,5 пайызы. Мұны күйрерліктей көп деп айтуға да келе қоймас, бірақ біздің экономикамыздағы мұндай тапшылықтың өзі – арқаны кеңге сала қоярлықтай жетістік те емес. Оның үстіне, осындай тапшылық созылмалы және неше жылдардан бері шұбатылып келеді. Біз өз елімізде тапқан табысымыздан, жұмсап жүрген шығынымыз көбірек. Ал, арадағы айырмашылық сонау қоңды жылдары жинақтаған барымызды Ұлттық қордан жырған транштармен белсенді түрде жауып әлекпіз. Бұл ретте тіпті өткен жылы Ұлттық қордан шамамен 2,5 трлн теңге аударылған, ал түскені 1-1,5 трлн теңге ғана. Яғни толықтырып үлгергенімізге қарағанда, Ұлттық қордан жұмсағанымыз жылдамырақ жүзеге асуда. Ал, осындай күрделі жағдайларда ауыр да тартымды емес шешімдер қабылдауға тура келеді», – дейді А.Бейсембаев.

Сарапшы пікірінше, оның екі жолы бар екен: не бюджетті қысқартуға мәжбүр боламыз – демек, зейнетақыларымыз да, жәрдемақыларымыз да, шәкіртақылар, жеңілдіктер де, субсидиялар да шорт кесіледі, ал бұл онсыз да кедейленіп бара жатқан халыққа ауыр соққы болып тиеді немесе дефицитті мемлекеттік қарызды арттыру есебінен жабуға тырысу қажет. Екінші нұсқа бастапқы 10-15 жылдағы жағдайды қалыпқа келтіреді және салыстырмалы түрде алаңсыз күн көруге мүмкіндік береді. Әрине, егер ол қарыздарды қалай қайтаруды мүлдем еске алмайтын болсақ», – деп онша жағымды емес болжамымен бөліседі Арман Бейсембаев.

Айта кету керек, Қазақстанның Ұлттық қоры 2000 жылы құрылды, бастапқыда онда 1,24 миллиард  доллар қаржы қордаланды. Кейіннен Ұлттық қордың қар­жысы молая түсті, ал 2008 жылдан бастап, Ұлттық қордың тұ­рақтандыру функциясы жүзеге асырылды: 2008-2009 жылдары Ұлттық қордан республикалық бюджетке мақсатты трансферттер түрінде, тиісінше, 607,5 миллиард теңге және 347,9  миллиард теңге бөлінді. Осы кезден бас­тап, Ұлттық қордан жыл сайын республикалық бюджетке трансферттер бөлініп келеді.

Исатай ҚАМБАРОВ

 

1833 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы