• Қаржы
  • 30 Тамыз, 2021

Салымшылар алдындағы міндеттемелер 85 пайыз орындалды

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) агент банк ретінде таңдап алынған «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына 1,4 млрд. астам теңге төледі. Бұл банк салымшылары алдындағы міндеттемелердің жалпы көлемінің 85%-ын құрайды.

Кепілдік берілген өтемді төлеу соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың жазына дейін жалғасады. Қор әлі өтем алмаған салымшыларға агент банктің кез келген бөлімшесіне барып, өтем төлеу жөніндегі өтінішті толтыруға кеңес береді.  

Агент банк кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана емес, Қазақстанның басқа да елдімекендерінде орналасқан бөлімшелері арқылы қабылдайды. Ақпарат www.eubank.kz ресми сайтында қолжетімді.Салымшылар агент банктің бөлімшелеріне бармастан бұрын, «Еуразиялық банк» АҚ сайтында: төлем сомасын тексеру, бөлімшенің жұмыс кестесі және жұмыс бастылығына қатысты онлайн-сервистерді пайдалана алады.

Агент банктің бөлімшесіне баратын салымшының қолында жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Егер салымшының орнына басқа адам (сенімхат бойынша өкіл, мұрагер, басқа да құқық иеленуші) өтініш берген жағдайда агент банкке: сенімхат, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе басқа да құқық бел­гілеуші құжаттар ұсынылады.

Кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының депозиттеріндегі қалдық сома шегінде төленеді.

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн. теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн. теңгеден аспайды.

Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді. 

Өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, Қор талап етілмеген өтем сомасын са­­лымшының Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударады.

Салымшылар шоттарында ке­пілдік берілген максималды сомадан артық қалған ақшаларын алу үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ тарату комиссиясына жүгіне алады. Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны банк қызметін мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні құрады. Агенттік тарату комиссия­сын құру туралы ресми хабарландыруды баспасөзде жариялайды.  

Тарату комиссиясы банк шоттары бойынша кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшасын алу жөнінде талабы бар банк клиенттері-жеке тұл­ғалар мен дара кәсіпкерлердің талаптарын «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 74-2-бабында бел­гіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар талаптарының тізіліміне дербес енгізеді. Мұндай талаптарды енгізу туралы ақпарат әрбір кредитордың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін көрсете отырып, жазбаша нысанда банк кредиторларының назарына жеткізіледі.

Бұл ретте кредиторлар тарату комиссиясына оның құрылғаны туралы хабарландыру баспасөзде жарияланған күннен кейін 60 күн ішінде еркін нысанда жазылған өтінішпен жүгіне алады.

Депозиттерінде кепілдік берілген шекті сомадан артық ақшалары бар салымшылардың (жеке тұлғалардың) талаптары банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша есебінен төртінші кезекпен өтеледі. Кредиторлардың талаптарын қа­нағаттандыру мерзімдері тарату өндірісінде банктің активтері мен мүліктерінің жеткіліктілігіне және сапасына, сондай-ақ оларды сату нәтижесіне тікелей тәуелді.

Айта кету керек, «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем төлеу өткен айда ғана басталды.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

 

1734 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы