• Экономика әліппесі
  • 27 Тамыз, 2021

Іскерлік белсенділік көтерілмей, экономика қалыпқа келмейді

Мақсат ХАЛЫҚ, UIB бизнес 
мектебінің директоры, 
экономист

Пандемия салдарынан орын алған коронадағдарыс әлем елдерін әбден әбігерге салды. Төтенше жағдай, локдаун мен шектеулер бизнес субъектілірі үшін ауыр соққы болды, қаншама адамдар тұрақты табысынан айырылды, кедей азамттардың қатары көбейді.

Халықаралық валюта қорының деректері бойынша дағдарыс дүниежүзілік экономикалық өсімнің бірнеше жылдық өсуін тоқтатты, көптеген елдерді бірнеше жылға артқа тастады. Осы кезеңде әлемдік ішкі жалпы өнім минус -3,3%-ға төмендеп, оның ішінде дамыған елдер экономикасы -4,7%-ға төмендеген, Еуропалық одақ елдері  -6,6 %-ға (ең қатты зардап шеккен елдер: Франция мен Греция -8,2%-ға, Италия -8,9%-ға, Испания -11%-ға), Ұлыбритания -9,9 %-ға төмендеген. Дағдарыс әлемдегі салық төлеушілерге 12 триллион доллар шығын келтірді. Дағдарысқа қарсы шараларға шығындар табыстың азайып бара жатқанына қарамастан жалғаса береді: әлем бес жылда 28 триллион долларды жоғалтады.

Бұл дағдарыстың бір ғана себебі – вирус болғандықтан, бірнеше клиникалық зерттеуден сәтті шықты деген вакциналар туралы жаңалықтар қаржы нарықтарында да үлкен қуаныш туғызып отыр. Pfizer мен BioNTech вакцинасы пайда болған уақытта, биржадағы индекстер жоғары көтерілген болатын, сондай-ақ мұнай бағасы да бірден 9%-ға өсімді көрсеткен еді. Сонымен қатар артынан пайда болған Moderna, AstraZeneca, Sputnik V, CoronaVac, т.б. вакциналар қазір әлемдік нарықта орнын тауып, бәсеке жолына түсті.

2020 жылы пандемияның салдарынан туындаған коронадағдарыс кәсіпкерлік белсенділікті де күрт төмендетті. Бүгінгі күні де әлем елдерін жайлаған бұл індет қалпына келе бастаған іскерлік белсенділіктің қайта бәсеңдеуіне әкеліп отыр. Өйткені бірқатар елдер вирустың таралуынан қорқып, логдаун жариялауға мәжбүр.

Жеткізуді басқару институты (ISM) есептейтін АҚШ-тың өндірістік секторындағы жабдықтау менеджерлерінің іскерлік белсенділік индексі елдің өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділіктің жай-күйін көрсетеді. Көрсеткіш елдің әртүрлі өңірлеріндегі өнеркәсіптің 20 секторынан 400 компанияны сатып алу және жеткізу менеджерлерінің сауалнамасы негізінде жасалады, ол айына 1 рет жарияланады. Бұл көрсеткіш үшін тепе-теңдік деңгейі 50 тармақты болып табылады, егер индекс 50 тармақтан жоғары болса, өнеркәсіпте іскерлік белсенділіктің кеңеюі байқалады. Индекс келесі компоненттерден тұрады: жаңа тапсырыстар индексі, өндіріс, жұмыспен қамту, жөнелту, жеткізушілер қоры, тұтынушылар қоры, бағалар, орындалмаған тапсырыстар, жаңа экспорттық тапсырыстар, импорт. Осы көрсеткіш өткен жылы карантин уақытында АҚШ-та 36 тармаққа дейін түсіп кетті.

Жоғарыда ЖІӨ өсу қарқыны бойынша мысал ретінде келтірілген мемлекеттердегі іскерлік белсенділікті қарастырып өтсек. Information Handling ServicesMarkit PMI іскерлік индексі бойынша ақпаратты өңдеп жеткізу қызметтерімен айналысатын компанияның Markit Economics мәліметтеріне сәйкес Францияда іскерлік белсенділік өткен жылдың мамыр айында 31,5 тармаққа төмендеген, Грецияда 29,5 тармаққа, Италияда 30 тармаққа дейін,  Испанияда 30,8 тармаққа төмендеген. Ал Ұлыбританияда 32,6 тармаққа төмендеген.

Егер Қазақстандағы іскерлік белсенділік жайында айтатын болсақ, пандемияның салдарынан өткен жылдың сәуір айында іскерлік белсенділік 37,5 тармаққа төмендегенін көруге болады.

Ұлттық банк іскерлік белсенділік индексін жариялап отырады. Ол дегеніміз еліміздегі компанялар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмыс белсенділігін көрсетеді. Неғұрлым бұл индекс жоғары өсімді көрсетсе, онда экономиканың да өсімі болады деген сөз. Көрсеткіш 50-ден жоғары болса, оң өзгерісті көрсетеді. Тек үстіміздегі жылдың наурыз айында бұл көрсеткіш 50,6 тармақ деңгейіне көтерілген. Бүгінге дейін ол 51 тармақта тұр. Дегенмен іскерлік белсенділік индексі үш саладан құралады, ол – өнеркәсіп, қызмет және құрылыс салалары.

Дәл осы салалардағы іскерлік белсенділіктің өзгеру барысын жеке-жеке қарайтын болсақ, онда тек қызмет көрсету саласында соңғы айларда оң серпін байқалады, ал өнеркәсіп пен құрылыс салаларында ол 50-ден төмен. Осы жағдайға қарап отырып, қызмет көрсету саласы өткен жылғы панемия  салдарынан ең қатты зардап шеккен сала екенін байқауға болады. Қазіргі уақытта ол қалыпқа келу жолында. Дегенмен кейбір аймақтардағы эпидемиологиялық жағдай, бизнес үшін қойылып отырған шектеулер бұл саланың тезірек қалыпқа келуіне тосқауыл болуда.

Өнеркәсіп саласы пандемиядан ең аз зардап шеккен сала ретінде қарауға болады, тіпті кей уақыттарда бұл саланың оң өзгеріс көрсетіп жатқанын байқаймыз. Ал құрылыс индустриясындағы жағдай өткен жылдың соңында жақсарған еді, бірақ кейінгі уақыттарда нашарлап жатқанын байқауға болады. Бұл жағдайды құрылыс материалдары мен жұмысшылардың еңбекақысының өсуімен байланыстыруға болады. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істеп отырған компаниялар алдын ала бюджетке жоспарланған шығындарға қатысты әрі қарай құрылысты жалғастыру мүмкін емес  деп дабыл қағуда. Өйткені бағалар өсіп кеткен, сондай-ақ жұмысшылардың да еңбекақыны өсіру бойынша талаптары  арта түсті. Енді бюджет шығындарын қайта еептеу қажет болмақ.

584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы