• Өндіріс өрісі
  • 27 Тамыз, 2021

Кеніштер келешегіне сенім мол

Дәстүрлі өндіруші өнеркәсіптің тиімділігін арттыру мен Қазақстанды әлемдік барлау нарығына шығару, бесжылдық кезеңге арналған мемлекеттік барлау бағдарламасын әзірлеу – Елбасы мен Президент алға қойған межелі міндет.

Бұл саланың ел экономикасының дамуына қосар үлесі қомақты. Сол себепті де бүгінде минералды шикізатты зерттеуге және республиканың минералды-шикізаттық базасын толықтыруға нақты жағдай, кең мүмкіндік жасалуда. Бүгінде геологтардың жігерлі жұмысының арқасында экономиканың тұрақты дамуы мен мемлекеттің материалдық әл-ауқатын қамтамасыз ететін көптеген кен орындары ашылды. Олардың аясында шағын қалалар құрылып, өсе бастады.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешевтің атап өтуінше, еліміздің пайдалы қорының мемлекеттік балансында барлығы 8 мыңнан астам кен орны тіркелген. Оның ішінде көмірсутектерден – 317, қатты пайдалы қазбалар – 910, кең таралған пайдалы қазбалар – 3 мыңнан астам және жерасты суларының 4 мыңға жуық кен орындары бар. Қазақстан мұнайының баланстық қоры – 4,4 млрд тонна, газ – 3,8 трлн м3, конденсат – 414 млн тонна. Олардың көпшілігі Атырау мен Маңғыстау облыстарында шоғырланғаны мәлім. Бұл ретте көмірсутегі қорының 68%-ы үш ірі кен орнының үлесіне – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа келеді. Сондай-ақ қатты пайдалы қазбалар қорының есебі металл пайдалы қазбалардың 37 түрі мен бейметалдардың 65 түрі бойынша жүргізіледі. Олардың басым түрлері – алтын, мыс, қорғасын және мырыш. Алтын кен орындарының негізгі қоры Шығыс Қазақстан облысында – 36%, Ақмолада – 21%, Қарағандыда – 11% шоғырланған. Мыс қорының 82%-ы елдің шығыс және орталық аймақтарынан табылады. Үш мыңнан астам қорғасын-мырыш кендері мен кеніштері – негізінен Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда. Республикада жерасты суының 4 мыңға жуық кен орны бар болса олардың 50% – оңтүстікте, 30% – Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарда және 20%-дайы Батыста орын тепкен.

Қазіргі кезде елімізде 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық геологиялық барлау жобасы әзір­ленуде, Экология және та­би­ғи ресурстар министрлігі ИИДМ-мен бірлесіп, сирек кездесетін металдар бойынша жол картасын жасауда, сондай-ақ Еуразия мұнай-газ жобасы, барлауға жеке инвестицияларды тарту мәселелері жан-жақты пысықталуда. Геология саласында Тәуелсіздік жылдарында елдің минералдық-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға, 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламалары іске асырылды. 2016 жылдан бас­тап нысаналы индикаторлар тиісті органның стратегиялық жоспарына интеграцияланды. Ал минералдық-шикізат кешені әлемдік нарық талаптарына толық бейімделді. Пайдалануға берілген мыңнан астам кен орны қазіргі уақытта мем­лекетке табыс әкеліп, халықты жұмыс­пен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі күні 1630 объект жұмыс істеп тұр. Қоршаған ортаны ластайтын апаттық мұнай ұңғымаларын жою мақсатында 2010-2021 жылдарда ел аумағында зерттеулер жүргізіл­ді. Тексеру барысында 132 апатты мұнай ұңғымасы анықталып, оның 126-сы жойылды. Сондай-ақ республикада сирек кездесетін металдарды өндіруді және өңдеуді дамыту үшін 2021 жылы құпияландыруға жататын мәліметтердің ведомстволық тізбелері қайта бекітіліп, тізбеден литий, цезий, галлий, тантал-ниобий­дің баланстық қорлары туралы мә­ліметтер алынып тасталды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы