- Өндіріс
- 28 Тамыз, 2021
«Қара алтын» бағасы неліктен құбылып тұр?
Үш айдан бергі кезең аралығында алғаш рет мұнайдың құны 65 АҚШ долларынан төмен құлдырап кетті. Осыншама шұбалаңқы құлдырау – мұнай үшін «айрықша сирек оқиға», деп есептейді нарық қатысушылары. Бүгінгі шолуымызда осы ерекшелікті танымал халықаралық агенттіктер мен әйгілі БАҚ-тар бағалауы тұрғысынан әңгімелекпіз.
Шын мәнінде соңғы үш ай бедерінде Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 65 доллардан төмен құлдырағаны құрлықаралық биржа мәліметтерінен белгілі болып отыр. Маңызды жағармайды жеткізіп беруге шарттардың қазан айында орындалуы (фьючерстер) бойынша ең төменгі баға барреліне 64,94 АҚШ долларына саудаланған. Мұнайдың бір баррельге бағасы 65 доллардан төмен түсіп кетуі 21 мамырда тіркелген, ал сауданың бұл белгіден де төмендеп кеткені – сәуірдің ортасында, деп жазады ресейлік Forbes.ru сайты.
Мұнай бағасы құлдырауының 2019 жылдан бергі ең ұзаққа созылуы осы, деп бекемдей түседі бұл фактіні жетекші америкалық Bloomberg қаржылық ақпарат таратушы компаниясы. Ал әйгілі Reuters агенттігі бір аптада мұнай құнының бұлай төмендеуі тоғыз айдан астам кезеңдегі айтарлықтай оқиға болды, деп жазады. Инвесторлардың – коронавирус індетінің дельта-штамы туындатқан COVID-19 ауруының бүкіл әлем бойынша асқынып кетуі салдарынан – жағармай отынға сұраныстың төмендеуі болжамының өршуінен де фьючерстерден жаппай арылуынан мұнай арзандап кетті, деп есептейді Reuters. Өткен жұманың, 20 тамыздың, кешіндегі жағдай бойынша, Brent мұнайы бір аптада 8,9%-ға арзандады, деп хабарлайды Bloomberg.
АҚШ Федералдық резервтік жүйесі (ФРЖ) экономиканы ынталандыру шараларынан ішінара бас тарту мүмкіндігі қарастырылған дабылды ескере отырып, доллар өткен аптада тоғыз айдағы максимумына дейін нығайды, деп атап көрсетеді Reuters. Доллар нығаюына мұнай бағасы жайсыз әсер білдіреді, өйткені отынды сатып алу АҚШ-тан тысқары елдердегі сатып алушылар үшін неғұрлым қымбаттай түседі, деп түсіндіреді агенттік. Бұдан басқа сұранысты қамтамасыз етіп, мұнай өндіруші елдер өндірісін біртіндеп арттыра түсуде. Мұнайға фьючерстер нарықта таяу айларда мұнайдың жеткізілуі айтарлықтай өсетінін болжауға болатынын көрсетіп отыр, деп қосымша түсінік береді Reuters.
«Мұнайдың осыншама ұзақ арзандауы – шектен тыс сирек оқиға. Сыртқы факторлардың, коронавирус дельта-штамының өсу әсері мен ФРЖ мінез-құлқын есепке алып қарастырғанда, инвесторлар үшін айтарлықтай таңғалар құбылыс болды», – деп Bloomberg Brownsville LLC сауда компаниясының бас директоры Томас Финлонның сөзін тілге тиек еткен.
Айта кету керек, 22 тамыздың Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 10:25-ке Brent маркалы мұнай үстіміздегі жылдың қазан айына жеткізіп беру құны 2,23%-ға, 64,97 АҚШ долларына дейін төмендеген. WTI маркасының қазан айына фьючерсі де 2,58%-ға, 61,86 долларға дейін құлдырап кеткен.
Шолуымызда тағы бір сарапшы, инвестициялық кеңесші Райнер Майкл Прайстың пікірлерін де келтіре кеткенді жөн көрдік. Ол шындығында соңғы бір мақаласында Қазақстандағы мұнай бағасына, мұнай өнеркәсібіне инвестиция салу маңыздылығына кеңінен тоқталған.
Сарапшының айтуынша, биыл мұнайға бағалардың 40%-ға өсуінің арқасында Қазақстан қор биржасының (KASE) биржалық индексі, Bloomberg мәліметтеріне сәйкес әлемдік нәтижелі тізімде сегізінші орыннан көрінген. Табыстылығы 25,98%-ға өсуі оның +25% көрсеткен саударабиялық Tadawul индексін орап өтуіне мүмкіндік берген.
Уолл-стрит сарапшылары осы жазда мұнай бағасы барреліне 80 АҚШ доллары болуы мүмкін дегенді айтқан болатын. 2018 жылдың қаңтарына Қазақстанда барлаудан өткен 30 миллион баррель мұнай кені тіркелген, ал бұл – Еуразиядағы қорлардың (Ресейден кейінгі) екінші көлемі. Әлем бойынша Қазақстан 12-ші орын (АҚШ-тан кейін іле-шала) алады.
Биылғы жылдың маусым айында мұнай бағасы соңғы 32 айдағы көрсеткішке сай ең жоғары шектікке жетіп, 72 АҚШ долларын құрады. Бүкіл әлемде қарқын алған вакцинациялау науқаны Еуропа мен АҚШ-та энергия тасымалдаушыға сұранысты арттырды, бұл ирандық мұнайдың нарыққа мейлінше жедел қайта оралады деген сенімнің күйреуі аясында орын алып отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамдарына байланысты 2022 жылдың соңына қарай мұнайға деген сұраныс коронавирус кезеңіндегі деңгейден асып жығылады. Ең баяу қалпына келу авиациялық секторда күтілуде, көптеген үкіметтер саяхаттауға жекелеген шектеулерін әлі де болса күшінде сақтап отыр.
Уолл-стриттің жаңартылатын энергия көздеріне бүйрегі бұратыны, әсіресе елдер мен инвесторлардың ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) стандарттарына барынша назар аударуы керектігін мұнай өндірушілерге біршама қиыншылықтар туындататынын аңғартса керек. Мұнай компаниялары мен Қазақстан сияқты мұнай өндіруші елдер үшін де ESG-талаптары барған айын неғұрлым маңыздырақ бола түсуде.
Қазақстаннан ESG-ді енгізу туралы келіп жатқан соңғы жаңалықтар айтарлықтай жағымды және елдің бұл салада дұрыс бағытта екенін білдіреді. Еуропалық қайта құру және даму банкі Атырау мұнай өңдеу зауытындағы су тазарту қондырғыларын қайта жаңғырту үшін біздің елімізге 80 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз береді. Атыраудың 300 мың тұрғыны бұл жобадан қоршаған ортаға тигізетін жайлы әсерді сезінетінін атап көрсетеді инвестор. Мұндай жаңалықтардың маңызы айрықша, ұсынысқа қарағанда, мұнайға әлемдік сұранысты жеделдету қарқынымен қалпына келуде және мұндай сұранысты қанағаттандыру үшін бұрынғыдан да молырақ «қара алтын» өндіруге және ESG-талаптарын көбірек орындауға көңіл бөлу қажет болады.
Індет салдарынан сұраныс 30%-ға құлдырап кетті, өйткені былтырғы жылы әлемде бүкіл басы артық мұнайды сақтайтын орын қалмауына бірнеше-ақ апта қалған күндерді бастан кешті. Мұнай өндіруші компаниялар шикізаттарын алып кетуі үшін, тіпті трейдерлердің өздеріне ақша төледі, сонымен қатар біршама уақыт аралығында мұнай бағасы тіпті теріс нәтиже көрсетті.
Таяу екі жылда мұнай бағасы бұрынғыдан да өсе түсу мүмкіндігі аса жоғары болып отыр, алайда, бұл шарықтау, бәлкім, тарихтағы соңғысы болуы да әбден мүмкін. Бірқатар талдаушылар, мұнай өнеркәсібіне инвестициялардың он бес жылдық қорлардан енді онжылдық аралыққа азаю шарасына көшуіміз себепті уәждерін мысалға келтіре отырып, мұнайға ұсыныс жағдайы «айтарлықтай дабыл қағарлықтай күйге түсті» деп есептейді. Бағалардың жоғарылай түсуі қазба отыннан алшақтай беруді, әсіресе мұнайды экспорттаушы елдерде, тек жеделдете түспек. Бағалардың келесі өсу болжамы, бәрінен бұрын, шамамен 2008 жылы орын алған соңғы жоғарылаудан да қысқарақ болуы мүмкін.
Қазақстан мұнай өндіруші тұрғысында ESG стандарттарын қолдануға мейлінше бейімделуі тиіс, сондай-ақ энергияның өзге түрлеріне көшу жалпыәлемдік трендті қатаң назарға алғаны дұрыс. Отынның қазба түрлеріне тәуелді экономикалардың жаңартылатын энергия көздеріне көшуге байланысты өзгерістерді қалайша іске асыруы – аса маңызды шара. Құрлығымыз халқының үштен біріне жуығы және парниктік газдар шығарылуы әлемдік көлемінің бестен бір бөлігі осындай елдер еншісінде екен. Дүниежүзілік банк коронавирус індеті Қазақстан сияқты елдерге өздерінің көмірсутекті экономикасын әртараптандыруға таптырмайтын мүмкіндік беріп отыр деп санайды.
ИСА ҚАМБАР
17054 рет
көрсетілді0
пікір