• Бизнес & Қоғам
  • 28 Тамыз, 2021

Мемлекет көмегі мен субсидия мақсатқа сай жұмсалуы тиіс

Әлемнің қай елін алсаңыз да ауыл шаруашылығы мемлекет қолдауына мұқтаж салалар қатарына жатады. Құбылмалы климат жағдайларына, аумалы-төкпелі ауа райына тәуелділік, қуаңшылық жайлаған өңірлердің ұлғайып, «дамылсыз сұлу бетін жауын жуатын» өлкелер қатарының азаюы аграрлық экономика ахуалына әсер етпей қоймауда.

Бұл үрдіс жаһандық жылы­нудың жағымсыз салдарларынан айқын сезіле бастағаны соңғы бір-екі жылдың жүзі болды. Мұның үстіне ортақ нарыққа шы­ға­рылатын өнім бағасының әділетті қалыптасуын көздейтін Дүниежүзілік сауда ұйымы про­текционизмді шектеу саясатын  ұстану арқылы жекелеген мемлекеттер тарапынан тауар өндірушілерге көрсетіліп жатқан демеу шараларына оң қабақ танытып отырмағаны белгілі. Дегенмен, аграрлық саланың әлеуетін нығайту мақсатында көптеген елдер шама-шарқына қарай өз шаруа қожалықта­рына қаржылық, материал­дық-техникалық, ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

Кезінде бүкіл кеңестер одағын асыраған Қазақстан диқандары мен шопандары тәуелсіздік жылдары да билік назарынан шетқақпай қалған жоқ. Орда бұзарлық отыз жыл ішінде саланы дамытып, ауыл-селоны көркейтуге бағытталған тоғыз мемлекеттік бағдарлама қабылданды.

Атап айтсақ, 1991-1995 жыл­дарға және 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған «Ауыл» әлеу­меттік-экономикалық даму бағ­дарламасы, агроөнеркәісіптік кешенді дамытудың 1993-1995 және 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған тұжы­рым­дамалық бағдарламасы, ауыл шаруашылығы өндірісін дамы­тудың 2000-2002 жылдарға ар­налған бағдарламасы, 2003-2005 жылдарға арналған мемле­кет­тік аграрлық азық-түлік бағ­дарламасы.

 

 

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдар­ға арналған мемлекеттік бағдарламасы, агрокешенді тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы, республика агро­өнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар бағдарламасы, саланы дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама және агрокешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы. Осынау маңызды құжаттар сапынан   «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы» да ойып орын алуға тиісті. Төрт жылға не­гізделген бағдарламада ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің 2015 жылдың деңгейіне қарағанда нақты мәнде 38 пайызға артуын, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 2015 жылдың деңгейіне қарағанда нақты мәнде 30 пайызға өсуін, азық-түлік тауарлары экспорты көлемінің 600 млн АҚШ доллары сомасына өсуін, азық-түлік тауарлары импорты көлемі­нің 400 млн АҚШ долларына төмендеуін, азық-түлік тауарлары көтерме саудасының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 29  пайызға өсуін, суармалы алаңның 1 гектарына арналған суаратын су шығысының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 20 пайызға төмендеуін, қосымша жерүсті су ресурстарының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 1,9 текше шақырымға ұлғаюын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік бағдарламаны 2017-2021 жылдары іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген жалпы шығыстар барлығы 2 947,1 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2017 жылы  барлығы – 372,7 млрд теңге; республикалық бюджеттен – 232,5 млрд теңге; жергілікті бюджеттен  –140,2 млрд теңге; 2018 жылы барлығы – 454,4 млрд теңге; республикалық бюджеттен – 262 млрд теңге; жергілікті бюджеттен  – 150,1 млрд теңге; басқа көздерден – 42,3 млрд теңге; 2019 жылы барлығы – 507,6 млрд теңге; республикалық бюджеттен – 2 90,6 млрд теңге; жергілікті бюджеттен  – 156,7 млрд теңге; басқа көздерден– 60,2 млрд теңге; 2020 жылы барлығы – 745,6 млрд теңге; республикалық бюджеттен – 468,4 млрд теңге; жергілікті бюджеттен  – 200,6 млрд теңге; басқа көздерден– 76,5 млрд теңге; 2021 жылы барлығы – 866,8 млрд теңге; республикалық бюджеттен – 576,0 млрд теңге; жергілікті бюджеттен  – 202,1 млрд теңге; басқа көздерден– 88,6 млрд теңге бөлінеді. Бұл – саланы материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңа деңгейге көтеруге, ғылым жетістіктерді жаппай өнді­ріске енгізуге жол ашатын орасан қаржы.

Алайда, осы орайдағы мемлекет көмегі, түрлі субсидиялар мақсатқа сай, орнымен пайдаланылды ма, деген сауал туындайды. Мәселен, статистика деректері тілге тиек етіліп отырған кезеңде, яғни 1991 жылы Қазақстанда 35 миллион бас, ал 2020 жылы 20 миллион бас қой-ешкі болғаны айғақ. Өсімтал түлік санының бақандай 15 миллионға кему себептері әлі ой елегінен өткізілген жоқ. Үкімет жәрдемі құмға сіңген судың кебін киюде. Бұл ретте Алматы, Түркістан және Павлодар  облыстарында асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға бөлінген 1 миллиард теңгеге жуық субсидия­ның ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін өндіруге қатысы жоқ сән салоны, фармацевтика компаниялары, жылжымайтын мүлікті жалға беру, автокөлік жөндеу кәсіпорындары сияқты 279 кәсіпкерлік субъектісіне берілгені жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасалған Қазақпарат хабары назар аударуға тұрарлық. Бұдан «қа­занға қақпақ керектігі» жөніндегі жарықтық Шерағаңның ескертуі әлі де өз маңызын жоймағанын көріп отырмыз. «Батыр бір оқ­тық, бай бір жұттық» дегендей, күйзелістің қыр астында екенін биылғы жаз байқатып өтті. Қаржы үйлестірушілер мен субсидия таратушылардың жауапкершілігін көтермесе, ең бастысы құқық қорғау орындарының бақылауын қатаңдатпаса, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қала ма деген қауіп бар.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

1080 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы