• Экономика әліппесі
  • 02 Қыркүйек, 2021

Қазақстанның аймақтық экономикалық саясаты тұрақты даму тұжырымдамасы аясында

Мақсат ХАЛЫҚ, 
UIB бизнес мектебінің директоры, 
экономист

Қазақстанның тұрақты даму тұжырымдамасына көшуі және БҰҰ-ның Қоршаған орта мен даму жөніндегі конференциясы мен Тұрақты даму бойынша дүниежүзілік саммиті елге жүктелген міндеттерді орындау қажеттілігі экономикалық қатынастардың барлық жүйесін түбегейлі қайта құрылымдауды қамтамасыз ететін даму стратегиясын әзірлеуді көздейді. Бұл – өте күрделі міндет және қоғамдық өмірдің барлық саласында ауқымды өзгерістер әкелуді көздейді. Аймақтар тұрақты даму тұжырымдамасының негізгі элементтері – экономиканың, қоғамның, экологияның негізгі кеңістіктік тасымалдаушысы болып табылатындықтан, осы үдерістерде үлкен рөл атқарады. Сондықтан тұрақты даму тұжырымдамасы мемлекеттің барлық аймақтарында халық үшін лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету қажеттілігін негіздейді, өйткені кедейшілік пен әділетсіздік әрдайым түрлі дағдарыстар мен әлеуметтік шиеленістерге әкеліп соқтырады.

Аймақтық саясаттың жалпы мақсаттарын нақтылау ұлттық ерекшеліктерді қарастыруды талап етеді. Қазақстандағы мұндай ерекшеліктерге әртүрлі табиғи және климаттық жағдайлар, шикізатпен қамтамасыз етілудің алуандығы, олардың біркелкі емес таралуы, халық тығыздығының төмендігі, дамыған өндірістік және ғылыми орталықтардың аз болуы жатады. Сонымен қатар ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуында теңсіздік орын алуда. Мұның бәрі табиғи, климаттық және тарихи жағдайлармен байланысты әрбір аймақтың даму ерекшеліктерін ескере отырып, сондай-ақ қазіргі кезеңнің субъективті басқару шешімдерімен елдің әл-ауқатын жақсарту мақсатында аймақтық экономикалық саясатты қалыптастыру қажеттілігін көрсетеді.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің аймақтық экономикалық саясаты елеулі өзгерістерге ұшырады. Сарапшылардың пікірінше, аумақтарды дамытуға арналған бағдарламалық құжаттар әрқашан нақты әзірлене бермеген, бірқатар тапсырмалар орындалмаған, сондықтан да мақсаттарға қол жеткізілмеген. Жылдар өте алға қойылған бірқатар міндеттер өздерінің жеткілікті шешімін таппағанына қарамастан, 2012 жылы аймақтарды дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Бұл – өңірлік теңдік тұжырымдамасынан еліміздің басқа аймақтарын дамыту үшін «локомотивтер» бола алатын осындай аймақтар мен қалаларды қалыптастыру тұжырымдамасына біртіндеп көшу. Елімізде осындай полюстер ретінде төрт агломерация – Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент таңдалды.

Агломерацияның қалыптасуы мен дамуы, кейбір сарапшылардың айтуынша, оң және теріс салдарға ие. Көптеген авторлар назарын тек оң аспектілерге аударады. Оларға жақын аймақтардың, қалалардың, муниципалитеттердің экономикалық және еңбек әлеуетінің шоғырлануы агломерация алдында тұрған міндеттерді жедел шешуді қамтамасыз етеді, халықтың және капиталдың көші-қонын жеңілдетеді, интеграцияланған экономиканың жоғары деңгейін қалыптастыруға және қоғамдық өмірдің барлық салаларын интеграциялауға ықпал етеді. Бұл халықтың тұрмыс деңгейін теңестіруге әкеледі және агломерациялық жағымды әсерді қалыптастырады. Алайда, зерттеулер экологиялық ортада болған өзгерістер экономиканың бірқатар маңызды секторларына, әсіресе ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін көрсетеді және үкімет көп ұзамай  агро-саясатты қайта қарау қажеттілігіне тап болады.

Агломерация  үдерісі дамуындағы мүмкін болар негізгі кемшіліктер:

a) Аймақтық теңсіздік артады. Аймақтарды дамытудағы және халықтың теңсіз әлеуметтік-экономикалық жағдайындағы қазіргі дифференциация тереңдей түсуде. Өйткені бұл орталыққа жақын қалалар мен елді мекендер, әсіресе шекаралас өңірлер агломерацияның басымдықты дамуынан шектеулі қаржы ресурстары жағдайында, олардың өндірістік әлеуетін қолдау қабілетін әлсіретеді. Бұл халықтың көші-қоны мен капиталының басқа өңірлерге бағытталуына әкеліп соғады, өңірлерді дамытудағы сәйкессіздіктерді одан әрі тереңдетеді.

b) салыстырмалы шектеулі аймақта өнімділік әлеуеті мен адами капиталды шоғырландыру табиғи ресурстарды жедел және кең ауқымды пайдалануды тудырады, бұл: а) табиға ресурстардың тезірек сарқылуына әкеледі; б) осы өңірлерде қоршаған ортаның нашарлауына себеп болады.

c) агломерацияларды қалыптастыру біркелкі емес кеңістікті туындатады, бір елдің аумағын біріктіруді әлсіретеді, өз кезегінде бұл мемлекеттің негізі болып табылатын ұлттық қауіпсіздіктің деңгейін төмендетеді.

d) Тұрақты дамуға көшу жөніндегі міндеттерді орындау үшін Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы міндеттемелерін іске асыра алуына күмән туады, себебі бірқатар кедергілер туындайды. Мәселен, ағымдағы жағдаймен шартталған экономикалық өсу ресурстарды пайдаланудың қазіргі деңгейімен табиғи ресурстардың елеулі ысырабы мен табиғи капиталдың тозуына әкеледі.

Аймақтық экономикалық саясатты қалыптастыруда агломерацияны дамытудың осы және басқа ықтимал теріс салдары  оның негізгі параметрлерін, яғни «парасатты» мамандану, демографиялық әлеует, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, индустриялық-инновациялық объектілердің ғылыми деңгейі, сауда және логистикалық бағыттар, тұрғын үй-коммуналдық, мәдени және өзге де тұрмыс жағдайлары және т.б. нақты есепке алуды талап етеді.

634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы