• Ақорда & Үкімет
  • 02 Қыркүйек, 2021

ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Қымбатты отандастар!

 

Құрметті Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері!

 

Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз.

Қазақстан Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасының дара саяса­ты­ның арқасында табысты ел ре­тін­де бүкіл әлемге танымал болды.

Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік.

Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз.

Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес.

Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы.

Барлық бастамамыз осыған бағыт­талуда.

Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік.

Еліміз Тәуелсіздік жылнамасы­ның төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет.

Менің Қазақстан халқына биылғы Жолдауым мынадай мәселелерге арналады.

І. ПАНДЕМИЯДАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз.

Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады.

Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту.

Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді. Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шараларды қолға алдық. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірдік. Еншілес компаниялар екі есе азайды, олардың штат санын бір жарым есе қысқарттық. Жаңа, қуатты даму институтын құрдық.

Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті.

 

 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды.

«Бизнестің жол картасы» бағдар­ламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді.

Зейнетақы жинақтарын мерзі­мінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеу­меттік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты.

Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан, мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады.

Қазақстан мемлекеттік қарызы аздығының және едәуір қоры болғанының арқасында індет салдарын біршама тиімді еңсеруде. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артық­шылығымыз. Одан айырылып қал­ма­уы­мыз керек.

Алайда, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес.

Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек.

Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ере­жесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс.

Жалпы, елімізге мемлекет қар­жы­сын, атап айтқанда, мемлекет­тік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет.

Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді сұраймын.

Сонымен бірге, экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек.

2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті.

Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнер­кәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру.

 Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркә­сібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс.

Соның бірі – шикізатқа қол жет­кізудің қиындығы. Отан­дық өнер­кәсіп үшін шикізат тауар­лары­ның бағасы қолжетімді, ал көлемі жет­кілікті болуы керек деген қара­пайым ережені енгізуіміз қажет.

Үкімет жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешудің оңтайлы жолын табуға тиіс.

Бұл ретте, еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын, геоло­гиялық тұрғыдан зерделену деңгейі төмен екенін қаперден шығармаған жөн.

Сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру қажет. Осыған орай түрлі ведомстволарға бағынатын быты­раңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлттық геология қызметін құру керек.

Бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауға тиіс. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру.

Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет.

Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек.

Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуға тиіс. Тиісті органдар бұл мәселе бойынша бақылау жасауды қамтамасыз етеді.

Келесі мәселе. Мемлекеттің экономикаға тым көбірек араласуы оның өсімін тежейді, сыбайлас жемқорлыққа және заңсыз лобби жасауға әкеп соқтырады.

Мемлекеттік кәсіпорындар әлі де болса көптеген салада басымдыққа ие, жеңілдіктерді жеке дара пайдаланады.

Біз бұл проблемаларды шеше бастадық.

Мәселен, Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында квазимем­лекеттік секторды қысқарту және оның тиімділігін арттыру, жұмы­сының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қарастырылған.

Реформалар жөніндегі жоғары кеңес жекешелендірудің жаңа жоспарын мақұлдады. Енді оны қатаң бақылау қажет.

Бұдан басқа да мәселелер бар. Атап айтқанда, жекелеген ұлттық компа­ниялар мен мемлекеттік кәсіп­орындар шығынға батып жатыр. Сөйте тұра неге олардың бірінші басшылары жауапкершілік арқа­ла­майды?

Үкімет бұл мәселені шешуі керек.

Сонымен бірге, біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қау­қарсыздық танытып отыр.

Мұндай сылтау ұлттық экономи­каның әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды.

Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару.

Жалпы сомасы 6,3 триллион теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикамызда артық ақша пайда болды. Алайда, бүгінгі таңда бөлінген қаржы әлі бармай жатқан салалар бар. Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды.

Сондықтан, микроқаржы ұйым­дарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі.

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеуі қажет.

Стресті активтер деңгейін тө­мен­дету жұмысы да айрықша ма­ңызға ие.

Біз мемлекет банкирлерге кө­мек­теспеуге тиіс деген шешім қа­был­дадық.

Сонымен бірге, шектеу қойы­лып, бұғатталған активтерді эконо­ми­калық айналымға қайтару керек. Алайда, мұны тек қана нарықтық негізде жүзеге асырған жөн.

Бұған заңнамалық негіз болуы қажет.

Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, жылдың соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізсін.

Енді инфляцияның монетарлық емес тұстарына тоқталайық. Оның ең бастысы – азық-түлік бағасы.

Қазақстанның ауыл шаруашы­лығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес.

Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі.

Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр.

Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды.

Сонымен бірге, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды.

Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет.

Үкімет осы мәселе бойынша бір айдың ішінде шешім қабылдауға тиіс.

Екіншіден, ауа-райының қолай­сыздығы мал шаруашы­лығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті.

Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік.

Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек.

Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн.

Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал.

Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек.

Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды.

Қазір мал жаятын жерге шаруа­лардың қолы жетпей жүр.

Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған.

Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр.

Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс.

Жеке қосалқы шаруашылық­тардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет.

Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек.

Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс.

Ветеринария саласын да жетіл­діру қажет.

Бұл салада орталық пен өңір­лер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек.

Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринар­лардың тиімді жұмысына байланыс­ты.

Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.

Сондықтан, осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс.

Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары.

Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек.

Үшіншіден, біздің аграрлық саясатымызда сабақтастық болмай отыр. Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді.

Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі.

Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет.

Соған сәйкес субсидиялау тә­сілдерін қайта қарап, тұрақ­тан­дыру керек.

Келесі мәселе.

Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр.

Бұған жол беруге болмайды.

Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет.

Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс.

Шағын және орта шаруашы­лықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек.

Ауыл шаруашылығын техно­логиялық тұрғыдан қайта жабдық­тауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет.

Агроөнеркәсіп кешені қолда­натын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек.

Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн.

Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету.

Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олар­дың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым.

Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді.

Бұл өзгерістер ауыл шаруашы­лығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді.

Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етеді.

Соның арқасында ауыл шаруа­шылығы ұлттық экономиканың не­гізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін.

Келесі мәселе. Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру.

Қазақстан үшін заманауи ци­фрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз.

Сонымен бірге, отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет.

Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс.

Осы және басқа да міндеттер мемлекеттік секторды толығымен «цифрлық қайта жүктеуді» талап етеді. Мұндағы бұрыннан келе жатқан басты түйткіл – мем­лекеттік органдардың ақпа­рат­тық жүйелерінің өзара тиімді кірік­тірілмеуі. Бұл мәселе түбегейлі әрі тезірек шешімін табуы керек.

Біріншіден, «Электронды үкіметтің» мүлде жаңа құрылымын жасау керек. Мемлекеттік сек­тордың барлық ІТ-бастамасы тек қана қазақстандық мемтехтың жаңа платформасына негізделеді.

Бұл платформа қайталауларды, тиімсіз шығыстарды және бюрократияны жояды. Мемлекеттік қызметтер азаматтарға смартфоннан 100 пайыз қолжетімді болады.

Екіншіден, біз мемлекеттік органдардың бизнес-үдерісін түгел қайта қарап, цифрлық форматқа көшіретін Цифрлық трансформация орталығын ашамыз.

Үшіншіден, ұлттық компаниялар ІТ-қауымдастықпен өзара қарым-қатынас жасайтын платформа құруымыз қажет. Квазимемлекеттік сектордың цифрлық қажеттілігі мен сұранысы барынша отандық компаниялардың күшімен қамта­масыз етілуге тиіс.

Төртіншіден, мәлімет беру желісін халықаралық дәліздер­мен ұштастыра отырып, оны біртіндеп кеңейту және жаңарту қажет. Көрші елдерге де қызмет көрсете алатын мәлімет өңдеудің заманауи орталық­тарын құру керек.

Біз еліміздің орасан зор ақпа­раттық-телекоммуникациялық әлеуетін іске асыра білуге тиіспіз. Жаңа цифрлық дәуірде ол геосаяси маңызға ие болады.

Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуға тиіс.

Осы міндетті орындау үшін кадрлық әлеуетімізді күшейтуіміз керек. Премьер-Министр маған өз ұсыныстарын берсін.

Келесі мәселе. Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді.

Қорғаныс қабілетімізді нығай­тып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басым­дыққа айналуға тиіс.

Біз сыртқы қатерге және оқи­ғаның қалай өрбуіне де дайын бо­луы­мыз керек.

Сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие болуда.

Стрес-тест өткізіп, сценарийлер дайындаған жөн. Соның негізінде мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жоспары әзірленіп, түзетіліп отыратын болады.

 

V. ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА

ТИІМДІ ЭКОЖҮЙЕ

ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашық­тан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы.

Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда.

Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіп­терді игере алу арқылы ғана әркім­нің бәсекеге қабілетті болуын қам­тамасыз ете аламыз.

Сондықтан, бізге «Кәсіби білік­тіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек.

Жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар – осының жарқын мысалы.

Бұл сала әлеуметтік және ме­дициналық сақтандыру, зейнет­ақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекеттің қолғабыс етуіне мұқтаж болып отыр.

Біздің еңбек нарығымызға көші-қон үдерісі де зор ықпал етеді.

Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында. Бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешуіміз керек.

Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азаматтарымыздың құ­қықтарын қорғау тәсілдері де көрі­ніс тапқаны жөн.

Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет.

Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәр­демақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек.

Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңір­лерден адамдарды өз бетімен жал­дайтын жұмыс берушілердің шы­ғынын өтеу арқылы да беруге болады.

Өз бетінше бизнеспен айна­лысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қол­жетімді болуын қамтамасыз ету қажет.

Тағы бір мәселеге арнайы тоқ­тал­ғым келеді.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі.

Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масыл­дық үрдісі белең алуда.

Ел ішінде әлеуметтік бағдарла­маларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес.

Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек.

Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды.

Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр.

Әрине, біздің еліміздің мүмкін­дік­тері зор, бірақ оның да шегі бар.

Ең бастысы, әлеуметтік жеңіл­дікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады.

Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады.

Сондықтан, бізге түбегейлі өзге­ріс керек.

Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс.

Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек.

Құрметті отандастар!

Біздің жақын арадағы негізгі ба­сым­дықтарымыз – осындай.

Қазақстанның басты байлығы – Еліміздің азаматтары.

Сіздердің амандықтарыңыз – менің Президент қызметіндегі ең басты мақсатым әрі тілегім.

Сондықтан, менің келесі бастамаларым, ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналады.

БІРІНШІ БАСТАМА

Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарайтын кез келді деп санаймын.

Бұл – бір жағынан аса маңызды макроиндикатор болса, екінші жа­ғынан – әркімге түсінікті көр­сеткіш.

Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ.

Қоронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жала­қы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды.

Сондықтан, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жала­қыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. 

Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбек­кер­лерге жанама әсер етеді.

Сонымен бірге, көлемі бүгінде жария етіліп жүрген жалақының 30, тіпті кейде 40 пайызына дейін жететін «көлеңкелі» еңбекақы қорын азайтады.

Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер етеді. Сарап­шы­лардың бағалауы бойынша, бұл Ішкі жалпы өнімді 1,5 пайызға арттырады. 

Бұдан былай ең төменгі жала­қыны салықтық, әлеуметтік және басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде орынсыз пайдалануды қою керек.

Үкімет пен Парламенттен жыл соңына дейін қажетті өзгерістерді заңнамаға енгізіп, оның келесі жылы қаңтар айында күшіне енуін қамтамасыз етуді сұраймын.

ЕКІНШІ БАСТАМА

Қазақстанда 6,5 миллионнан ас­там адам жалданып жұмыс істейді. Мұны өздеріңіз жақсы білесіздер. Олар­дың негізгі табыс көзі – жа­лақы.

Бұл ретте, еңбекақы төлеу қорының өсімі соңғы 10 жылда кәсіп­орын иелері табысының өсімінен 60 пайызға жуық қалып қойды. Осыған байланысты Үкімет бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын «ұтымды» шаралар әзірлейді.

Қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ, оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетілетін болады.

ҮШІНШІ БАСТАМА

Еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажет.

Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты се­зіле­ді.

Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қоры­нан бірыңғай төлем енгізуді ұсынамын.

Бұл шара бизнесті мыңдаған қызметкерін «көлеңкеден шығаруға» ынталандырады. Сонда олар зей­нетақы жүйесінің, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің толық қатысушысына айналады.

Бұл мәселеде науқаншылдыққа жол беруге болмайды. Бизнестің жұмысында іркілістер мен шы­ғындар болмауы үшін тиісті төлем жүйесін даярлау қажет. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауға тиіс.

ТӨРТІНШІ БАСТАМА

2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеу­мет­тік сала қызметкерінің жа­ла­қысы өсті.

Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды.

Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорық­шылар, көлік жүргізушілер және басқалар.

Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жала­қысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады.

Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игі­лігін көреді.

БЕСІНШІ БАСТАМА

Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе.

«Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарлама­лары­ның мерзімі таяу арада аяқталады.

Сонымен қатар, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес.

Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады.

Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді.

Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр.

Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым.

Сондай-ақ, бұл қадам адам­дардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді талап етуіне жол ашты.

Осы үрдісті қолдау үшін зей­нетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын.

Сонымен қатар, бұл қадам жұрт­тың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді.

Құрметті депутаттар!

Жетінші шақырылымдағы Парламент өзінің бірінші сессиясында 63 заң қабылдады.Қос палата бірлесіп, елімізде жүйелі өзгерістер мен реформалар жасауға қажетті заңнамалық негіз қалыптастырды.Бүгін Парламенттің кезекті сессиясы басталмақ.Алдымызда көптеген маңызды міндет тұр.Әр­бір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындау керек. Сіздер халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық танытуға тиіссіздер.Әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.Осы жауапты жұмыста сіздерге сәттілік тілеймін!

Қымбатты отандастар!

Біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын.Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз.Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз.Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз.Кез-келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз.Мен Мемлекет басшысы ретінде халық үшін барлық күш-жігерімді жұмсай беремін.Мемлекеттік қызметкерлер және бүкіл қоғам біртұтас ел ретінде алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін жұмылуға тиіс. Әйтпесе, ертең кеш қалуымыз мүмкін.Себебі дүние жүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы.Меніңше, Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс.

Қазір біз ел дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз. Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды.Шын мәнінде, ұйымдасқан ұта­ды.«Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған.Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте! Ендеше, бір­лігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік!

Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін!

(Оқырман назарына Жолдаудың экономика тақырыбына қатысты тараулары ұсынылып отыр).

 

 

28232 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы