• Мәдениет & Спорт
  • 09 Қыркүйек, 2021

Ғасырдан аса тарихы бар Ұлттық кітапхана

Биыл еліміз бен халқымыз үшін тарихи маңызды дата – Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толғалы отыр. Желтоқсан екпінімен келген тәуелсіздіктің арқасында егеменді елге айналып, тұғыры биік, экономикасы қуатты, қарқынды дамыған мемлекет болып қалыптастық.                Тәуелсіздік құндылықтарын, мемлекетіміздің, ұлтымыздың тарихы мен жетістіктерін кеңінен насихаттап, дәріптеуде рухани байлығымыздың қоймасы ретінде кітапхананың рөлі орасан зор екендігін айтып өткіміз келеді. Бүгінгі сұхбатымыз Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар одағының төрайымы Бақытжамал ОСПАНОВАМЕН болмақ.

– Бақытжамал Қайырбекқызы, 2020 жылы кітапхана 110 жылдық мерейтойын атап өтті. Ғасырдан астам уақыт аралығындағы кітапхананың қалыптасуы мен даму кезеңдеріне тоқтала кетсеңіз.

– Өткен жылы Президент Жар­лығымен кітапханаға «Ұлттық» мәртебесі беріліп, ол ұжым үшін үлкен жетістік болды. 7 миллионнан астам бай кітап қоры мен 47 мыңға жуық оқырманы бар еліміздің ең ірі кітапханасы – мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысатын, сан мыңдаған оқырманның біліктілігін арттырып, ақпараттандырып отырған бірегей мәдениет ордасы әрі еліміздегі кітапханалар үшін ғылыми-әдістемелік орталық екендігін мақтанышпен айта аламыз. Кітапханамызда жинақталған білімнің барлық саласын қамтитын заманауи құжаттар мен қазақстандық басылымдар, қолжазбалық құжат­тар, алғашқы баспа басылымдары, ноталы-музыкалық басылымдар және грампластинкалардың бірегей қоры бар халқымыздың баға жетпес мұрасы сақталған. Осы тәуелсіздік жылдары аралығында оқырмандар саны күннен күнге артып, олардың ақпаратқа еркін және шектеусіз қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кітапхана қоры оқырманның талғамына сай отандық және шетелдік өзекті тарихи, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттермен, мәдени, ғылыми және көркем құндылығы жоғары басылымдармен, басқа да ақпараттық ресурстармен толықтырылды.

Кітапханамыз «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген басылымдардың депозитариі болып табылғандықтан, «Бабалар сөзі», «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Әлемдік саясаттану антологиясы», «Әлемдік әлеуметтану антологиясы», т.б. сериялармен жарық көрген басылымдар бірегейлігімен және қайталанбас туындыларымен ерекшеленіп отыр. Одан бөлек, көне қолжазбалар, алғашқы қазақ кітаптарының топтамасы, шығыс бас­па кітаптары, орыс, батысеуропалық көне баспа кітаптар сақталған сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры – біздің мақтанышымыз. Соның ішінде зерттеушілер үшін ғылыми қызығушылық тудыратын ХІІ-ХІХ ғасырлардағы тарих, география, медицина, математика, философия, лингвистика, т.б. туралы шығыс қолжаз­баларының бай қоры аса құнды­лы­ғымен ерекшеленеді.

– Айтып отырған сирек қордағы сақталатын қолжазбалардың арасынан қайсысын ерекше атар едіңіз?       

– Сирек қорда сақталған қол­жаз­балардың ішінде құрандар топта­масының ең көнесі – XII ғасыр­дың куфа жазуымен жазылған Құран және XVIII ғасырда насих үлгісімен жазылған ең үлкен Құран ерекше орын алады. Сондай-ақ, парсы ақыны Фирдоусидің шағатай тіліндегі «Шахнаме» (XVIII ғ.), 2003 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізіліміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметтер» (XIX ғ.), «Рисала: Миратул-қулуб» (XVIII ғ.), «Насабнама»: Қожа Ахмет Яссауидің ата-тегі туралы шежіре (XVII ғ.) және Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтер» (XVI ғ.) қолжазба кітаптары баға жетпес жазба ескерткіштері.

Одан бергісі ұлттық сана-сезім­нің оянуына шексіз үлес қосқан алғашқы қазақ баспа кітаптарынан қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектері, қазақ ағартушыларының көзі тірісін­дегі басылымдары, мысалы, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Дулатовтың шығармалары бар. Сондай-ақ алғашқы мерзімді басылымдар: «Түркістан облыстық ведомстволары», «Қазақ», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері, «Айқап», «Садақ», «Абай», «Шолпан», «Жас қазақ», «Таң», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі» журналдары сақталған. Қазақ қоғами өмірінің шежіресі болған бұл басылымдардың халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына шексіз үлес қосқаны белгілі.

Өкінішке орай, уақыт өткен сайын жазба ескерткіштері физика­лық жағынан ескіріп, тозады, қор сақталымының тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі салдарынан құжаттардың ішінара немесе толық жоғалу қаупіне әкеледі. Сондықтан жаңа технологиялар дамуы жағдайын­да және жаһандану дәуірінде халқы­мыздың осы асыл мұраларын сақтап қалу өзекті мәселе болып тұр.

– Әрине, сөзіңіз орынды, рухани қазынамызды қолдан келгенше барынша сақтап, ұрпақтан ұқпаққа жеткізу хақ. Осы бағытта қандай жұмыстар іске асырылып жатыр?

– Кітапханамызда кітап қорын кең ауқымды цифрландыру қолға алынып, құжаттарды ұзақмерзім­ді сақтау мақсатында қалпына келтіру, консервация және түптеу орталығымен жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі жаңа технологиялар дамыған заманда көштен қалмай, ілгерілеу үстіндеміз. Бүгінгі оқырманды тек кітаптар ғана қызықтырмайды, оған жаңа мүмкіндіктер қажет. Сондықтан оқырмандарға дәстүрлі қызметпен бірге, электронды кітапханалар, каталогтар мен дерекқорлар ұсынылады. Бұл тұрғыда Ұлттық кітапхана­­ның мамандары енгізген Web-РАБИС рес­­публикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесінде пайдаланушыға кеңейтілген мүмкін­діктер қарастырылған.

– Ұлттық кітапхана республика кітапханаларының ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде белгілі, осыған орай қандай қызметтер жолға қойылған?

– Кітапханамыз еліміздегі ғылыми-әдістемелік орталық болғандықтан көп жүйелі қызметтер атқарады. Кітапхана жанындағы Каталогизатор мектебі мен Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектебінде республика кітапханашыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында оқу-үйрету және тәжірибелік курстар, семинарлар, кәсіби тағылымдамалар, кеңестер өткізіледі. Білім беру жүйесі аясында кітапханалық факультет студенттерінің теориялық және тәжірибелік дайындықтарын қатар жүргізетін «Кітапханатану және библиография» кафедрасы жұмыс істейді. 2017 жылы Ұлттық кітапхананың бастамасымен республика кітапха­наларының жұмысын нығайту және үйлестіру мақсатын­да Қазақстан Кітапханалар одағы құрылып, жемісті жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда Одаққа 119 кітапхана мүшелік етіп, кәсіби «Кітап және Кітапхана. Книга и Библиотека. Book & Library» журналы шығады. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары қазақ зиялыларының ал­дыңғы қатардағы өкілдері мен тарихи қайраткерлерінің есімдерін насихаттау мақсатында «Қайта оралған қаламгерлер», «Қазақ әдебиетінің классиктері», «Қайта оралған есімдер» сериялы библиографиясы жарық көрді. «Егемен Қазақстанның философиялық ғы­лымдары», «Қазақстаның археологиясы мен этнологиясы», «Қазақстан этностары», т.б. библиографиялық көрсеткіштері құрастырылды. «Қа­зақстан өнері» библиографиялық сериясы төл мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосқан өнер қайраткерлеріне арналған ұсыныстық көрсеткіштер басылып шықты. Ұлттық кітапхана елімізді халықаралық кітапхана­лық-ақпараттық кеңістікте таныту мақ­сатында көптеген халықаралық ұйымдар мен бағдарламаларға қа­ты­сады. Өткен жылы Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбаевтың мерейтойларына орай, олардың рухани және шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Абай әдеби орталығы мен әл-Фараби ғылыми орталығы ашылды. Бұл орталықтар ұлы тұлғалардың еңбектерін және әдеби мұрасын терең зерделеуге және оның аясында көпшілік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Елімізде тұратын көпұлтты халықтардың кітап байлығын қамту, ғылым мен мәдениеттің дамуын ақпараттық қамтамасыз ету, болашақ ұрпақ үшін рухани құндылықтарымызды сақтау библиографиясыз мүмкін емес. Кітапханамыз интеллектуалды мұраның сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, халқымыздың тарихы, мәдениеті және өнері жөніндегі іргелі библиографияны қалыптастырып отыр.

Ұлттық кітапхана «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген басылымдардың депозитарийі болып табылады. Басылымдар бірегейлігімен және қайталанбас туындыларымен ерекшеленетін халқымыздың қазіргі мәдени мұрасының ажырамас байлығына, рухани қазынасына айналды.

«Мәдени мұра» бағдарламасы, шын мәнінде, ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды түгендеп, қайта жаңғыртуда айрықша үлес қосқан маңызды жоба болды. Бағдарлама аясында Ұлттық кітапхана мамандары Германия, Ресей, Ватикан, Франция, Қытай, Монғолия, т.б. елдердің мұрағаттары мен кітапханаларынан жазба деректерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған ғылыми-іздестіру экспедиция жұмыстарына қатысып, нәтижесінде кітап қорымыз қазақ халқының тарихына, этнографиясына, мәдениеті мен өнеріне қатысты бұрын ғылыми ортаға беймәлім құнды құжаттар мен деректермен толықты.

Ұлттық кітапхана қоры 2012 жылдан бастап жемісті жұмыс істейтін Алматы қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының депозитарийі қорымен толығады. Оның мақсаты - этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми жұмыстар, зерттеулер қорын қалып­тастыру және насихаттау. Депозитарийде жинақталған деректі және көркем әдебиеттер еліміздің аумағында өмір сүріп жатқан түрлі этностардың тарихы мен қазіргі өмірін бейнелейді, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды депортациялау үрдістерін, олардың рухани мәдениеті, дәстүрлері мен өнерінің дамуын ашып көрсетеді.

Кітап қорын толықтырудың негізгі көзі – Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарына сәйкес басылымдардың міндетті тегін даналары, олар ұлттық репертуарды барынша толық қамтамасыз етуге ықпал етеді.  Сондай-ақ, қор ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару», «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы» бағдар­ламалары, сатып алу, сыйға тарту, халықаралық кітап алмасу және т.б. жобалар арқылы толықтырылады. Аталған бағдарламалар бойынша қорға негізінен қоғамдық-саяси, ғылыми, анықтамалық, оқулықтар және көркем әдебиеттер түседі.

– Қыркүйек айының алғашқы күні Мемлекет басшысының жыл сайын­ғы дәстүрлі Жолдауы жарияланды. Әсіресе, мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы талабы өте орынды айтылған, осы және басқа да көтерілген мәселелер жөнінде қызметкерлерге жеткізілді ме?

– Әрине, Ұлттық кітапхана ұжымы ерекше ықыласпен қабылдап, онда айтылған түйінді мәселелер мен оларды шешуге байланысты нақты міндеттер туралы президент Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ертеңгі күнге деген сенімімізді бұрынғыдан да нығайта түсті. Президент Жолдауының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыбынан-ақ мемлекет басшысының саяси ұстанымының сабақтастығы мен дәйектілігін айқын аңғарамыз. Экономика саласындағы міндеттердің ішінде қосалқы шаруашылықтар туралы заң қабылданатынын еліміздің шаруалар қауымдастығы ғана емес, барша азық-түлік тұтынушылар да қуана қабылдадық. Мал жайылымдарын пайдалануға, шаруа қо­жалықтарына субсидиялар бөлуге байланысты міндеттердің орындалуын ел-жұрт асыға күтіп отыр. Президентіміздің, әсіресе мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы талабы Ұлттық кітапхана ұжымын зор ризашылық сезіміне бөледі. 2025 жылға дейін кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақыларын жыл сайын 20 пайызға көтеру – ел руха­ния­тына және мәдениет қызметкер­ле­ріне деген шынайы жанашырлық деп білеміз. Сондықтан Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға белсене атсалысатын боламыз.

Ғасырдан астам тарихы бар Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап­ханасының алға қойған мақ­саты айқын. Соған сай кітапхана ақ­параттық-кітапханалық қызметтің барлық түрін қолдана отырып, рухани жаңғыру аясында қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге барынша өз үлесімізді қосатынымызды сенімділікпен айта аламын.

Сұхбатты жүргізген

Гүлмира мералина

810 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы