• Бизнес & Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2021

Барды базарлап, жоқты түгендейік

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы келешекті көздейтін саяси құжат болғандықтан, әдетте қарапайым жұрттың ықыласына көп іліге бер­мейтін. Бірақ, ауыл шаруашылығында қордаланып қалған, талайдан бері шешімін тосқан түйткілдермен биыл жаз бетпе-бет келген сала еңбеккерлері дәстүр бойынша қыркүйектің алғашқы күні жария етілетін Жолдауға көп үміт артқаны рас. Өйткені, азық-түліктің күрт қымбаттауы салдарынан инляфяция да шарықтап, саланың көптеген көрсеткіштерін кері тартты. Айталық,   маусымдағы инфляция 7,9 пайызға дейін өсіп, шілдеде 8,4 пайызға жетті, бұған нарықтағы теңгерімсіздік, шикізатқа әлемдік бағаның өсуі және саудадағы негізгі серіктес Ресейдегі инфляцияның жоғары болуы әсер етті. Жаз айларында көкөністердің жекелеген түрлеріне, ет пен өсімдік майына бағаның өсуі инфляциялық қысымды күшейтті. Азық-түлік, жанар-жағармай, электр энергиясы бағасының айтарлықтай өсуі, бюджеттік ынталандырудың күшеюі ескеріліп, алдын ала бағалау бойынша инфляция үстіміздегі жылдың соңында 6-7 пайыз дәлізінде болады, деген жорамал жасалды. Ал, бұл болжам шаруаларды онша қуанта қоймады.

Жолдауда мемлекет басшысы нақ осы мәселеге баса назар аударды. «Біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды», деп қатаң сын айтқан президент Қ.Тоқаев «Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару» деп нақты атап көрсетті. Себебі, дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикада артық ақша пайда болды. Жалпы сомасы 6,3 триллион теңге жұмсалғанымен, бүгінгі таңда бөлінген қаржы әлі бармай жатқан салалар бар. Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды. Бұл ретте жергілікті жерде жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек, өйткені олар өз тұтынушыларының бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеп, стресті активтер деңгейін төмендету жұмысын жеделдетуі қажет. Мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс. Бұл көпшіліктің көптен күткен шешімі болатын. Енді инфляцияның монетарлық емес тұстарына келсек, жоғарыда атап өткеніміздей, оның ең бастысы – азық-түлік бағасы.

Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады, деп атап өткен мемлекет басшысы «бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес» екендігіне тоқталды. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтылған болатын. Бұл міндет орындалып жатыр. Орталықтар шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуы керек, монополияланбауы, яғни бір қолға шоғырланбауы тиіс. Сонымен бірге өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Шаруалардың күткені де осы болатын. Бірақ, бүгінде осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет. Мемлекет басшысы «үкімет осы мәселе бойынша бір айдың ішінде шешім қабылдауға тиіс» деп тапсырма берді. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті, жедел шара қабылдау арқасында жем-шөп тапшылығына байланысты ахуал реттелгенімен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Жайы­лымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Президент «олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек» деп атап көрсетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау тәсілдерін мұқият қарау қажет. Агро­өнер­кәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді, оны жаңарту керек.

Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Сенатор, белгілі ғылым қайраткері Ақылбек Күрішбаев «еліміздегі 5,5 миллион га құнарлы жер тек 21 адамның қолында. Бұл адамдар кімдер: нақты фермерлер ме немесе латифундистер ме? Бұл егістік жерлер шаруаларға табыс әкелуде ме, әлде игерілусіз жатыр ма?» деп сауал тастап, мәселенің мән-жайын анықтауды талап еткенін білеміз. Жалпы, ел экономикасына, соның ішінде ауыл шаруашылығына толық аудит жасау, оның ішінде саланың энергия және материал сиымдылығын айқындау қажет. Замана талабы барды базарлап, жоқты түгендеуге үндейді.

795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы