• Өндірістік әлеует
  • 09 Қыркүйек, 2021

ҚМГ: Көрсеткіштер тұрақты өсіп келеді

Қыркүйектің алғашқы жексенбісінде еліміздің мұнай-газ кешені қызметкерлері төл мерекесін атап өтті. Қара алтынды қазбадан иіріп, ел қазынасына айналдыру жолында еңбектеніп жүрген геологтар мен бұрғышылар, мұнай өңдеушілер мен құбыршылар, құрылысшылар мен игерушілер дағдарыстан кейінгі тірлікті екпінді еңсеруде. 

Мұнай-газ өнеркәсібі – экономиканың күретамыры, салық түсім­дерінің және экспорттық кірістердің ауқымды бөлігін қамтамасыз етуші, шетелден тікелей инвестициялардың басым бөлігінің қызығу­шылығын тудырушы сала.

Бұл ретте ҚазМұнайГаз ұлттық операторы еліміздегі мұнай және газ конденсатын өндірудің 25%-ын, ал ілеспе және табиғи газ өндірудің 15%-ын қамтамасыз етеді. Компанияның магистральді құбырлары арқылы Қазақстан мұнайының 56%-ы тасымалданады. Бүгінде отандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өндеу үлесі 81%-ды құрап отыр. ҚМГ компаниялар тобына ҚазТрансОйл, Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қаражанбасмұнай (50%), Маңғыстаумұнайгаз (50%), Қазгермұнай БК (50%), Қазақтеңізкөлікфлоты, ПМХЗ, АМӨЗ, ПҚОП (50%), Caspi Bitum (50%) және басқа да мекемелер кіреді. Компания 60 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған ең ірі жұмыс беруші болып табылады. Биылғы бірінші жартыжылдықта ҚМГ кәсіпорындары 10,7 млн тонна мұнай, 4,1 млрд текше метр ілеспе және табиғи газ өндірді, 36,9 млн тонна мұнай және 46,4 млрд текше метр газ тасымалдады. ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында 9,7 млн тонна көмірсутек шикізаты өңделді.

Осы жылдың бірінші жарты­жылдығында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ түсімі 3,1 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 38,5% жоғары. ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаевтың айтуынша, мұнайға және мұнай өнімдеріне бағаның өсуі осы көрсеткішке оң ықпалын тигізді. Атап өтсек, есепті кезеңде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 65 млн АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты, өткен жылмен салыстырсақ, бұл 62,2% жоғары болып отыр. Сонымен қатар қаңтар-маусым айларында компания 291 млрд теңге көлемінде оң бос ақша қаражатын жинақтаған. Таза пайда 644 млрд теңгені құрады. Ал EBITDA көрсеткіші 1,1 трлн теңгені құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 92,6% көп болды.

– EBITDA, таза пайда, бос ақша ағыны көрсеткіштері 2020 жылдың бірінші жартыжылдығымен, сондай-ақ 2019 жылғы пандемияға дейінгі ұқсас кезеңмен салыс­тырғанда, анағұрлым жақсы деңгейде қалыптасты. Бұл өткен жылы дағдарысқа қарсы бағдар­ламаның іске асырылуымен және операциялық, күрделі шығын­дардың қысқаруымен байланыс­ты, – деді ол.

Ағымдағы жылдың 1-ші жар­тыжылдығында шоғырланған жалпы және әкімшілік шығыстар 2020 жылдың осындай кезеңіне қарағанда 8%-ға және 2019 жылдың 1-ші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 26%-ға төмен деңгейде қалыптасты. Бұл ретте абсолютті және салыстырмалы түрде ең көп қысқарған күрделі шығындар болды.

– Есепті кезеңде ҚазМұнай­Газ бірлескен кәсіпорындарды санамағанда, ел қазынасына салық түрінде 300 млрд теңгеден астам қаражат аударды. Бұдан бөлек, компания өз акционерлеріне 50 млрд теңге сомасына дивиденд төледі, – деп атап өтті ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары.

Осылайша, ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы өндірістік және қаржылық көрсеткіштерді пандемияға дейінгі деңгейге жеткізу бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Өндірістік нәтижелер карантиндік дағдарыс­қа дейінгі көрсеткіштерден әлі төмен болса да, қазірдің өзінде ком­панияның қаржылық ахуалы едәуір жақсарғанын көруге болады. Олардың кейбірі 2019 жылғыға қарағанда өсіп келеді. Дегенмен, босаңсуға болмайды деп шешкен компания басшылығы өзінің қызметін шығындарды барынша қысқарта отырып, жалғастыратын болды.

Бүгінгі таңда еліміз 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатқаны белгілі. Осыған байланысты ҚМГ да климаттық ахуалдың маңыздылығын жете түсіне отырып, 2031 жылға дейін­гі төмен көміртекті дамытудың корпоративтік бағдарлама­сын әзірлеуге кірісті. Бағдарла­мада мақсатты индикаторлар қойылып, оларға жету бойынша негізгі шаралар анықталған, сондай-ақ өндірістік активтерде декарбонизацияның технология­ларын қолдану мүмкіндіктерін зерттеу қамтылған. Осы бағыт­та ҚазМұнайГаз және Шелл көміртекті анықтау, кәдеге жарату және сақтау саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісті. Сөйтіп, жуырда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Шелл Қазақстан Б.В.» компаниясы көміртекті анықтау, кәдеге жарату және сақтау технологияларын (CCUS) дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл уағдаластық көміртекті анықтау мен кәдеге жаратудың негізгі өлшемдерін айқындау мен әзірлеу мақсатында CCUS технологияларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға әлеуетті мүмкіндіктерді бірлесіп зерттеуді көздейді. Құжат тараптардың өзара тиімді әрі ұзақмерзімді серіктестігін нығайтуға, сондай-ақ еліміз Париж келісімі аясында қабылдаған парник газдарын азайту бойынша міндеттерді орындау жөнін­дегі міндеттемелерді қолдау­ға бағытталған. Меморандумға сәйкес, Шелл техникалық сарапшылары ұқсас CCUS жобаларын іске асырудың халықара­лық тәжірибелерімен бөлісуге ниеттенеді. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа жету бойынша маңызды міндет қойған болатын. ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы оны орындау үшін барын салуда. Сондықтан біз көміртекті анықтау, кәдеге жарату және сақтау технологияларына (CCUS) ерекше мән беріп отырмыз. Шелл компаниясының бұл салада мол тәжірибесі бар. Бүгін қол қойылған құжат стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңін айқындайды, – деп атап өтті ҚМГ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.

– Біз Қазақстанда Шелл компаниясының жұмыс істеген жылдары орнаған ынты­мақ­тастық пен өзара түсіністікті жоғары бағалаймыз. Компаниямыз ҚазМұнайГаз және Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті. Ұлттық компаниямен жасалған меморандум Қазақстанның мұнай-газ секторының дамуына тағы да үлес қосуға, сондай-ақ энергетикалық ауысуға деген ұмтылысын қолдауға мүмкіндік береді. Бұл біздің компанияларымыз үшін де, жалпы Қазақстан үшін де маңызды, – деді Шелл концернінің еліміздегі аға вице-президенті және төрағасы Херман Бурмейстер.

Мереке қарсаңында Қаз­МұнайГаз ұлттық компаниясында онлайн режимінде салтанатты шара болып өтті. Жиынға ұлттық компанияға қарасты кәсіпорындардың басшылары мен қызметкерлері қатысты. Кәсіби мерекеге орай мұнай-газ өнеркәсібінде ұзақ жылдар еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосқан мұнайшылар құрмет грамоталары және естелік төсбелгілерімен марапатталды.

– Баршаңызды кәсіби мере­келеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Отыз жылда мұнай-газ кешені ұлттық эко­номиканың қозғаушы күшіне айналды. Қара алтынды өндіру қажыр-қайрат пен білімді, төзімділік пен табандылықты талап етеді. Еліміздің әрбір мұнайшысы еселі еңбегімен өркендеуге сүбелі үлесін қосып келеді. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қара суығында еңбек етіп жүрген барлық мұнайшы қауымға өз ризашылығым мен зор алғысымды білдіремін. Мұнайшы болу – мақтаныш! – деді компа­нияның басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы