• Бизнес & Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2021

Жем-шөп қорын дайындау: халыққа нақты ақпарат қажет

Аптап ыстық алқымнан алып, жер апшысын қуырғанда, қорасындағы азын-аулақ малы қолға қарап қалған қарапайым шаруаның назары билік орындарына ауғаны рас. Әу баста абдырап қалған атқамінерлер қолда бар мүмкіндіктерді қарастырудың орнына ежелі әдетіне басып, «қалың ел, қайран жұртына» алақан жайды.

Елді есеңгіреткен биылғы ахуал мемлекеттің шаруа­шылықты, соның ішінде ауыл шаруашылығын бас­қару­ды тікелей өз қолына алуы қажеттігін тайға таңба бас­қандай көрсетіп берді. Кеңес заманындағыдай тауарлы өнім өндіретін, әлеуметтік нысандары – мектептері, ауруханалары, клубтары мен кітапханалары бар  ұжымшарлар тәжірибесіне қайта оралар кез жетті. Әлем елдері өз аграршыларына қар­жылай қолдау көрсетіп, қиын-қыстау кезеңдерде негізгі шы­ғындарды өз мойнына алатыны белгілі. Қазақстан да осы үрдіске оралуы, мемлекеттік қолдауға бөлінетін қаржыны ұстағанның қолында, тісте­геннің аузында кететіндей емес, әрбір жеке шаруаға адресті түрде жеткізілетіндей жағдай жасауы қажет. Бұл ретте түрлі форс-мажор оқиғаларынан сақтандыру  шараларының алар орны ерекше.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің хабарлауынша, шаруаларға  мемлекет тарапынан көмек көрсетіле бастаған. Атап айтқанда, топырақта ылғал жетіспеушілігінен сақ­тандыру шартын жасасқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сақтандыру төлемдерін алуда. Елімізде ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан зардап шеккен егістік алқаптарындағы құрғақшылық фактілері Qoldau.kz сайтындағы Agroinsurance жүйесі арқылы спутниктік деректер негізінде автоматты түрде тіркеледі. Топырақ ылғалдылығының жетіспеу ин­дексінің бірінші фазасы бойынша жасалған 32 сақтанды­ру келісімшарты бойынша Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының фер­мерлеріне сақтандыру компаниялары 190,5 миллион теңге төледі. Ылғал жетіспеушілігі индексінің екінші фазасы бойынша 38 сақтандыру келісімшартымен 3 өңірдің – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының фер­мерлеріне сақтандыру ком­паниялары 314,1 миллион теңге көлемінде төлем жасады. Үшінші фаза бойынша Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының фермерлері ылғал тапшылығы индексі бойынша 56 сақтандыру шартын жасасқан болатын. Олар сақтандыру компанияларынан 224,4 миллион теңге сомасында төлемдер алады. Жалпы, үш фаза бойынша сақтандыру төлемдерінің сомасы 729 миллион теңге құрайды.

 

 

Бұл сома фермерлердің сақ­тандыру полистеріне жұмсаған шығындарынан 565,5 миллион теңгеге асты. Биылғы жылы сақтандыру компаниялары ылғал тапшылығы индексін сақтандыру бойынша жасалған 100 келісім-шарт аясында жеті облыста және елордада 121,3 мың га аумақты сақтандырды. Бұл келісім-шарттар бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 319 миллион теңгені құрады, оның 159,5 миллион теңгесін фермерлер, ал 159,5 миллионын ауыл шаруашылығын сақтандыру саласындағы оператор болып табылатын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төледі. Сондай-ақ елімізде өткен жылдың тамыз айынан бері аграрлық салада­ғы инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінетін екінші деңгейлі банк несиелерін кепілдендіру тетігі жұмыс істеп келеді. Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарындағы 8 кәсіпорынның банк несиелері кепілдендірілді. Оның жалпы сомасы 2,3 миллиард теңгені құрады. Осы арқылы фермерлер екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеді. Нәтижесінде кәсіпорындарын жаңартып, өнім­ділікті арттыруға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта банктерде жалпы сомасы 3,8 миллиард теңгені құрайтын тағы 5 жоба қаралуда. Оң шешім қабылданса, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан об­лыстарының кәсіпкерлері не­сиелерін кепілдендіру мүмкіндігіне қол жеткізеді. Мұнда жыл он екі ай жұмыс істейтін жылыжай құ­рылысын, астық кептіру кешен­дерін, ангарлар салу, жаң­бырлатып суару жабдықтарын сатып алу және айналым қаражатын толықтыру жобалары ұсынылды.

Бір назар аударарлығы – тамыз­дың соңғы жұмасында өткен жем­шөппен қамтамасыз ету жөніндегі республикалық жедел штабтың кезекті отырысында келтірілген деректерге сәйкес, сол күнге дейін 20,8 миллион тонна шөп дайындалған. Бұл – қысқы мал азығын дайындау жоспарының 88 пайызы. Пішендеме дайындау жоспардың 76 пайызын, сүрлем дайындау 8 пайызын құрайды. Маңғыстау және Қызылорда облыстарына үкімет резервінен қаражат бөлінген. Маңғыстау облысында жоспарланған шөптің 48 пайызы  дайындалған. Жедел штаб отырысында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнату мәселесі көтерілді. «Халыққа нақты ақпарат  дер кезінде жетпесе, қоғамда жұмыс жүргізілмей, шаруа­лар құрғақшылықтан зардап шегіп, қысты жем-шөпсіз күтіп отырғандай пікір қалыптасады. Осыған байланысты облыстардағы мал азығын дайындау барысын жариялап отыру қажет», делінді. Алайда, биік мінбеден қаншалық мәлімделсе де, облыстардағы мал азығын дайындау барысын жария­лап отыру жөніндегі тапсырма да орындалмай отыр: министрлік сайты бұл жөнінде жұмған аузын ашпауда.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

1172 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы