• Қаржы
  • 09 Қыркүйек, 2021

Инфляция қайткенде тізгінделмек?

Елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенді жобасы әзірленді. Жоба жедел және орта мерзімді кезеңдерге арналған 2 бағыт бойынша баға өсуін тежеуге және инфляцияны бекітілген нысаналы деңгейге қайтаруға бағытталған жүйелі жұмыстарды қамтиды. Сейсенбідегі үкімет отырысында қаралған осы жобаны талқылау барысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляцияны төмендету қадамдарын түсіндірді.

Ұлттық банк баға тұрақ­тылы­ғын қамтамасыз ету үшін дез­ин­фляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Бірінші кезекте, Мемлекет бас­шысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында инфляцияға қарсы әрекеттің кешен­ді шаралары аясында монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шаралар қабыл­дануын қолдайды. Айта кетейік, монетарлық емес факторлар дегеніміз – ақша-несие сая­сатының ықпалынан тыс қалып­тасатын жағдайлар. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдеріне маусымдық баға өзгерісі, т.т.

Биыл жылдың басынан қыр­күйек­ке дейінгі кезеңде ин­фля­ция өсімін жеделдетуге 8 айдың қорытындысы бойынша 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі негізгі үлес қосты. Оны жылдың соңына қарай 8 пайызға дейін төмендету үшін Үкімет отырысында талқыланып, қабылданған шаралар кешеніне сәйкес, реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің уақытша тиімді қадамдарын негізге ала отырып, жекелеген на­рықтардағы маусымдық күтпе­ген өзгерістер мен теңге­рімсіз­діктерді жою бойынша жедел шаралар қабылданатын болады.

Мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін үкімет тауарлардың өндірісі, экспорты мен импорты теңгерімін қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратын болады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%, ал 2023-2024 жылдары 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. «Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша басқа тауарлар мен қызметтерге тікелей әсер етумен қатар айтарлықтай жанама ықпал ететін жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі әлеуетіне жатады. Үкіметіпен келісім бойынша біз азық-түлікке жатпайтын инфляцияның 2022 жылы 5%-ға және 2023-2024 жылдары 4%-ға дейін төмендеуін күтеміз», – деді Ұлттық банк басшысы.

Ол реттелетін қызметтер үшін орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты енгізу айырықша маңызды болатынын атап өтті. «2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді.Ұсынылатын шаралар­дың тиімділігі көбінесе өңірлердегі жұ­мыс­тың жұ­мыла ұйымдастырылуы мен үйлес­тірі­луіне байланысты болады», – деді Е.Досаев.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, бірқатар облыстарда биылдың басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі тіркелген. Мысалы, өткен тамыз айында 5 өңірде инфляция деңгейі 9 пайыздан жоғары қалыптасты. Осыған байланысты Ұлттық банк облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарын қабылдап, әр өңірмен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар шаралар кешеніне қосымша орта мерзімді кезеңде Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында жасалған Макроэкономикалық саясат іс-шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға ар­налған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады. «Біздің бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыттары бюджеттің мұ­найға жатпайтын тапшылы­ғын одан әрі төмендету, тауарлар мен қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік тауар­ларын тұтынудағы импорт үлесін төмендету болып саналады. Өз өкілеттіктері аясында Ақша-кредит саясатының 2030 жылғы дейінгі стратегиясына сәйкес, шамадан тыс өтімділікті қысқарту үшін Ұлттық банк 2025 жылға дейін экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан кезең-кезеңімен толық шығуға ниеттеніп отыр. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляция­ның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылып, баға тұрақтылығына қол жеткізілген жағдайда, Ұлттық банк ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабыл­дауға дайын», – деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, 27 шілдеде Ұлт­тық банк негізгі мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейінде +/- 1,00 п.т. пайыз­дық дәлізбен белгілеу туралы шешім қабылдады. Қаржы реттеушісі ақша-кредит саясатын осылайша, ойластырылған түрде күшейту инфляция шиыр­шығын босату қаупінің алдын алу және 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтару қажеттігінен туындады деп түсіндірген болатын. Ұлттық банктің негізгі мөлшерлеме бойынша кезекті отырысы 13 қыркүйекте өтеді.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 

1371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы