• Ақорда & Үкімет
  • 09 Қыркүйек, 2021

Мемлекет басшысы егістік жайын бақылады

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысындағы егін жинау науқанының барысымен танысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы «Сервис Жарс» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы алқабына барудан басталды. Мемлекет басшысы кәсіпорынға қарасты егістік жерлердің жағдайымен танысып, егін жинау жұмыс­тарына пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларын көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы кәсіп­орнының жетекші­лерімен және механизаторлармен әңгімелесу барысында биыл­ғы Жолдауында бұл сала бойынша тиісті міндеттер жүк­тегенін еске салды.

– Біз субсидия саласын­дағы саясатымызды жетіл­діріп, реттеуіміз керек. Аталған мәселеге Жолдауымда арнайы тоқталдым. Бұл жерде бәрі айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Алайда, қазіргі уақытта біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Мем­лекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев дайын әрі өңделген өнімнің, соның ішінде ұнның экс­портқа шыға­рылу көлемі төмен­дегенін атап өтіп, қолайлы тариф саясаты қажет екеніне назар аударды.

– Біз дәстүрлі түрде Өзбек­стан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нары­ғына ұн жеткіземіз. Жалпы Үкімет, Сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ, қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өн­ді­ру­шілерге, әсіресе ұн шыға­ратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңдел­ген өнімдерді экспорттауға тиіспіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы агро­өнеркәсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қа­жет екеніне назар аударды.

– Үкімет ауыл шаруа­шы­лығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамта­масыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруа­шылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бой­ынша тиісті жұмыстарды жалғастыра­ды. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлеріне қол жетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есебін тыңдады.

27920 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы