• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 09 Қыркүйек, 2021

Баянды бағдарға – жүйелі жоспармен

Үкімет Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды қабылдады. Министрлер кабинеті сондай ақ инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін бекітті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндаған Жалпы­ұлттық жоспардың жобасы қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арт­тыруға арналған 7 бағыт, 5 бастама бойынша 102 іс-шарадан тұрады. Бірінші бағыт бойынша 27 іс-шараны іске асыру көзделген. Бұл ретте келесі жылы кәсіпкерлікті дамыту үшін «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асыру жалғаса бермек. Қаржыланды­ру көлемі кемінде 1 трлн теңгені құрап, мемлекет қаржысының тиім­­ділігін арттыруға арналған тұ­жы­­рымдама әзірленеді. Сонымен қатар «өндірушіден тұтынушыға дейін» тізбегі бойынша бағаларды бірыңғай бақылау үшін негізгі мемлекеттік орган айқындалмақ. Жеке қосалқы шаруашылық­тар жөнінде заң әзірленіп, ауыл шар­уашылығында субсидиялау тетіктерін ұзақ мерзімге бекіту көзделіп отыр. Цифрландыру жө­ніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті АТ-маман даярлау, цифрлық салада­ғы қызметтер мен тауарлардың экспортын 2025 жылға қарай кемінде $500 млн дейін жеткізу жоспарлануда. Инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында Ұлттық геология­лық қызмет құрылады. Шектеу қойылған кепілдіктегі активтерді эко­номикалық айналымға қайтару туралы заң жобасы әзірленетін болады. Сондай-ақ отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарлар бағасының қолжетімділігін және көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету бойынша шаралар әзірленеді. Екінші бағыт бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Министрдің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алу жеделдеті­леді. Медициналық бұйымдарға зертханалық және техникалық сынақтар жүргізу орталығын құру көзделіп отыр. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде кемінде 12 санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханасы жоғары технологиялық жабдықпен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, отандық тауар өндірушілермен оффтейк-келісімшарттардың көлемі мен номенклатурасы кеңейтілетін болады. Үшінші бағыт бойынша 12 іс-шара іске асырылмақ. Типтік оқу жоспарларын алып тастау бойынша «Білім беру туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Мұғалімдерді 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді ұйымдастыру жоспарлануда.  Сонымен қатар қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсарту, сонымен бірге «Цифр­лы ұстаз» жобасы іске асырылады. Дарынды балаларға және олардың ұстаздарына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне гранттар беру, сонымен бірге бір реттік ақшалай сыйақы да төлеу көзделуде. Мектептердегі орын тап­шылығы проблемаларын шешу үшін 2025 жылға дейін кемінде 1000 мектеп салу жоспарлануда. «Жас талап» жобасы аясында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Төртінші бағыт бойынша 22 іс-шараны іске асыру көзделген. «Агломерацияны дамыту туралы» заң әзірленіп, жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес Өңірлердің даму жоспарларын өзектендіру көзделген. Стратегиялық инвесторлармен бірлесіп, елімізде кем дегенде 2400 мегаваттық жаңартылатын қуат көзі іске қосылады. Еліміздің аса ластанған 10 қаласын орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшіру жоспарлануда. Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде барлық қалалар мен ауылдар таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ су ресурстарын ұқыпты пайдалану мақсатында 120 арна реконструкцияланып, 9 жаңа су қоймасы салынады. Бюджет үдерістерін жеңілдету, бюрократияны барынша азайту және цифрлық тәсілдерді қолдануды кеңейту бойынша заңнамаға түзетулер енгізілетін болады. Абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі халық қатысатын үлесті арттыру жоспарда бар. Бесінші бағыт бойынша 6 іс-шара көзделген. «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң және жұмыспен қамту­дың жаңа үлгілерін реттеу тетіктері әзірленетін болады. Көші-қон сая­сатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл бағытта еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдері қайта қаралуы керек. Алтыншы бағыт бойынша 13 іс-шара жүзеге асырылып, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдері әзірленеді. Депутат мандатын бөлу кезінде квотаны міндетті түрде ескеру бойынша талап заң жүзінде бекітілетін болады. Сонымен қатар квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейту жоспарлануда. Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру мақсатында орта мерзімді кезеңге арналған тиісті стратегиялық құжат бекітіледі. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізілетін болады. Алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеу жоспарлануда. Жетінші бағыт бойынша 5 іс-шараны іске асыру көзделеді. Жаңа мәдениеттің дарынды өкіл­дерін дәріптеуге бағытталған нақты шараларды әзірлеу жоспарлануда. Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігі қарастырылатын болады. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында отаншылдық, білімге құштарлық және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеу бойынша шаралар әзірлеу көзделіп отыр. Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының 5 бастамасын іске асыру мақсатында келесі іс-шаралар жүзеге асырылады. Бірінші, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Екінші, бизнесті жұмысшыларының еңбекақысын көбейтуге ынталандыру бойынша шаралар әзірленеді. Үшінші, микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу жоспарлануда. Бұл жиынтық бизнеске салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Төртінші, 2022 жылдан 2025 жылға дейін жекелеген санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға ұлғайту көзделген. Бесінші, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғынүй сатып алу үшін Отбасы банктегі есепшотына аударуға рұқсат беру мүмкіндігі беріледі.

Сонымен, Үкімет пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қам­тамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін құру бойынша белсенді шаралар қабылдайды. «Мемлекет басшысының азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру – жұмыстың маңызды бағыты. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы халықтың нақты кірістерінің өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады», – деді А. Мамин.

Осы ретте ол орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына жоспар іс-шараларының сапалы әрі уақыты­лы орындалуын қамтамасыз ету бойынша дербес жауапкершілік жүктелетінін айтты.

Жиында сондай-ақ инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешені қаралды. Атап өтілгендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда инфляцияның өсуіне жол бермеу бойынша алға қойған міндетін орындау мақсатында Үкімет қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету жө­ніндегі шаралар кешенін әзірледі. Азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында секторда құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылда­нады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алынып, Азық-түлік келісім шарт корпорациясының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін шикізаттың тұрақты және болжамды бағаларын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі. Өндірушілерге жеңілдікпен кредит және субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады.  Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі.  Елдегі Өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингтеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді.  Азық-түліктен басқа тауарларға инфляция деңгейін тежеу жөніндегі шаралар аясында қажет болса, тапшылық орын алып отырған немесе ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды сыртқа шығаруға шектеу енгізу көзделеді. Медициналық қызметтердің кешенді тарифте­рін және бірқатар медициналық тауардың шекті бағасын алдын ала бекіту қамтамасыз етіледі. Инфляция импортының жоғары деңгейі бар өндірістерді ұлғайту жөнінде нақты шаралар қабылданады, оның ішінде құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері де бар. Ақша-несие саясатының аясында инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлеміне бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, жергілікті атқарушы органдарға көзделген шараларды орындауға дереу кірісуді, Ұлттық экономика министрлігіне олардың іске асырылу барысына мониторинг жасауды тапсырды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

562 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы