• Бизнес & Қоғам
  • 18 Қыркүйек, 2021

Балық өсіруді жолға қойған кәсіпкер

Мемлекеттік қолдаудың арқасында Алматы облысында балық шаруашылығы да дамып келеді. Осылайша Кеген ауданының тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, бұлақ суында форель балығын өсірумен айналысуда. Заманауи балық шаруашылығы жыл сайын 6 мың тоннадан аса тауарлы балық түрін алады. Облыста балық шаруашылығына бөлінетін субсидия нәтижесінде кәсіпкер осы жылдың сегіз ай ішінде 3 мың тоннадан аса балық өсірген.

Мамандығы бойынша инженер-механик Ерсайын Көбенқұлов ұзақ уақыт Алматы қаласында жұмыс істеген. Араға уақыт сала туған өлкеге оралып, мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдайды. Өз кәсібін дөңгелету үшін жас кәсіпкер алдымен «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында жүзеге асатын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Оқуын аяқтаған соң болашақ кәсіпкер туған жері Кеген ауданына қарасты Талды ауылында жобаны жүзеге асыра бастайды.

Ерсайын бірнеше мың форель шабағын бұлақ жанынан салынған бассейнге жібереді. Бұл оның қазіргі табысты кәсібінің бастауы болды.

«Су температурасы, ауылдың климаты форельді өсіруге мүмкіндік берді. «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында алынған 4 млн. теңге жеңілдетілген несие жақсы бастама болды. Бұл сомаға балық өсіруге арналған арнайы бассейндер салынып, қажетті құрал-жабдықтар мен жем сатып алынды. Балықты сатылымға шығару үшін 6 айдан аса уақыт кетеді. Жылына 2 рет әрі қарай дамытуға болатын форель түрін аламыз», – деді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, шар­уашылық жылына сатылымға 6 мың тоннадан аса балық алады. Жақын арада Ерсайын Көбенқұлов қосымша салынған екі бассейнге балықтарын жіберуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жылына 20 мың тоннаға дейін форель балығын алуға мүм­кіндік береді екен. Қазіргі уақытта форельді туристер мен жергілікті тұрғындар сатып алуда. Басым бөлігі Еңбекшіқазақ ауданындағы форель шаруашылығына жеткізіледі.

Облыстық Кәсіпкерлер палата­сының мәліметінше, биылғы жылы Ерсайын Көбенқұлов қосымша аграрлы туризммен айналысуға бел буған екен. Оның шаруашылығында келушілер өздері балық аулап, ұстаған балықтарын лезде дайындап, сол мезетте дәм татуларына болады. Сондай-ақ арнайы киіз үй тігіліп,  келуші­лер үшін жанға жайлы жағдайлар жасалынған. Кәсіп­кер аталған бағытты дамытудағы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағ­дар­­ламасына орай 3 млн. теңге грант алды.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерінің жобасына байланысты 3,1 мың жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіп­керлер оқытылды. Өткен жыл­дары оқыған азаматтарды қоса есептесек, жоба бойынша оқы­тылған­дардың ішінен 1200-ден астам бизнес-жоба гранттық қаржы­ландыру мен жеңілдікдетілген несие алды.

Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының хабарлауынша, жалпы Алматы облысында балық өсіруге маманданған 24 балық шаруашылық субъектісі бар. Егер өткен жылы олар 943 тонна балық өсірсе, осы жылдың 8 айында мем­лекеттік қолдаудың арқасында балық шаруашылығы саласында субсидиялар түрінде олар 3 мың тоннадан астам дайын өнім алды.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

 

1236 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы