• Бизнес & Қоғам
  • 18 Қыркүйек, 2021

Ниет болса, екі қолға бір күрек табылады

Жетісу өңірінің тұрғындары шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өзінің хоббиін жеке кәсібіне айналдырып үлгерді.

Солардың қатарында Қа­расай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова да бар. Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы болса да тігін ісіне қызығушылық танытып, сүйікті ісіне айналдырды. Мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз несие алып, өзінің тігін цехын ашты. Облыс бойынша «Еңбек» бағдарламасына сәйкес мыңнан аса бизнес жобасына арнайы берілген қайтарымсыз грантын жеңіп алды.

Өз кәсібін ашқысы келетін жандарға арналған оқу үйрету  курсына 21 күн онлайн форматы түрінде қатыстым. Содан кейін өзімнің бизнес жобамды ұсынып, сертификат ұтып алдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы оқуға қатысып, жобамды қорғап, «Еңбек» бағдарламасы аясына 583 мың теңге көлемінде қайтарым­сыз несие алдым. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесін­де жеке цех аштым. Қазіргі уақытта толыққанды жұмыс істеп тұр. Біздің цех арнайы киімдерді тігуге бағытталған. Алматы, Семей, Өскемен қалала­рынан түскен тапсырыстарды орындап, жөнелттік, – деді кәсіпкер Ғ. Қожамбергенова.

Кәсіпкердің айтуынша, грант бойынша берілген қаражатқа мамандандырылған тігін машинасы, қажетті құрал-жаб­дықтар мен маталар сатып алынды. Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтардың бірінде цех ашуға жарайтын ғимарат жалдаған. Бүгінгі күні үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыстар жер­гі­лікті тұрғындардан ғана емес, басқа да қалалардан түсуде.

Кәсіпкерлер палатасы Қара­сай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділдің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 484 аудан тұрғыны оқып, оның ішінен 70 бизнес-жоба қаржыландырылды.

Бұдан бөлек Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының жас кәсіп­кері мемлекеттік бағдар­ламаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, автөкөліктерге техникалық қызмет көрсететін орталық ашқан. 29 жастағы Алпамыс Жақұпов та «Бастау Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіріп, былтыр 550 мың теңге көлемінде грант ұтып алған болатын. Бүгінгі таңда, Алпамыс ашқан орталық автокөлікке арналған техникалық байқаудың барлық түрінде қызмет етеді. Мысалы көлік жуу, әртүрлі қиындығына байланысты жөндеу жұмыстары, диагностикадан өткізу және басқа да жұмыстар бар. Жас кәсіпкер халықтың темір тұлпарына жоғары дәрежедегі техникалық бақылау жасап қана қоймай, ауданның жұмыссыз жастарын жұмыспен қамтып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік бө­лімінің мәліметінше, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биылғы жылы 350 адам оқуға ниет еткен. Оның 280-і кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуді бастап та кетті. Микронесиені 80 тұрғынға беру жоспарланса, оның 60-ы 235,8 млн. теңге микронесие алып үлгерді. Тағы 115 тұрғын мемлекеттік грант иесі атанады. Оның 85-і жобасын қорғап, 50 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Айта кетерлігі, Алматы облысында жыл басынан бері нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемле­кеттік «Еңбек» бағдарламасы ая­сында 2895 жұмыссыз жас «Бас­тау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Өткен және биылғы жылдың курс тыңдаушыларын қоса алғанда, 1050 бизнес-жоба грантпен қар­жыландырылып, жеңілдетілген несие алды.

Биылғы жылы Алматы облысы аталған бағдарламаны іске асыру үшін 18,9 млрд теңге бөлді. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 4087 адамды кәсіптік оқытуға 2671,2 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 15 пен 24 жас аралығындағы 1535 адамды кәсіптік техникалық оқы­туға, орта жастағы 2552 адамды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша және жұмыс берушілердің өтінімдеріне байланысты жұмысшы кадрларды даярлау үшін қысқа мерзімді оқытуға жіберілді. Бүгінгі күнге 2457 адам оқуға жіберілген. 1391 адам оқуын аяқтап, 893 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның екін­ші бағыты шеңберінде 5425,4 млн теңге бөлініп, 1542 адамға 4420,9 млн. теңге шағын несие беру жоспарланған. Оның ішінде ауыл­дық жердегі 1517 әлеуетті қатысушыға – 4181,7 млн теңге, қаладағы 25 әлеуетті қатысушыға 239,2 млн теңге шағын несие беру қарастырылған. Қазіргі уақытта  669 адам 3109,4 млн теңге сомасына шағын несие алды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 1550 адамға 904,5 млн. теңгеге грант беру қарастырылса, бүгінгі күні 1228 адамға 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде 716,4 млн. теңгеге грант берілді. Мемлекет тарапынан берілетін осындай көмектің арқасында шағын және орта бизнес субъектілерін ашып, оны кемелдендіріп, жұмыс­сыз азаматтардың нәпақа табуына мүмкіндік туғызып отырған жағдайлар еселене түсті.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

 

1523 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы