• Қаржы
  • 18 Қыркүйек, 2021

Беймонетарлық cалдарлар әсері кемуі тиіс

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Биылғы тосын мінез танытқан ауа райы көбіміз айтып жүргендей ауыл шаруашылығы саласына ғана кері әсерін тигізген жоқ. Жеміс-жидектің мамыр-маусым мен сол бір екі айда күрт қымбаттауы базар бағасын аспанға шығарып, инфляцияны шарықтатқаны әлі де ел есінде. Бұған көлік қатынасындағы, жанар-жағармаймен қамтамасыз  етудегі кідірістерді қоссаңыз, витаминді өнім құнының қымбаттау себептерінің төркінін шотқа салып, төңіректі таясқаяқтай қағыстырмай-ақ байыптауға болады. Тілге тиек етіліп отырған есеп-қисап, басқаша айтқанда  инфляцияның беймонетарлық  факторлары мен салдарлары отбасы-ошақ қасына ғана қатысты емес. Ол халықтың экономикалық белсенділігі сияқты мемлекеттік маңызы бар мәселемен де астасып жатыр. Әңгіме – осы салдарлар әсерін кемітуде.

Міне, сондықтан да еліміздің бас банкирінің мемлекет басшысына берген есебінде биылғы 8 айдағы ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындысына, сондай-ақ әлем экономикасының қайта қалпына келу барысында туындап отырған қауіп-қатерлерге баса назар аударылды. Дағдарысқа қарсы шараларды ұтымды іске асыру нәтижесінде жаз шыға еңбек нарығының қозғалысқа келгені, сөйтіп, қаймана жұрттың табысы мен тұтыну деңгейінің артуына ықпал еткені жөнінде айтылды. Сондай-ақ  Қазақстанның жалпы халықаралық резервтерінің биылғы 8 айда 93,7 миллиард долларға дейін ұлғайғаны және Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 2,3 миллиард долларға дейін өскені туралы алдын ала деректер жария етілді. Сөйткенмен де халықаралық нарықтардағы құбылмалылықтың артуы жағдайында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет болады. Бұдан бұрындары атап өткеніміздей, биылғы жылдың екінші тоқсанында дамыған елдерде COVID-19-дан ауқымды екпенің басталуы және тиімді қолдау шаралары экономиканы қалпына келтіруді жеделдетуге және қор индекстерінің өсуіне ықпал етті. Мұнай нарығында бағаның одан әрі көтерілуі байқалды. Сыртқы конъюнктура ішкі нарықтардың дамуына әсер етуде. Жалпы алғанда, экономиканың ішкі секторында инфляциялық үдерістердің жылдамдауы арқылы іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және жекелеген тауар нарықтарында теңгерімсіздік байқалып отыр. Осыған орай сыртқы және ішкі даму факторларын ескере отырып, бас банк есепті тоқсанда базалық мөлшерлеме деңгейін бұрынғы 9 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдағанына арнайы тоқталғанбыз. Бұл шешімнің қаржы нарығына біршама оң әсері болды. Мәселен, екінші тоқсанда банк секторының өтімділігі өсті, бұл есепті тоқсанның екінші жартысынан бастап нысаналы дәліздің төменгі шегіне жақын ақша нарығының мөлшерлемелерін қалыптастыруға әкелді. Негізгі көлем бас банк ноттарынан және депозиттік аукциондардан алынды. Бұл ретте нарық қатысушылары бойынша өтімділіктің шоғырлануы орналастыру жағынан да, өтімділікті тарту жағынан да төмендеді. Елдің валюта нарығындағы ахуал сыртқы және ішкі жағдайлардың әсерінен дамыды. Атап өткеніміздей, сыртқы секторда әлемдік қаржы алаңдарындағы жағдай коронавирустың жаңа штамдарының таралуы, жаппай екпенің өріс алуы, әлемдік экономиканың қалпына келуі және әлемдегі орталық банктердің тарапынан ақша-кредит саясатын күшейтуді күту арқылы анықталды. Ішкі нарықта іскерлік белсенділіктің қалпына келуі, импорттық тауарлар мен қызметтерге кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру нәтижесінде сұраныс тарапынан айырбастау бағамына қалыпты қысым байқалуда. Есепті тоқсанның соңына қарай мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі нарыққа қатысушылар тарапынан сұраныстың төмендеуі аясында аздап өсті. Сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздарға шетелдік инвесторлар назар аудара бастады. 

Әлемдік қор нарықтарынан кейін KASE индексі сенімді өсуді көрсетті. KASE индексінің құрылымында негізгі өсудің қозғаушы күші энергетика саласы болды. Екінші тоқсан ішінде теңгелік, сондай-ақ валюталық салымдардың өсуі есебінен банк жүйесіндегі депозиттер көлемінің өсуі жалғасты. Теңгелік депозиттердің өсуі халықтың салымдары арқасында, соның ішінде зейнетақы жинақтарын екінші деңгейдегі банктердегі ағымдағы шоттарға орналастыру нәтижесінде қалыптасты. Валюталық депозиттер корпоративтік сектор есебінен өсті. Депозиттердің долларлануы есепті тоқсан ішінде тұрақтанды. Алайда, депозиттер құрылымында түрлі бағыттағы серпін орын алды: жеке салымдарды долларландырудың төмендеуі корпоративтік салымдарды долларландырудың өсуімен өтелді. Шолудың басында атап өткеніміздей, экономикадағы іскерлік белсенділіктің және халық табысының қалпына келуі аясында корпоративтік секторға жаңадан берілген кредиттер, сондай-ақ тұтынушылық қарыздар көлемінің өсуі байқалуда. Халықтың зейнетақы жинақтарын ішінара алуы аясында берілген ипотекалық қарыздардың өсуі жалғасты. Таза кредит беру немесе ескі қарыздарды өтеуді шегергенде жаңа кредит беру есепті тоқсан үшін жеке және корпоративтік секторды теңгемен кредиттеу есебінен оң қалыптасты, бұл екінші деңгейдегі банктердің кредиттер қоржынының өсуіне алып келді. Есепті тоқсанда корпоративтік секторға ұлттық валютадағы кредиттер бойынша мөлшерлемелер серпіні тұрақтанды, жеке сектор кредиттер бойынша тұтынушылық кредиттер есебінен төмендеу үрдісін көрсетті. Аталған үдерістер  нәтижесін  жуырда S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредит рейтингін пандемияға дейінгі «ВВВ-» деңгейінде растағаны, мұның өзі нақты сектордағы іскерлік белсенділікті жандандыру, шағын және орта бизнесті қолдау арқасында мүмкін болғандығын Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы хабарынан көре аламыз.

984 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы