• Қаржы
  • 18 Қыркүйек, 2021

Төлем карталарын қабылдау 2 есе артқан

Төлем карталарын қабылдайтын сауда нүктелері екі есеге жуық көбейген. Сондай-ақ POS-терминалдар саны да екі есеге таяу өсіпті. Дегенмен, кәсіпкерлер «көлеңкеден» шығып, таза бизнес жасауға асығып отырған жоқ, сондықтан тексеруді қатайта түсу қажет, деп есептейді Қаржы министрлігі. Бұл туралы finprom.kz сайты хабарлайды.

Биыл бірінші жартыжылдықта елімізде 356,3 мың POS-терминал тіркелген, оның  347,7 мыңы – сауда кәсіпорындарынікі. Бір жылда олардың саны бірден 91,1%-ға артқан.  Салыстырар болсақ, бұдан бір жыл бұрын өсім 32,2% болған екен.

Барлық  POS-терминалдың жартысынан астамы үш қана аймақтың еншісінде: көбі – Алматы қаласында (96,6 мың), содан кейін Нұр-Сұлтан қаласы (58,8 мың) мен Қарағанды облысында (29,6 мың) (1-инфографика).

Қазақстандық та, шетелдік те эмитенттер шығарған төлем карталары арқылы еліміз аумағында POS-терминалдардан өткен қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі бір жылда 2 еседен аса өскен. Сөйтіп, бұл  биылғы қаңтар-шілдеде 6,1 трлн теңге құрапты.

Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы ауқымында POS-терминалдар үлесінің қысқаруы одан әрі жалғасуда. Мәселен, соңғы бір жылда мұндай төлемдер 19,2%-дан 16,9%-ға дейін азайған. Салыс­тырар болсақ: 2019 жылдың бірін­ші тоқсанында-ақ олардың үлесі айтарлықтай ауқымды 33%-ға жеткен.

Қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша транзакциялар саны бір жылда 87,2%-ға, 1,1 млрд операцияға дейін артқан. Бір операцияның орташа чегі төрт жылғы төмендеуден кейін соңғы бір жылда 10,3%-ға өсіп, 5,6 мың теңгені құрапты (2-инфографика).

Сонымен қатар соңғы жылы төлем карточкаларына қызмет көрсетуге эквайер-банктермен келісімге отырған кәсіпкерлердің саны айтарлықтай артқан: биыл маусым айының соңына бірден 2,1 есеге өсіп, 210,8 мыңға дейін жеткен. Мұндай кәсіпорындардың басым көпшілігі әдеттегідей мегаполистерде – Алматыда (51,4 мың) және Нұр-Сұлтан қаласында (34,8 мың) орналасқан. Сондай-ақ  біршамасы Қарағанды облысының (16,6 мың) еншісінде.

Сауда нүктелері биыл маусым­ның соңына 275,1 мыңды құрап, 80%-ға өскен (3-инфографика).

Еске салар болсақ: премьер-министрдің ресми порталында Қаржы министрлігі микро- және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораториді жоюды жақтайтынын хабарлаған болатын.

POS-терминалдар арқылы қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі екі есе өскеніне және транзакциялардың 1,1 миллиардқа дейін артқанына қарамастан, Қаржы министрлігі мораториді жою идеясын, министр­ліктегілердің есептеуінше, кәсіп­керлердің көлеңкеден шықпай отыр­ғанымен және нақты табыстарын ашып көрсетпеулерімен түсіндіреді. Сондай-ақ кассалық чектердің де жаппай белгіленбейтіндігі байқа­лады екен. Мемлекеттік кірістер комитетінде жағдай нақ осылай түсіндірілді, деп хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі.

Иса ҚАМБАР

1435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы