• Өндіріс өрісі
  • 18 Қыркүйек, 2021

ЖАҢА ӨНДІРІСТЕРГЕ ЖОЛ АШЫҚ

Әлемдік нарықта мол тәжірибеге ие шетелдік трансұлттық корпорациялардың елімізбен ынтымақтастыққа қызығушылығы жоғары. Сондай әлеуетті тараптардың бірі – швейцариялық бизнес. Ірі экономикалық серіктес ел өткен жылы Қазақстанға ең көп тартылған тікелей инвестициялар көлемі жөнінен 3-ші, екіжақты сауда көлемі бойынша 10-шы орынды алды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың үлкен әлеуеті Швейцария бизнесінің химия-фармацевтика өнеркәсібі, машина жасау, көлік инфрақұрылымы, энергетика салаларында, агроөнеркәсіп кешені, жаңа технологиялар, қаржы секторында өзара тиімді жобаларды іске асыруға мүдделілігімен расталады.

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегацияның Швейцария Конфедерациясына жасаған ресми сапары барысында ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өтіп, Қазақстанда бірқатар іргелі инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты нақты келіссөздер жүргізілді.

Танымал трансұлттық корпора­ция­лардың ішінде техника сала­сындағы «Ammann Group», машина жасау саласындағы «Stadler Rail», агроөнеркәсіп саласындағы «KS Genetics», «INOKS Capital», фар­мацевтика саласындағы «Sandoz» бар. «Ammann Group» басшылығымен жол техникасы мен құрауыштар­дың өндірісін оқшаулау арқылы Қазақстандағы қызметті кеңейту мүмкіндігі талқыланса, «Sandoz» басшылығымен келіссөздер барысында компания елімізде жоғары сапалы медициналық препараттар өндірісін құру мүмкіндігін қарастыру жайында мәлімдеді. Сол секілді, «INOKS Capital» ком­паниясының басшылығы агро­өнеркәсіп саласында қосылған құны бар кешенді тізбек құруға қызығушылық танытты. Ағымдағы жылы компания «Қорғас» АЭА базасында сығымдалған жемшөп өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, Алматы облысында жеміс сақтау қоймалары мен жеміс өңдеу цехтарын салу бойынша жаңа жоба пысықталуда. Ал «KS Genetics» компаниясымен толық циклды экспортқа бағдарланған инновациялық мал шаруашылығы кешенін құру жобасы бойынша, сондай-ақ «Stadler Rail» компаниясымен швейцариялық бизнеспен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бойынша екі меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті және Kazakh Invest «Burckhardt Compression», «Clariant», «Buhler», «Polymetrix», «Sika», «Basel Euro Airport», сондай-ақ «Econo­miesuisse», «Swissem» «JCC», «CCIG» бизнес-қа­уымдастықтарымен келіс­сөздер жүргізді.

Бүгінде өнеркәсіптік хими­каттарға жаһандық сұраныс арта түсуде. Әлем бойынша 85 өндірістік алаңы бар «Clariant» химиялық компаниясына Қазақстан өңірлеріндегі нақты инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстар жасалып, инвесторлар өз кезегінде еліміз аумағында өндіріс ашуға шынайы ниеттерін жеткізді. Швейцарияның тамақ, химия және автомобиль өнеркәсібі­не арналған жабдықтарды экс­порттаушыларының бірі – «Buhler» компаниясына елі­міздің тиісті салалардағы инвес­тициялық мүмкіндіктері таныстырылып, жобалар пулы ұсынылды. Компания өз бөлімшелерінің бірі ретінде Жамбыл облысында ПЭТ рециклинг зауытын салу бойынша жобаға қатысуды қарастырып жатыр. Сондай-ақ «Sika» компаниясы да еліміздің инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, қызметті кеңейтуге мүдделі екендігін жеткіз­ді. Қазіргі уақытта компанияның бүкіл әлем бойынша 200-ге жуық өндірістік алаңдары, соның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында құрылыс материалдарын өндіру бойынша 3 нысаны бар. «Euroairport» Базель халықаралық әуежайы Қазақстанның көліктік-логистикалық қабілетін, соның ішінде тиісті инфрақұрылымдық нысандарды құра отырып, транс­континентальдық әуе жүктерін тасымалдауды дамыту бойынша зор мүмкіндіктерін атап өтіп, ынтымақтастықтың түрлі нұсқаларын алға тартты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

631 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы