• Азық-түлік белдеуі
  • 18 Қыркүйек, 2021

Азық-түлік бағасының өсуі заңдылық па?..

Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін  бірінші  кезекте азық-түлікпен қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отыр.Тіпті, күніне 1000 килокалориялық тағам рационы адам ағзасына  жеткіліксіз, бұл аштық жағдайында деп есептеледі екен. Ал әлемде 1,5 млрд адам осындай аш құрсақ күйінде өмір сүріп келеді.Сондықтан адамзат қоғамының дамып, өсіп-өркендеуіне азық-түлік өндірісінің ықпалы өте зор. Бүгінгі сұхбатымыз NARXOZ университетінің профессоры,  экономика ғылымдарының докторы Шырын ҚАҢТАРБАЕВАМЕН осы тақырыпқа орай болмақ.

– Шырын Мырзахан­қызы, азық-түлікпен қамта­ма­сыз етудің жай-күйі қоғамдық даму сапасының маңызды көрсет­кіштерінің бірі болып  табылатындығы белгілі. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жүйе­нің артықшылықтары мен кем­шіліктеріне тоқталып өт­сеңіз?

– Халықтың әл-ауқаты әлеу­меттік қана емес, саяси-стра­тегиялық мәнге ие. Өйткені сая­саттанушылар халықтың кем дегенде 75 пайыздайын тойындырмайынша, саяси реформа жасауға болмайды дегенді айтады. Әлемдегі азық-түлікті тұтынуда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары 20 пайыз ең бай елдер мен 20 пайыз ең кедей елдердің арақатынасы 30:1 болса, 1990 жылы бұл арақатынас 64:1 болған. Бұл үрдіс әлемде әлеуметтік қауіпті  жағдайлардан туындап отырғаны жасырын емес. Сондықтан кез келген елде халықтың тоқ болуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз ету ұлттық қауіпсіздіктің ма­ңыз­дылығымен парапар ретінде қарастырылады. Оның бірі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төніп отырған қауіп-қатер коронавирус пандемиясы  жағдайында шиеленіскен республиканың экономикалық дамуының қазіргі сын-тегеурін­дері жүйесіндегі алғашқы орын­дардың бірінде тұр.

 

 

Бұл сонымен қатар тұтыну кәр­зеңкені 50%-дан астамын қамта­масыз ететін агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамытудың маңыз­дылығын түсіндіреді. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының осы  жылдың тамыз айындағы әлемдік бағаның өсуі туралы берілген ақпа­раттарына көз жүгіртсек, онда ішкі нарықта баға артуы да байқалды. Мә­селен, әлемдік қант нарығындағы бағалар өткен жылға қарағанда 10%-ға дерлік өсті, республикада қант бағасының артуы (құрақ пен қант қызылшасынан) шілде айындағы деректер бойынша 23,7%-ды құрап отыр. Өсімдік майларының қай түрі болмасын тиісінше әлемдік және отандық нарықта 6,7 және 77,1%-ға өскен.

Ішкі нарықтағы бағаның өсуі кейде әлемдік нарыққа қарағанда жоғары екендігін айта кету керек, бұл реттеуші құралдардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Бидай (қатты сорттар) өндірушілер бағасының 19,2%-ға өсуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қызметінің тиімділігі­не оң әсер беруі керек еді, алайда өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар бағасы энергетикалық ресурстарға, техникалық құралдарға және ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қажетті өзге де өнімге өсуімен қатар жүрді. Баға индексінің бұл арақатынасы агросектордың пайдасына емес, аталған құрылымдық проблемаларға байланысты саладағы қалыптасқан мәселелерді одан әрі ушықтыра түспек. Республикада инфляция 2021 жылдың басынан 5,8%-ды, ал 2020 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 8,7% - ды құрады. Бұл жаңа оқу жылының қарсаңындағы бағаның өсуінен болған инфляцияның болжамды деңгейі 4-6%-ға айқындалды.

– Бұл агроөнім өндірісін субсидиялау нарығындағы бағаның өсуіне теріс әсерін тигізіп төмендетуге мүмкіндік беріп отыр дегеніңіз бе?

 – Әрине, бірақ аталған мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ.Мәселен, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ жариялаған бидайға биылғы жылғы сатып алу бағасының өсуі өткен жылдың деңгейінен ¼-ге жоғары, ал стандартты нан бағасының өсуі республика бойынша орташа есеппен 7,9%-ды құрады. Республикада инфляция осы жылдың басынан бастап 5,8%-ды, ал өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 8,7%-ды құрады, бұл да жаңа оқу жылы қарсаңында бағаның өсуі жағдайында мемлекеттік реттеуді қоғамдық қабылдауды нашарлатты. Бұл ретте инфляцияның болжамды деңгейі 4-6%-ға айқындалды.Азық-түлік өнімдеріне баға белгілеуді үйлестірудің және инфрақұрылымды қалыптастырудың халықара­лық тәжірибесі тұрақты азық-түлік жүйе­лерін теңестірудің тиім­ділігін көрсетті, бұл ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейтуге, импортты алмастыруды оңтайландыруға және азық-түліктің экспорттық ағындарын қалыптастыруға оң әсер етеді.

– Республикада тұрақты азық-түлік жүйесін қалыптастыру үшін өнімді қайта өңдеу деңгейін арттыру, тауарларды сақтау, тасымалдау және өткі­зу­дің тиімді жүйесін құру қаншалық маңызды болмағына тоқталып өтсеңіз?

– Иә, Мемлекет басшысының биылғы жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында көрсетілген оның маусымдылы­ғын, сақтау мерзімдері мен тасымалдау мүмкіндіктерін ескеретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің логистикасын қалыптастыру бойынша шаралар керек дер едім. Аталған басымдықтар шеңберінде мемлекеттік қаржы ресурстарын басқаруды жетілдіруге, бюджет шығыстарын жүзеге асыру кезінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға бағыт­талған міндеттер айқындалды. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері қайта қаралуда. Агробизнеске қатысты дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру осы саланы қолдауға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Алайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сауда орталықтарын толықтыру, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің нарықтық бағасына нақты әсер ету мақсатында агросектор және оның инфрақұрылымының серпінді дамуындағы тауар өндірушілерді басқару әрі қаржыландырудың тұжы­рымдамалық мәселелерін қайта қарау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысы­ның саладағы тиімсіз баға белгілеу мен тұрақтандыру қорларының қызметіндегі тәсілдерді қайта қарау туралы тапсырмаларын іске асыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Бірақ бұл құралдар ресурстық мүмкіндіктердің барлығына қарамастан тиімді пайдаланылмай отырғанын айта кету керек. Баға мониторингі нәтижесін сыни тұрғыдан бағалауға және қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін нарықтық индикаторларды талдау қамтамасыз етіледі делінген.Жолдаудағы азық-түлік бағасының өсуіне байланысты тағы бір мәселе – халықтың табыс деңгейі. Қазақстан еңбекақысы төмен елдердің қатарына кіреді. Осыған байланысты азық-түлік себетін, түрлі өңірлер мен елдердің ең төменгі күнкөріс деңгейін салыстыруды жүргізу маңызды. Сондықтан да ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге дейін арттыру отбасылық бюджетке жүктемені азайтуға және азық-түлік шығындары шамамен 40%-ды құрайтын дамыған елдердің стандарттарына жақындатуға мүм­кіндік береді дегені жағымды пікір қалыптастырды деп ойлаймын. Осылайша республиканың азық-түлік жүйесі тұрақсыз жұмыс істейді және дамудың секіртпелігімен, отандық азық-түліктің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, бағаның өсуі, сұраныстың төмендеуі, инфрақұрылымның да­мымағандығы, мемлекеттік қол­даудың жеткіліксіздігі, реттеу тиім­ділігінің төмендігі байқалатыны айтылды. Қазақстанда аграрлық сектор негізін құрайтын азық-түлік жүйесінің жұмыс істеуін бағалау ескірген технологияларды пайдалану, шаруашылық жүргізудің өзгерген жағдайларына жедел бағытталып, бейімделудің мүмкін еместігі, өн­діріс процесінде маусымдық фактордың объек­тивті болуы, жекелеген ба­ғыттардың рентабельділігінің төмен болуы салдарынан қиынға соғады. Қазақстан экономикасын жаңа сапалы жағдайға көшіру жөніндегі мақсаттар инновациялық қызметті жандандырудың маңыздылығын айқындайды, бұл өз кезегінде өндіріс құрылымында іргелі өзгерістерді талап етеді. Сонымен қатар білім мен ақпаратты дамытудың негізі табиғи ресурстарды пайдалануға бағытталған даму векторын өзгерту қажет. Өнім өндіру трендтерін, халықтың көші-қонын, азық-түлік жүйесінің тепе-тең дамуын белгілеуді және бәсекелестікті арттыруды ескере отырып, азық-түлік орталықтарын орналастырудың ғылыми негізділігінің жеткіліксіздігі де азық-түлікке нарықтық бағаларды реттеу тетігінің қалыптасуы туралы айтуға мүмкіндік бермейді. Цифр­лық шешімдерді қолдану азық-түлік бағаларын реттеу үрдістерін оңтайландыруға мүмкіндік беріп, бірегей қасиеттерімен, байланыс­тарымен және құрылымымен сипатталатын көтерме-бөлшек сауда кешендерінің жүйесін құруға ықпал етеді деген ойдамыз.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

 

521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы