• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 18 Қыркүйек, 2021

Экономика пандемияға дейінгі деңгейге оралды

Үкіметтің кезекті жиынында қаңтар-тамыз айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, республикалық бюджеттің атқарылуына есеп берілді. Отырыста сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин аталған мәселелер бойынша түйін жасап, тиісті тапсырмалар берді.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанын айтты. Вирустың репродуктивті индексі – 0,87. Инфекциялық және реанимациялық төсек­тердің жүктемесі 35%-ға дейін төмендеді. Инфекциялық стационар ретінде жұмыс істеген 48 стационар коронавируссыз пациенттерді қабылдайтын стандартты бейіндік режимге көшірілді. Коронавирустың таралу қарқыны бойынша Түркістан облысы жасыл аймақта, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары сары аймақта орналасқан. Қалған 11 аймақ қызыл аймақта тұр. Қазіргі сәтте вакцинаның бірінші ком­понентін 7,1 млн жуық адам, екін­ші компонентін 6 млн адам алды.

Үкімет басшысы Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында вакцинамен қам­туды ұлғайту жөніндегі жұ­мысты күшейту қажет екеніне тоқталды. Басты міндет – қызыл аймақта орналасқан өңірлерде сырқаттанушылық деңгейін тұрақты төмендету. Бұл үшін санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарында тұрақты бақылауда болуы тиіс. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында санитарлық нормалардың сақталуын ерекше бақылауда ұстау қажет.

Бұдан соң отырыста еліміздің ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің ат­қарылуының нәтижелеріне назар аударылды. Экономика­ның дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев, Ұлттық банк төр­ағасы Е.Досаев, қаржы ми­нистрі Е.Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына қатысты жағдай туралы сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторының дамуы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Б.Атамқұлов пен энергетика министрі М.Мырзағалиев, агроөнеркәсіптік кешендегі ахуалға қатысты ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев баяндады. Үкімет басшысы Қазақстан экономикасының көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге жеткенін және сенімді қалпына келу серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті.

Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3% құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 5,8%-ға, сауда саласында 9,1%-ға, байланыс саласында 12,8%-ға, сондай-ақ құрылыста 11,4%-ға өсу қарқыны жалғасуда. Осы жылдың 8 айында елімізде 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға артық. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім фармацевтикалық өнім өн­діру көлемінің 40,8%-ға, машина жасаудың 23,9%-ға, мұнай өңдеудің 9,2%-ға, былғары бұйымдарын шығарудың 8,4%-ға, азық-түлік өнімдерін өндірудің 4,8%-ға және химия өнімдерінің 2,2%-ға ұлғаюымен байланысты. ОПЕК+ аясында мұнай өндіруге қойылған шектеулерді ескере отырып, тау-кен өндірісі секторындағы өсу қарқыны шектеулі (-1,4%) болып қалып отыр. Көрсетілетін қызметтер секторындағы өсу қарқыны қал­пына келіп жатыр және қазіргі уақытта саудадағы (+9,1%) және байланыстағы (+12,8%) жоғары динамика есебінен 2,3%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвес­тициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 18%-ды құрады. Бұл құрылыста (+150,1%), өңдеу өнеркәсібінде (+81,7%), ауыл шаруашылығында (+43,2%), саудада (+39,9%), ақпарат пен байланыста (+37,0%), жылжымайтын мүлік операцияларында (+16,2%) және көлік қызметтерінде (+9,0%) негізгі капиталға салын­ған инвестициялардың жоғары көр­сеткіштері есебінен орындалды. Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындылары бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамта­масыз етті. Батыс Қазақстан облысы ең төменгі көрсеткіштерге ие.

Қаржы министрі Е.Жамау­баев 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері қалай қалыптасқанын айтты. Мем­лекеттік бюджетке 7, 139 трлн теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 105,3%-ке атқарылды. Республикалық бюджетке 4,6 трлн теңге түсті немесе жоспар 100,7%-ке атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 30 млрд теңгеге асыра орындалған, оның ішінде салықтар – 17 млрд теңге. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, корпоративтік табыс салығына тиесілі болды.

Үкімет басшысы әкімдіктерге көрсеткіштердің төмендеуі мен баяулауы байқалатын экономика секторларында өсу қарқынын арттыруды, экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Мем­лекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге бағаны ұстап тұруды күшейту, Сауда және интеграция министрлігіне Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін іске асыруды нақты үйлестіру тапсырылды. «Барлық өңірлер әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – деді А. Мамин.

Селекторлық отырыста қозғал­ған тағы бір өзекті тақырып – өңірлердің алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы. Жылыту маусымына әзірлік бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тар туралы энергетика министрі М.Мырзағалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов, Қараған­ды облысының әкімі Ж.Қасым­бек, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақов баяндады. Қазіргі күні өңірлерде 10 мыңнан астам автономды қазандық немесе 99%-ы, 45,6 мыңнан астам тұрғын үй (94%) дайындалды. 3,8 мың км жылу желілері (96%), 13,6 мың км сумен жабдықтау желілері (99%) жөнделді. Жылыту маусымына 11,1 мыңнан астам (99%) білім беру объектілері және 5,7 мың (99%) денсаулық сақтау объектілері дайындалды. Көмір өндіруші компаниялар 68 млн тонна көмір өндірді. Тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін берешегі 14,4 млрд теңгені құрайды. Ең көп дебиторлық берешек Алматы қаласында – 2,88 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 2,56 млрд теңге, Шымкент қаласында – 2,47 млрд теңге және Қызылорда облысында – 1,55 млрд теңге. «Жалпы өңірлердің әкімдіктері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік сала объектілері мен жылу энергиясы көздерін жылыту маусымына дайындау бойынша жұмыс жүргізді. Өңірлерде жылыту маусымы жоспар бойынша  басталады», – деді А. Мамин.

Осы ретте Үкімет басшысы әкімдіктерге инженерлік же­лілерде, білім беру, денсаулық сақтау объектілері мен үйлерде жос­парланған жөндеу жұмыстары­ның бәрін белгіленген мерзімде аяқтауды, аса қысқа мерзімде жылыту маусымын өткізуге әзірлік паспорттарын алуды қамтамасыз етуді жүктеді. Премьер-министр барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуді, көмір тапшылығына жол бермеу үшін өңірлерде көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасасуды және коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік үшін әрі тұрғындарға отын жеткізуге ұдайы мониторинг жүргізуді тапсырды.

Бетті дайындаған –

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

326 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы