• Қаржы
  • 23 Қыркүйек, 2021

Жетісуға көптен күткен инвестиция келді

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

«Жетісу – жер жәннаты» деп атамыз қазақ бекер айтпаған. Табиғат жағдайы тіршілікке қолайлы, түрлі климаттық белдеулері бар ұланғайыр өңір Балқаштан Кетпен және Іле Алатауы жоталарына, Алакөлден Шу-Іле су айрығына дейін көсіліп, қанатын кеңге жайып жатыр. Географтардың есебіне салсақ, 60 миллион халқы бар Италия сияқты әлеуетті мемлекет еркін сиып кететін Жетісу ұлттың алтын ұясы іспетті. Ежелгі римдіктердің ұлтарақтай жеріндегі жүзімдік пен зәйтүн тікпелері ел қазынасын бүтіндеп отыр. Талдықорған облыс болып тұрған кездегі аймақ басшысы Сағынбек Тұрсыновтың жетекшілігімен жүргізілген экономикалық-географиялық зерт­теулер  шаруашылықты ұйымдастырудың ұтымды, заманауи үлгілеріне көшкен жағдайда іргелес елдер нарығын сапалы азық-түлікпен толық қамтамасыз ету, аграрлық кластердің ішкі жалпы өнімдегі үлесін еселеп өсіру мүмкін болатынын нақты мәлімет-деректермен дәйектеп еді.

Енді, міне, сөзден іске көшетін кез келген сияқты. Алматы облысында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру Іле ауданының «Береке» индустриалды аймағында «Fruit Art» жеміс-жидек экспорттау кластері инфрақұрылымының құрылысынан басталды. Кәсіпорын құрамында 15 мың тонна өнім сиятын, атмосферасы бақылаудағы жеміс қоймасы, тәулігіне 200 тонна шикізат өңдей алатын жеміс-жидекті тоңазыту-кептіру қондырғысы, сондай-ақ бір жылға арналған жылыжай кешені бар. 9 гектар алқапта жылына 1800 тонна құлпынай мен 900 тонна салат жапырақтарын өсіру жоспарланған бірінші кезеңдегі жалпы инвестиция көлемі 34 миллиард теңгені құрайды, оны пайдалануға беру алдағы жылға жоспарланған. Өнім өндіру мен өңдеу Еуроодақ пен АҚШ-тың инновациялық технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылмақ. Тұрақты 500 және маусымдық 7500 жұмыс орны ашылмақ. Жобаны іске асыру елдің алма  импортына тәуелділігін 5 пайызға, жидектер үшін толықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Ішкі нарыққа жеткізіліммен қатар компания өнімдері шетелге, оның ішінде Еуропалық одақ елдеріне экспортталады. Ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы жоғары жетістіктерімен танымал Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешен аймақ экономикасының көшбасшысы саналады. Облыс бүгінде ауыл шаруашылығы бойынша жалпы республикадағы өнім көлемінің 16 пайызын береді. Бұрындары атап өткеніміздей, мұнда өсімдік шаруашылығы белсенді түрде дамытылуда, қант өндірісі қалпына келтіріліп, кеңейтілуде, бағбаншылыққа және өнім өңдеуге баса көңіл бөлінген. Мұның өзі қосымша инвестиция тартып, тұрғындарға қосымша жұмыс орындарын беруде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытуда, әсіресе, сүтті мал шаруашылығы мен картоп өсіру шаруашылығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі іске қосылған. Қолға алынған шараларды іске асыру биылғы жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін шамамен 200 млрд теңгеге өсіруге жол ашады, яғни 1,3 есе өсімге қол жеткізіледі. Агрокешен әлеуетін толық көлемде пайдалану үшін етті-сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, қант қызылшасын  өсіру, май-тоң май, бағбаншылық, картоп өсіру, жылыжай және су шаруашылықтары жөнінде 9 басымдылық бағыты белгіленген өңірлік бағдарлама қабылданды. Алқаптарды әртараптандыру аясында қант қызылшасы, жүгері, мал азықтық дақылдар және көкөніс алқаптарының көлемі артты. Қант қызылшасының жалпы жиыны 32 пайызға өсіп, 440 мың тоннаны құрады. Жекелеген шаруашылықтар бір гектардан 700-800 центнерден жоғары өнім алуда, ал жалпы облыста орташа өнімділік 400 центнер болып отыр. Екі қант зауыты 42 мың тонна қант өндіреді деп жоспарланған, бұл ретте облыстың қантқа деген сұранысы 30 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта тағы екі қант зауытын іске қосу көзделіп отыр, бұл бағытта әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Қант өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған жоспарларына сай суармалы жерлердің кеңеюі есебінен қант қызылшасының егістік көлемі 53 мың гектарға дейін, яғни 3,3 есе ұлғайтылады. Суды үнемдейтін технологияларды қолдану жалпы өнімнің 3,6 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін өсуін қамтамасыз етпек. Жүгері өсіруде озық технологияны қолданудың арқасында соңғы 27 жылдағы рекордтық өнім алынып, оның көлемі 532 мың тоннаға жетті. Мәселен, Панфилов ауданының фермерлері тамшылатып суару әдісін қолдану нәтижесінде бір гектардан 120 центнерге дейін өнім алуда, бұл облыс бойынша орташа өнімділіктен 2 есе көп. Жаңғырту жұмыстарынан кейін Жаркент крахмал-сірне зауытының қуаты 10 мыңнан 135 мың тоннаға дейін артты, жүгеріні қалдықсыз өңдеу жүйесі жолға қойылып, өнімнің 27 түрі шығарылатын болды. Сонымен қатар интенсивті бақтардың аумағы бүгінде 2,4 мың гектарға жетті. 

Осы орайда облыс жаңа бағыт – өнеркәсіптік картоп өсіруді дамыта бастағанына тоқталып өткеніміз жөн. Кеген және Райымбек аудандарында картоптың элиталық сорттары егіліп, 21 бірлік техника сатып алынды, 2 сервистік-дайындық орталығы құрылды. Картоптың жалпы жиын-терінін 722 мыңнан 800 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған, бұл өз кезегінде іске қосу жоспарланып отырған, жылына 70 мың тонна картоп өңдейтін «Фарм фритц» зауытын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Соя, күнбағыс, уыт, крахмал өнімдерін сыртқа шығарудың артуы есебінен экспорт 37 пайызға өсті. Қытайға «Лепсі өнімдері» брендімен бал экспорттау жолға қойылды, ал «Грин Лэнд Алатау» кәсіпорнының жылыжай көкөністері Ресей нарығына жөнелтілуде. Агрокешен бағдарламасын жүзеге асыру ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен аграрлық саладағы өңделген тауарларды экспорттауды келесі жылға қарай 2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.

1418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы