• Қаржы
  • 23 Қыркүйек, 2021

Көрсеткіштер жақсарғанымен, тұрақты дамудың ауылы алыс

Ел экономикасының дамуы жақсара түскенімен, індетке дейінгі көрсеткіштерге жете қойған жоқпыз. Оның үстіне індетпен байланысты қауіп-қатерлер әлі де сақталып отыр. Мәселен, білім беру ісінің сапасы нашарлай түсуде. Бұл жастардың ертеңгі тағдырына өз зардабын тигізуі әбден мүмкін. Инфляцияның жаңа толқыны туындауы да жоққа шығарылмайды. Жалпы алғанда, індет лаңының салдарларымен ұзақ айқасуымызға тура келетін сияқты. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің Қазақстан экономикасына арналған «COVID-19  дағдарысының өзгерісті кезеңі» атты баяндамасында жан-жақты ашып көрсетілген.

ІСКЕРЛІК БЕЛСЕНДІЛІК БІРШАМА ЖАҚСАРҒАН

Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстан экономикасының 2020 жылдың екінші жартысынан қалпына келе бастағанын, ал 2021 жылдың бірінші тоқсанында мұндай үдерістің одан әрі жалғасын тапқанын атап көрсетеді.

Әйтсе де індетке дейінгі көр­сет­кіштерге әлі жете қойған жоқ, дейді олар. Бұл ретте жалпы әлемдік экономиканың жақсаруы қолайлы әсер еткенін де айта кету керек. Осының нәтижесінде қазақстандық экспорт құны 2020 жылдың 4-ші тоқсанымен салыстырғанда 2021 жылдың 1-ші тоқсанында шамамен 5,8%-ға артқан. Сонымен қатар мұнай өндіруге ОПЕК+ үлестемесі (квота) әлсірегесін және әлемдік сұраныс қалпына келгеннен соң, 2021 жылдың 1-ші тоқсанында мұнай өндірісі 6%-ға артты. Алайда, Дүниежүзілік банк сарапшылары бұл көрсеткішті 2020 жылдың 3-ші тоқсанымен салыстырып отыр, ал бұл рекордтық деңгейдегі төмен көрсеткіш болған еді (1-инфографика).

Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер ішкі экономикалық іс-қимылда, соның ішінде қызмет көрсету секторында да біршама жақсару барын айғақтап отыр. Бөлшек сауда мен көлік тасымалдары салаларындағы құлдырау біртіндеп саябырлаған. Құрылыс саласы орнықты өсім көрсетуде, соның ішінде зейнетақы қорланымдарын ішінара пайдалануға рұқсат беретін және тұрғын үйлік жылжымайтын мүлікке қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама оң ықпалын тигізді, делінген сарапшылардың баяндамасында.

Дегенмен, нақты ІЖӨ, 2020 жыл­ғыдан, 2021 жылдың 1-ші тоқсанында 1,5%-ға төмен болған.

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы 2021 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3,2%-ға өседі деп болжайды. Егер инфляцияны ауыздықтау мүмкін болса, өсім қарқыны арта түспек. Тұрғын үйлік жылжымайтын мүлікке инвестициялар салуды мемлекеттік қолдау шаралары ішінара көмектеседі. Олар басқа салаларға инвестициялардың  төмен деңгейінің орнын толтыруы тиіс.

БІЛІМ БЕРУ САПАСЫ НАШАРЛАЙ ТҮСТІ

Жағдайдың одан әрі нашарлау тәуекелі туындауы да ықтимал. Саладағы жағдайға жайсыз әсерін тигізетін факторлар арасында: COVID-19 індетінің жаңа толқынына байланысты шектеулер;  әлем бойынша қаржылық жағдайлардың қатаңдауына ұрындыратын инфляция өсімі; бюджеттік қолдауды қысқарту жағдайында ШОБ қаржылық жағдайының нашарлау мүмкіндігі. «Мұның бәрі өсу келешегіне жайсыз әсерін тигізуі мүмкін факторлар болып табылады. COVID-19 індетінің барысы, бәлкім, теңгерімге де, қалпына келтіруге де әсер ететін болады. Сондай-ақ экономика үшін ұзақ мерзімді залал-салдары орын алуы мүмкін. Бұлардың қайта қалпына келуі біркелкі емес күйде өрістейді – өнеркәсіп салалары, қызмет көрсету секторына қарағанда, тезірек қалыпқа келеді. Нақ осы сала халықтың басым бөлігін және індеттен көбірек зардап шеккен салаларды молырақ жұмыс орнымен қамтамасыз етеді», деп атап көрсетеді баяндама авторлары.

Бұдан басқа індеттен туындаған шектеулер білім беру сапасын жоғалтуға ұрындыруы мүмкін. Келешекте бұл бүгінгі студенттер мен мектеп оқушылары жалақыларының төмендеуіне әкеп соғуы бәлкім. Бұл, әсіресе, аз қамтылған әлеуметтік-экономикалық топтарға қатысты мәселе.

Көп нәрсе құрылымдық реформаға байланысты жүзеге аспақ. 2021 жылдың  бюджеті денсаулық сақтауға, білім беруге, инфрақұрылымға, шағын және орта бизнесті қолдауға және әлеуметтік көмекке ІЖӨ-нің 1,7% көлеміндегі қосымша шығындар қосылған ауқымында түзетілді. Жиынтық сұраныс пен экономиканы қайта қалпына келтіру серпінін қолдау үшін үкімет алдағы жылы бюджеттік тапшылықты күрт қысқартуға бармауы қажет. Жеке сектор мен білім беру мекемелерінің іс-қимылын қалпына келтіруді қолдау мақсатында, халықтың COVID-19 індетіне қарсы екпелер салуға ынтасыздығына көмектесуге қосымша күш-жігер жұмсау қажет, деп сендіреді авторлар.

КӨРСЕТКІШТЕР ӘЛІ ДЕ МАРДЫМСЫЗ

Жалпы алғанда, 2020 жылы Қазақстанның нақты ІЖӨ 2,6%-ға қысқарған. Қайта қалпына кеудің қазіргі қарқыны бірқалыпты емес. Соңғы ресми мәліметтер 2021 жылдың қаңтар-мамыр айы аралығында іскерлік белсенділік 1,6%-ға өскенін көрсетеді. Бұл ретте 2020 жылмен салыстырған­да биыл жеке тұтынудың бірін­ші тоқсандағы қысқаруы 1,2%-ға дейін азайған. Оның себебі, бөлшек сауданың көрсеткіштері әлі де болса төмен күйінде қалып отыр. Жаңағы аталған мерзімдегі кезеңде инвестициялар, басым көпшілігі тікелей шетелдік инвестициялардың күрт қысқаруы салдарынан, 9,6%-ға құлдырап кеткен (2-инфографика).

Өндіріске қатысты айтар болсақ, шектеу шараларының ең шарықтаған кезі – 2020 жылғы сәуір-маусым айларындағы үлкен құлдыраудан кейін, сауда және көлік қызметтері 2021 жылдың 1-тоқсанында қайта қалпына келе бастады. Бірақ өсім деңгейі өндірістің індетке дейінгі деңгейінен төмен күйінде қалып келді. Бұған қарағанда мемлекеттік қолдаудың айтарлықтай шаралары арқасында өнеркәсіптік өндіріс пен құрылыс салаларының өсуі одан әрі жалғасын тапқан, деп жазады сарапшылар.

РЕДАКЦИЯДАН: 

Айта кету керек, бұл Дүниежүзілік банк жариялаған 40 беттен астам баяндаманың бастапқы бөлігінде негізгі деп келтірілген біршама деректер ғана. Алдағы уақытта экономикамыздың басқа да салаларындағы көрсеткіштерге қатысты білікті сарапшылардың берген бағаларына тоқталатын боламыз. Мақаламызда пайдаланылған кестелердегі белгіленген реттік сандар да сол баяндамадан алған суреттер негізінде көрсетіліп отыр.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

 

1687 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы