• Бизнес & Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2021

Вакциналау қарқынды жүргізіліп келеді

Қазіргі таңда елімізде вирусқа шалдыққандар қатары азая бастаған сияқты. Түрлі шектеулерге тап болған қоғам қалыпты тыныс-тіршілігіне біртіндеп еніп келеді. Еліміздегі мектептер, іскерлік кездесулер мен түрлі жиындар онлайннан оффлайн форматына ауысып жатыр. Тіпті халық көп жиналатын тыйым салынған дәстүрлі іс-шараларға да рұқсат берілуде. Денсаулық сақтау министрі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғандығын, соңғы 2 аптада сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі 60 пайызға азайғанын айтып, бір қуантып тастады. Ол да вакциналаудан қашпай, «өзің үшін де, жақындарың үшін де қажет» деп ұрандатылған ұжымдық иммунитеттің қалыптасып келе жатқанынан хабар білдірсе керек.

Осы ретте бүгінгі біздің сұхбатымыз №8 қалалық емхананың бас дәрігері Фарида АҒЫБАЕВАМЕН вак­циналаудың барысы мен коронавирус инфекциясының таралуы жөнінде болмақ.

– Фарида Әбубәкірқызы, қа­зіргі таңда емханада КВИ-мен күресу шаралары қаншалықты іске асырылып жатыр? Елімізде осы жылдың басында алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе қауіптілік санатына жататын өздеріңіз сияқты медицина қызметкерлеріне жүргізілгені белгілі.

– Иә, бұдан екі жыл бұрын пайда болған аты жаман «ви­рус­ты» тоқтатуға қарсы емханада өткен жылдың наурыз айынан бастап КВИ-мен күресу үшін емдік-диаг­ностика­лық шаралар ұйымдастыры­лып үйлестіру және бақылау жөнінде жауапты қызметкерлер штабы құрылған болатын. Онда басқарма шешімде­рін қалып­тастыру және орындауды қамтамасыз етуде емхана штабының әрбір мүшесі­не нақты атқарылатын істері көрсетілген. Материалдық және материалдық емес ресурс­тарға сәйкес, есептеу­лермен емхананың COVID-19 эпиде­миясының жаңа толқы­нына дайындық жоспарын талдауда – SWOT бағдарламасы енгізіл­ді. Сонымен қатар негізгі және қосалқы процестерге қарсы дайындықты бағалауға арналған бақылау парақтары әзірленді. Ақпан айынан басталған қажетті екпені мекемеміздегі медицина қызметкерлерінің түгелі қа­былдады.

– Вирусты тежеуде бірден-бір тәсіл  – вакцина салдыру екенін мамандар дәлелдеп отыр. Халықтың тандау мүмкіндігін арттыру үшін ұсынылған вакцинаның 5 түрі бар. Оның қай-қайсысын алсақ та вирустан қорғануға негіз де жоқ емес.

– Жалпы вакцина салу коронавирус инфекциясының көбеюін тоқтатуға және қолайлы эпидемиология­лық жағдайды қалыптастыруға кө­мектеседі. Елімізде вирустың алдын алу мақсатында дүниежүзін­де алғашқы тіркеуден өткен ресейлік «Спутник V», артынша вакциналау процесіне отандық өндіріс – QazCovid-In препараты клиникалық сынақтардан өтіп қолданысқа енді. «Hayat-Vax» және «Коронавак» вакциналары жеткізілді. Вакцинаның кез келген штаммен жұмыс істейді, себебі вирус­тың құрылымы өзгермейтінін және вакцина, сөзсіз, иммунитетті қалыптастырады.

– Кезінде вакцина жасау ерікті түрде, тек адамның келісіміне сәй­кес жүргізіледі деп айтылса, сани­тар­лық-эпидемиологиялық ахуал­дың ауытқуына байланысты халыққа жаппай екпе салу індеттің алдын алады дейді мамандар. Бірақ қабылдаған екпеден кейін адам дене­сінде ауырсыну белгілері бай­қалып жататынына қатысты не айтасыз?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің мәліметінше, 111 елде анықталған Covid-тің жо­ғарыда аталған штамдары індеттің өршуіне себепші екендігі, ол корона­вирустың негізгі түріне айна­латын­дығы айтылған. Сол үшін індеттен құтылудың бір жолы екпе салдыру керектігін қазіргі күні мамандар ғана емес, қа­рапайым халыққа дейін ескеріп, өз денсаулықтарын жіті қадағалап, айналасына бей-жай қарамайтын жағдайға жеткен. Адам ағзасына қарай кейбір адамдар екпе ал­ғаннан кейін денесі қалтырап, қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздік, бас ауруы бар қысқа мерзімді тұмауға ұқсас белгілер болады. Сонымен қатар екпе салынған жердің ауырсынуы, ісіну сияқты жергілікті реакциялар пайда болуы мүмкін. Вакциналау алдында немесе екі компоненттің инъекциясы арасындағы аралықта коронавирусты жұқтыру қаупі де жоқ емес. КВИ-дің жедел және симптомсыз түрі бар адамдарға КВИ-ға қарсы вакцинация жасалмайды. Жұқпалы ауруы бар науқаспен, соның ішінде КВИ-мен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін екпе алуларына болады. Аталған жағдайға байланысты емханада ЖРВИ бар нау­қасқа арналған маршрут әзірленді. Сонымен қатар эпидемияның екінші толқыны кезеңінде медициналық тіркеушілерге қосымша алты адамнан тұратын Call-орталық, төтенше жағдайлар бөлімінде қосымша 3 негізгі командаға дейін фельдшер­лік топтар, оның ішінде 1 резервте, 2 авто­көлікпен қамтамасыз етілді. Қа­жет болған жағдайда, бірнеше арнайы тәжірибеден өткен мамандардан құрылған 2 мобильді медициналық топ, оның ішінде үй жағдайында аз инвазивті манипуляциялар мен зертханалық және аспаптық зерттеулер де қарастырылған, шақыртуларға барады. Емханада 3 вакциналау бөлмесі және 3 жылжымалы мобильді топ бар. Екпені жүргізуге рұқсаты бар 6 бригада, 36 медициналық қызметкер жұмылдырылған. Емханада егу egov.kz порталы мен реестр арқылы және жазылу арқылы, сондай-ақ кезек бойынша үзіліссіз, демалыс күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі. Әр егу бөлмесі вакциналарды сақтау мен тасымалдауда санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етілген. Осыдан бір-екі ай бұрын тәулігіне екі жүзден аса адамға екпе салынатын, қазіргі күні оның қарасы саябырланып келеді. Вакцина қабылдан­ған азаматтар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалынған. Бүгінгі таңда 36312 адам І компонентті, 32950 адам ІІ компонентті қабылдады. 18-25 жас аралығындағы егіл­гендер 7652 адам. Бүгінде қазақстан­дықтар коронавирусқа қарсы өз таңдаулары бойынша кез келген вакцинаға қол жеткізе алады. Емханамызда «Спутник V», QazCovid-in, Verro cell. вакцинасы жеткілікті.

– Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәліметтердің жоқтығынан 18 жасқа дейінгі балалар мен 65-тен асқан адамдарға жасалмайды деген еді. Қазіргі таңда 12 жастан асқан балаларға екпе жүргізу керектігі айтылуда.

– Аталған вакциналардың қай-қайсысы да 18 жасқа дейінгі балаларға егілмеген. Бірақ, соңғы уақытта балалар арасында үнділік және британдық штамдар таралып, вирусты жұқтыруына байланысты мемлекет Pfizer вакцинасын 12 жас­тан асқан балаларға салуды осы жылдың соңына дейін жеткізілу керектігін көздеп отыр. Жалпы вак­цинаның кез келген штамға қарсы тұруға қауқарлы, себебі вирустың құрылымы өзгермейді және вакци­на сөзсіз иммунитетті қалыптасты­рады. Бұл ауру ықтималдығының жоқтығына кепілдік бермейді, бірақ вакциналанған адамда коронавирус жеңіл түрде және асқынусыз өтеді. Өз басым, КВИ-ге қарсы вакци­наларды негізсіз сынамауға, ал халықты дәріге сенуге және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырар едім. Жеке бастың гигиеналық ережелерін қатаң сақтау керек, қолды жиі жуу, медициналық маскаларды қолдану, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, балаларды көп жиналатын жерлерге және үлкен ойын алаңдарына барудан шеттету қажет.

Алматы қаласы Қоғамдық ден­саулық басқармасы баспасөз қыз­метінің мәліметінше, бүгінгі күні оңтүстік астанада­ғы індеттің таралуы бойынша 470 симптомдық, 28 симптомсыз бел­гілері бар 498 жаңа жағдайы тір­келген. Қаладағы инфекциялық стацио­нарларда (5 230 төсек-орын) 2 300-ден аса адам (оның ішінде 212 бала) емделіп жатыр. Hiqh flow-да 68 аппарат үздіксіз жұмыс істейді. Алматыда бір тәулік ішінде І компонентті 2 417 адам, ІІ компонентті 3 906 адам екпе салдырған. Биылғы жылдың 1-ші ақпан 21-ші қыркүйек айлары аралығында қала бойынша екпенің І компонентін 933 6783 адам, ІІ компонентін 827 239 адам салдырған. Оның ішінде 117 036 адам – 60 жастан асқандар. Медициналық ұйымдарда, мәдениет және спорт нысандарында, базарлар мен қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында 160 екпе пункттері қамтамасыз етіліп, 237 вакциналау бригадасында 1 1 028 медицина қызметкері бар.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

 

1340 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы