• Цифрлы Қазақстан
  • 23 Қыркүйек, 2021

ҚАЗАҚСТАН 5G ДӘУІРІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ

Немесе 2023 жылы жаңа технология елімізде жаппай қолданылмақ

5G-мен бірге адамзат коммуникацияның жаңа дәуіріне қадам басып отыр. Бұл технология медицинадан бастап мұнай өндіруге дейінгі саланың бәрін дамытуға серпін беретін революциялық өзгеріске жол ашпақ.

Бесінші буын желісі әуелі заттар интернетін (Internet of Things, IoT), ақылды қалалар мен бизнеске арналған сервисті (В2В) дамытуға қажет.

– 5G дегеніміз – ақпарат беру­дің және оны өңдеудің ғажайып жылдамдығы. Бұл не деген сөз? Бұрын деректі белгілі бір қысқа уақыт режимінде өңдеу мүмкін болмаса, мысалы, қылмыскердің фотосуретін іздеу, машинаның қозғалысын бақылау және т.с.с. Өте жылдам 5G көмегімен бұл енді толық мүмкін болмақ, –  дейді Mobile Research Group сарапшысы Эльдар Муртазин.

5G келсе, сайт тез жүктеледі, Skype пен FaceTime-дегі сұхбат шынайы болады. 5G-дің дамуы әсіресе видео ойын әуесқойларына зор мүмкіндік береді. Кадрлар төрт есе (100-ден 25-ке дейін) және сегіз есе зор жылдамдықпен (40-қа қарсы бес миллисекунд) жүреді.

Жаңа желі видео негізіндегі жаңа қызметтерді дамытуға арналған. Мысалы, стадионда VR қосуға болады: футболшының немесе қарсы команда қақпашысының көзқарасымен алаңда не болып жатқанын нақты уа­қыт режимінде көре аласың. Ол үшін жанкүйерге VR көзілдірігін киіп алса, болды, өзін виртуалды жаттықтырушы сезіне алады. Қосымша сенсор, сым қажет емес, стадиондағы мол камера жеткілікті, олар 5G дерегін тікелей көзілдірікке жібереді.

5G дәстүрлі 3G, 4G-ге қарағанда аса жоғары радиожиілікті пайдаланады, 5G-де үлкен жиілік диапазоны бар (400 MHz-ге дейін).

Аквамәдениет бизнесі кеңінен дамыған Скандинавия елдерінде 5G көмегімен балықтарды бақылаудың пилоттық жобасы сәтті өтіпті: судағы балықтың ауруын желі анағұрлым ерте анықтауға мүмкіндік берген. 

GSMA (Әлем операторлары­ның бірлестігі) болжамы бойынша 2025 жылға қарай 5G технологиясына мобиль телефонияның әлемдік секторының 15 пайызы тиесілі болады дейді. Еуропа мен Қытайда бұл көрсеткіш 30 пайыз, ал АҚШ-та 50 пайыз болмақ.

2022 жылға қарай 5G желісіне қосылу орта есеппен 4G-ге қарағанда үш есе көп трафик туғызбақ (айына енді 8 Гб емес, 22 Гб болады).

Осы 5G секторына келесі жылдан бастап біздің ел де кіреді, ал 2023 жылы бүкіл Қазақстан толығымен қамтылмақ.

«Қазақстанда 5G-ге көшу 2022 жылға дейін кезең-кезеңімен жүр­гізіледі» деген болатын ҚР цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин. Үкімет жоспарына сәйкес, биыл үш ірі қалада 5G пилоттық жоба іске қосылмақ. Коммерциялық жобаны қосу келесі жылы бас­талады және құрылыстың екі жыл­дық кезеңінен кейін 5G технологиясы елімізде 2023 жылы кеңінен пайдалануға берілмек.

 

 

5G-ге қосылу үшін осы технологияны қолдайтын смартфондар қажет. Әзірге әлемде олардың саны аз әрі бағасы да өте қымбат.

Айта кету керек, 5G құрылғысына смартфон мен планшет ғана емес, ноутбук, адаптер, маршрутизатор, шлюз бен модем, дрон мен робот, теледидар мен камера, борт компьютері мен сауда автоматы, түрлі модуль және т.б. кіреді.

Бесінші буын желісі (5G) өзі­нің жұмысын өткен айда бізде де бас­тады, «Tele2 Қазақстан» операторы Алматыда 5G сайттарын іске қосты. Әзірге алматылықтар қаланың серуендеу орындарының бірінде – Панфилов көшесінде ғана қосыла алады. Алдыңғы буынмен салыстырғанда 5G шамамен 10 есе жылдам жұмыс істейді. Салыстыруға болады: Speedtest мәліметіне сәйкес, 2020 жылдың үшінші тоқсанында бүкіл әлем бойынша 5G желісінде жүктеудің орташа жылдамдығы (download) 207,39 Мбит/с болды, бұл 4G (29,66 Мбит/с) желісіне қарағанда 954% жоғары. 

«Tele2 Қазақстан» операторы енді «Медеу» таулы спорт кешенін­де бесінші буын технологиясы жабдықтарын орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Жақын күндері Tele2 өзінің абоненттеріне 5G технологиясында лимитсіз интернетті пайдалану мүмкіндігін бермек. Қазір сынақ аймағында секундына 1,2 Гб жылдамдық бар. Бұл – үлкен жылдамдық, – дейді «Tele2 Қазақ­стан» компаниясының бас директоры Сергей Коньков.

Мамандардың айтуынша, бесінші буын интернетіне қол жеткізу үшін Xiaomi және Huawei смартфонының арнаулы моделдері керек.

Huawei демекші, 2016 жылдан бері әлемде оның 150 000-нан астам базалық станциясы қойылған. Биылдың басынан бастап көп ел, соның ішінде Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Швейцария, Италия және Кувейт 5G желісін іске қосты,  олардың үштен екісі HUAWEI технологиясымен құрылған.

Ал Huawei Technologies ком­паниясының біздің елдің нары­ғында жүргеніне 14 жыл болыпты. Қазақстандағы қызметінде корпорацияның Huawei Carrier, Huawei Enterprise және Huawei Consumer атты үш тобы жұмыс істейді.

Мәселен, Huawei Consumer бизнес тобы тұтынушыларға ұялы телефон, планшет, фитнес білезік, смарт-сағат және модем сияқты соңғы құрылғысын ұсынады.

Ал Huawei Technologies цифрлы Қазақстан бағдарламасына белсенді қатысып отыр, өңірлерді байланыспен және кең жолақты интернетпен қамту бойынша 250-ден астам жоба әзірлеген. Жоспарында еліміздің жер-жерінде 1 000-нан астам станция қою бар.

– 2025 жылға қарай әлемде 40 млрд-тан астам ақылды құрылғы іске қосылады, ал пайдаланушының 90%-ында цифрлы көмекшілер болады, – дейді Huawei Technologies Kazakhstan басшысы Чжан Цинго.

Әлемді 5G-мен қамтуға екі супердержава таласып отыр: олар – Қытай мен АҚШ. Әлемдік телекоммуникация нарығының 75%-ын бес жетекші компания алып отыр, оның екеуі – қытайлық (Huawei және ZTE), екеуі – еуропалық (Nokia, Ericsson) және үшіншісі – америкалық Cisco. Осылардың ішінде Huawei-дің үлесі шамамен 30%. 

5G қызметінің басты тұтынушысы түрлі өндіріс пен кәсіпорын болмақ: өңдеу саласы және коммуналдық кәсіпорын (35%), қаржы қызметі секторы (29%), мемлекеттік қызмет секторы (16%), информатика, байланыс қызметі және сауда (14%), ауыл шаруашылығы және өндіруші өнеркәсіп (6%).

5G-ды келешекте ұшақты ұш­қышсыз басқару үшін қолдану жос­парда тұр.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

 

10976 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы