• Энергетика
  • 01 Қазан, 2021

Үнем үрдістері: Жаңғырту жобалары және тиімділік

Халықаралық энергетика агенттігінің деректеріне қарағанда, CoviD-19 пандемиясының салдарынан энергияға деген сұраныс сұрапыл өсіп, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бергі кезеңдегі ең жоғары мәнге жеткен.

Жаһанды жайлаған індетке қарсы төтенше жағдай жарияланып, төрткүл дүние есік-терезесін қымтап, бір-бірінен оқшауланған осы бір сындарлы уақыт  адамзат қоғамының дамуында энергия ресурстарының рөлі қаншалық  екенін анық көрсетті.

 

 

Сондықтан бүгінгі таңда энергия сыйымдылығын қысқарту, энергия тиімділігін арттыру және қуат үнемдеу қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуды қамтитын әлемдік экономиканың аса маңызды бағытына айналып отыр.

Елімізде 2025 жылға қарай эко­но­миканың энергия сыйым­дылығын 25%, ал 2050 жылға дейінгі кезеңде 50 пайызға төмен­дету міндеті алға қойылды. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында қазақстандық энергетика мен экономиканы жасылдандыру қажеттілігі атап көрсетілді.

Осы ретте Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистр­лігі биыл Дүниежүзілік банкпен бірлескен «Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы аяқталатынын хабарлады. Оның шеңберінде 96 әлеуметтік нысанды (мектептер, ауруханалар, балабақшалар) жаңғырту жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 83 нысан бойынша жаң­ғырту жұмыстары ойдағыдай аяқ­талған болса, қалған 13-інде энергия аудиті жүргізіліп, құры­лыс-монтаж жұ­мыстары бітуге таяп қалған.

Жобаның жалпы құны 21,7 млн АҚШ долларын, тауарлар мен жұ­мыс­тардағы жергілікті қамту үлесі 85 пайызды құрады. Жаңғырту барысында екі мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Жобаны іске асыру – жалпы энергия ресурстарының 20 пайыз үнемделуіне қол жеткізумен тиімді болды. Осынау оң нәти­желерді ескере отырып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жоба ауқымын кеңейту мәселесін қарастыруда.

Биыл аталған министрлік «Даму» қорымен бірлесіп, БҰҰ Даму бағдар­ламасымен ынты­мақтастық аясында 3 млн АҚШ доллары сомасы көле­мінде энергиялық тиімді жобаларды қаржылық қолдау тетігін іске қосады.

Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдар­ламасымен бірлескен жаңа жобаны бастауға дайындық жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Бұл – екінші деңгейдегі банк­тер­дің жабдықтарды жаңғырту жұ­мыс­тары үшін энергия сервистік ком­панияларға бере­тін несиелеріне кепілдік беруге бағытталған (қарыз сомасының 80%-на дейін) 3,5 млрд теңге сомасы кө­леміндегі грант (республикалық бюд­жеттен – 2,3 млрд теңге, БҰҰ ДБ – 1,2 млрд теңге). ИИДМ баспасөз қызметі хабарлағандай, кепілдендіру тетігін осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда он алты өңірлік энер­гия үнемдеу және энергия тиім­ді­лігін арттыру жоспары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ мен еншілес компанияларының энергия үнемдеу бағдарламасы іске асырылды.

Сондай-ақ энергия үнемдеу жүйесінің басты екі құралы – Мем­лекеттік энергетикалық тізілім және Энергия тиімділігі картасы жасалып, іске қосылды.

Қазіргі күнге дейін Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері 1,5 мыңнан астам энергия аудитін жүргізген. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жө­ніндегі іс-шараларға шамамен 300 миллиард теңге инвести­ция салынған болса, олар іске асы­рыл­ған алғашқы жылдың өзінде 78 миллиард теңге үнемделген. 

Энергия үнемдеу саясатының екінші маңызды құралы – Энергия тиімділігі картасы. Қазақстанда жеке энергия сервистік компания­ларды дамытуды ынталандыру міндетін жүзеге асырудың (Ұлт жоспарының 59-қадамы) және инвесторлар тар­тудың негізгі құралы болып табылатын бұл карта аясында қазіргі таңда 149 жоба, оның ішінде ЭСКО/МЖӘ тетігі арқылы 45 жоба іске асырылып жатыр.

Бүгінде еліміздің көптеген қа­ла­лары мен елді мекендерінде кө­ше­лерді жарықтандыру жүйелері ескірген. Тозығы жеткен осы желі­лерді жаңалап, жүйені жаңғырту мақсатында «Ақылды қалалар» құру жобасы қолға алынып, бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта 13 қала толығымен диодтыжарықтандыру жүйесіне ауыс­тырылды. Республикамыздың 87 қаласында көше жарығын жаңғыр­ту аясында 600 мыңнан астам жа­рық­диодты нүкте орнатылды.

Еліміздің жалпы ішкі өнімінің энергиясыйымдылық көрсеткіші күрт континенталды климат, о шеті мен бұ шетіне ұшқан құс қанаты талар жеріміздің кеңдігі, соған сай электр өткізу желілері мен мұнай-газ құбырларының ұзақтығы, арзан энергия ресурстары секілді бірқатар объективті себептерге байланысты жоғары болып тұр.

Жалпы энергия үнемдеу саясатын жоспарлы іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдағы тиімділігі мен энер­ге­тикалық орнықтылықты қам­тамасыз етудегі маңызы айтар­лықтай. Әрине, бұл өз кезегінде са­налы қарекетті, бизнес пен жалпы қоғамның күш-жігер біріктіруін талап етеді.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы