• Білім & Ғылым
  • 01 Қазан, 2021

Мұғалімдердің мәртебесі артты

Соңғы жылдары білім саласында атқарылып  жатқан істер көңіл қуантарлық. Осы ретте жан-жақты дамыған, дүние-танымы жоғары және  бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеудегі ұстаз  еңбегін бағалау, еліміздегі оқытушылардың мәртебесін көтеруде  қабылданып жатқан жүйелі шаралар жөнінде  дүйсенбі күні  Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифенгте  білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  атап өткен болатын. 

Министр Мемлекет басшы­сының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары  жөніндегі белгіленген тапсырмаларын бұдан әрі жалғастыру керектігін айтып, журналистердің білім саласына қатысты сұрақ­тарына жауап берді.

2020-2021 жаңа оқу жылын­да коронавирус пандемиясы жағдайына байланысты қашық­тан оқыту мәселесі өз дәре­жесінде ұйымдастырылмай, білім сапасының төмендеп кеткені  рас. Мұғалімдердің онлайн форматында жүргізілген сабақтарына қатысу үшін оқушылар мен  ата-аналар «WhatsApp»-тан бас алмады. Ал биылғы 2021-2022 жылдарға арналған жаңа оқу жылы пандемиядан кейінгі дәстүрлі форматта басталып, еліміздегі педагогтар үшін 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сыныптағылардың рекордтық санының артуымен күрделене түсті. Бұл ретте бас­тауыш сынып мұғалімдерінің тапшылығы бар ма және ЖОО практиканттары жұмысқа тартыла ма? Қандай аймақтарда және қанша педагог жетіспейді? деген журналистердің сауалдарына  жауап бере отырып, министр білім беру жүйесі үшін қазір оқушы орындары мен педагогтардың жетіспеушілік мәселелерін шешу маңызды екенін, бірақ ондай өткір тапшылық жоқ екенін атап өтті. Әдетте, ауылдық жерлерде мұғалімдер жетіспей жатады. Бірақ бұл ішінара ауыл мектептеріндегі бала санының аздығынан болып отырған жайт.

 

 

Ұлттық білім беру деректер база­сының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта педагогтерге деген қажеттілік 3 733 адамды құрайды екен, оның ішінде қалалық жерлерде – 1632, ауылдық жерлерде – 2101. Ең көп жүктемені Атырау, Алматы және Түркістан облыстарының мұғалім­дері бастан кешуде. «1000 мектеп­тің құрылысы инфрақұрылымдық мәсе­ле­лерді шешеді, ал жоғары оқу орындары жанындағы академиялық артықшылық орталығы білікті кадрлар тапшылығын тудырмауға мүмкіндік береді», деді А.Аймағам­бетов.

Сондай-ақ министрлік дайын­дық бағдарламасын жа­ңар­туда, педаго­гикалық маман­дыққа гранттарды көбейтіп, мәселені түйінін шешуді жүйелі қарастырып жатыр. Мектеп­тердегі практиканттарға қатысты министр қашықтан оқыту немесе кезекші сыныптар туралы сөз болғанда олардың қатысуы мүмкін екенін, көптеген мұғалімдер пандемия кезінде сырқаттанғандықтан ішінара көмек көрсетілгенін айтты. Алайда мектеп мұғалімдері жоғары оқу орнының практиканттарымен алмастырылмайды.

Журналистерді педагогикалық мамандықтарға жоғары оқу орнына түсу үшін шекті балды арттыру, мұғалімдердің жалақысы мен студенттердің стипендиясын өсіру мәселелері қызықтырды. Министр аталған бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, білім беру, оның ішінде педагогикалық білім сапасын арттыру бойынша жаңа әдіс-тәсілдер әзірленіп жатқандығына тоқталды. Мысалы, 2020 жылы дайындықтың педагогикалық бағыттарына түсу үшін шекті балл 60-тан 70-ке дейін, 2021 жылы 75-ке дейін көтерілді. Осыған қарамастан, аталған маман­дыққа бөлінген барлық гранттар игерілген. Байқау әлдеқайда көп болды. Егер өткен жылы конкурс бөлінген гранттар санына 14 мың адамды құраса, биыл ол 20 мыңнан астам адамды құрады. Келесі жылдан бастап қысқартылған оқу мерзіміне түсушілер үшін де шекті балды арттыру жоспарлануда. «Сонымен қатар егер бұрын педагогикалық мамандықтарға түсетін мектеп түлектерінің орташа балы шамамен 60 балды құраса, қазір Мемлекет басшысының қолдауымен «Педагог мәртебесі туралы» заңы­ның және қабылданып жатқан ке­шенді шаралардың арқасында орташа балл артып, 96 балды құрады. Мектептің үздік түлектерінің арасында ма­мандыққа қызығушылық артты»,— деді А.Аймағамбетов. Ми­нистрлік кадрлар­ды сапалы ірік­телуін қамтамасыз ете отырып, жоғары оқу орнына түсу кезінде талаптарды күшейтіп қана қоймай, түлектер мен студенттер үшін мо­тивациялық қолдауды да арттырып келеді. Коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың ықтимал өршуіне байланысты министр білім беру ұйымдарында жаңа 2021-2022 оқу жылы санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі (штаттық) форматта бас­талғанын атап өтті. Аурудың өршуі бай­қалмайды. 24 мыңға жуық бала әлі мектепке оралмаған, қашықтан білім алуда. Оқу жылының басынан бас­тап жағдайдың тұрақтылығын көріп, қашықтан оқуға шешім қабылдаған көптеген ата-аналар қазір мектепке оралу үшін өтініш жазып жатыр. Министрліктің мәліметінше, бүгінде оқушылар контингенті шамамен 3,6 млн баланы құрап отыр.

Министр мектеп мұғалімдерін санақ жүргізу жұмыстарына жұмыл­дыруға қа­тысты шағымдар туралы қойылған сұраққа, санақ жүргізу мен басқа да мәселелер мұғалімге тән емес жұмыс болғаннан кейін, ондай тапсырма беруге ешкімнің құқығы жоқ екенін айтты. Сондықтан бұл мәселеге қа­тысты расталатын фактілер болса, онда заң жүзінде тиісті жазасы бар. «Педагогтар мәртебесі туралы» заңға сәйкес, тиісті айыппұл ескерілген. «Педагогтарды өзіне тиеселі емес жұмыстарға тартқаны үшін біраз директорлар жұмысынан босатылды, біраз әріптестерімізге тиісті шара қолдандық. Егер осындай фактілер шын мәнінде орын алса, әрі олар расталып, бізге тиісті ақпарат келсе, онда қатаң шара қолданылады», – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, 2020 жылдың ақпан айында «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асыру үшін рес­публика­лық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн 282 млрд теңге (2020 жылы – 404 млрд теңге, 2021 жылы – 770 млрд теңге, 2022 жылы – 1 трлн 108 млрд теңге) бөлінген. Сонымен Мем­ле­кет басшысының биылғы Қазақ­стан халқына Жолдауында ұстаздардың мәртебесін көтеру және лауазым­дық еңбекақыны 25% арттыру керек­тігі айтылса, келер жылдағы жақсы жаңалық педагогтардың көбейтілген жалақысымен басталмақшы.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

 

4950 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы