• Аграрлық аймақ
  • 07 Қазан, 2021

Жетісуда интенсивті бақ өсіру қарқын алып келеді

Соңғы жылдары Алматы облысында бақ өсірудің интенсивті түрі қарқын ала бастады. Көптеген шаруашылықтар озық технологияларды игеріп, соның арқасында сапалы өнім алуда. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында 25 шаруашылық интенсивті бақ өсірумен айналысады. Аудандағы мұндай бақтың аумағы 2 мың гектардан асты. Соның нәтижесінде алма жинау көлемі 50 мың тоннаға дейін ұлғайып, өнімділік әр гектардан 84 центнерді құрап отыр.

Заманауи бақ өсірушілердің бірі – 500 гектарға тарта алқабы бар «Alma Mater Fields»ЖШС атауға болады. Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қысқа мерзім аралығында «Alma Mater Fields» ЖШС өз тәжірибесінде қарқынды бақ өсірудің тиімділігін көрсетті. Серіктестікке қарасты бақтар Ащысай, Таусүгір және Қызылшарық ауылдарында өсіріледі. Мәселен, Қызылшарық ауылындағы алма бағы 2017 жылы егілген. Онда «Гала», «Голден Делишес», «Гренни Смит», «Фуджи» және басқа да жоғары сортты шет елден әкелінген көшеттер тез жерсініпті. 126 гектар алқаптағы жас алма бағы арнайы тормен қапталған. Бұл тор ағаштардың жемісін құс­тардан сақтап, үсік шалмауы үшін бұршақтан қорғап тұратындығы тағы бар. Тіпті, күннің қатты ыстығынан  қорғайтын мүмкіндікке ие. Бақтағы алмалардың отырғызылғанына 3-4 жыл болған. Өткен жылы бақ өсірушілер әр гектардан 40 тоннаға жуық алма алды.

– Бір гектарда 4200 алма көшеті өсіп тұр. Олардың биіктігі 3,5 метрге жетеді. Жеміс ағаштарының аралығы 80 сантиметр. Бұл – интенсивті бақ­қа арналған сипаттаманың бірі. Ал ағаштар арасындағы аралық олардың нығайып, өсуіне мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан жер телімін үнемді пайдалану болса, екінші жағынан мол өнім алуға негіз бар, – дейді шаруашылық басқарушысы Рашид Атамбай.

Оның айтуынша, бақта тамшылатып суару технологиясы қол­данылады. Әр ағашқа күніне 12 литр су жұмсалады екен. Барлығы автоматты құрылғылармен жүйеленіп, оны бір ғана адам басқарады. Тағы үш адам суару құбырларының қоқысқа, топыраққа толып қалмауын қадағалап отырады.

Алма ағаштарға минералды тыңайтқыштар пайдаланылады, өйт­кені ол өз кезегінде зиянкестерден қор­ғауға ықпал етеді. Бұл жұмысқа Польшадан арнайы білім алған агроном Жұмаш Еркетан жауапты. Бақ өсірудегі озық технологияның ерек­шелігін меңгерген маман шетелдік әріптестерімен жиі тәжірибе алмасып, біліктілігін шың­дауда. Сөйтіп ол отандық бақ шаруа­шы­лығын дамытуға өз үлесін барынша қосып келеді. Күзгі жиын-терін жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 300-дей адам тартылыпты.

– Бақ өсіру шаруашылығы ауы­лымыздағы жұмыссыздарға сеп­тігін тигізіп отыр. Бұл жерде осы айдың ортасына дейін жұмыс істейміз. Мұнда әр адам күніне 800 келі алма жинауы керек. Айлық жалақы­мыз көңілімізден шығады, – дейді Қызылшарық аулының тұрғыны Жазира Қайнарбаева.

Өнім жинаумен мұнда жұмыс аяқ­талмайды, сондықтан шаруашы­лықта жыл бойы шамамен 80-дей адам жұмыс істейді.

–Тор жинаудың өзі біраз уақытты алады. Жеміс ағаштарының артық бұтақтарын қию да – маңызды іс. Мұндай жұмыстар көктемге дейін жалғасады. Сонымен бірге бақ ау­мағында екі жеміс-жидек қоймасы бар. Ондағы 18 камерада алманы қыс­қы және жазғы кезеңдерде сақ­тауға барлық мүмкіндік жасалған, – деді Р.Атамбаев. «Alma Mater Fields»ЖШС соңғы 4 жыл ішінде 490 гектар жерге интенсивті бақ ашып, сыйымдылығы 7200 тонналық 2 жеміс сақтайтын қойма салды, қуаты сағатына 1 мың литрлік тікелей сығымдау арқылы шырын шығаратын өндірісті іске қосты. Қазіргі кезде жаңа жеміс қоймасының жобасы дайындалып жатыр. Шаруашылықта 100-ден астам тұрақты жұмыс орны бар, сол сияқты 500-ден астам маусымдық жұмыс орны ашылған. Жобаның жалпы құны – 12 млрд. теңге.

Еңбекшіқазақ ауданында жеміс-жидек алқабы – 7321 га, шемішкелі-сүйекті дақылдар – 6828 га, соның ішінде алма бақтары – 6161 га, оның 2170 гектары – интенсивті бақ. Был­тырғы жылы аудандағы алманың жалпы жиыны 49,5 мың тонна болды, интенсивті бақтардың орташа өнімділігі – гектарына 84 центнер құрады. Алманың «Гала», «Фуджи», «Ред Делишес», «Голден Делишес», «Джонатон», «Гренни Смит», «Айдаред», «Джонаголд», «Джонапринц» және т.б. сорттары өсіріледі. Ауданда 35 мың тонна сыйымдылықты жеміс-жидек және көкөніс қоймасы бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Алматы облысында бақтар көлемі 23,7 мың гектарға жеткен, соның ішінде 2,8 мың га – интенсивті бақ. Өткен жылы өңірде қуарған бақ­тарды жаңарту есебінен 494,1 га жаңа бақ отырғызылды, оның арасында 257,6 га – шемішкелі, 211 гектары – интесивті бақ, 194 га дәнді жеміс, 1,5 га – жидек және 41 га – жүзім тал-шыбықтары бар.

Нұрлан ҚҰМАР

 

824 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы